• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Медицина 21 Маусым, 2019

Көңіл қуантатын көрсеткіштер көп

361 рет
көрсетілді

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов халыққа есеп беру кездесуін өткізіп, министрліктің 2018 жылы атқарған жұмыстары мен алға қойған міндеттеріне тоқталды.

Жиын барысында министр бірнеше күн бұрын Қазақстан дәрігерлері өздерінің кәсіби мерекесі – Медицина қыз­меткерлері күнін атап өткенін тілге тиек етті.

«Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев медицина қыз­мет­керлерін құттықтап, дәрі­герлердің еңбегі адамдарға белсенді қызметке, көбінесе өмірге оралуға мүмкіндік бере­тінін жеткізді. Соңғы 3 жылда елімізде негізгі медициналық-демографиялық көрсеткіштерді жақсартудың оң динамикасы байқалады. Олардың ішінде өмір сүру ұзақтығы 0, 85 жасқа ұлғайды, жалпы өлім 3 %-дан аса төмендеді, ана өлімі 9 %-ға төмендеді, нәресте өлімі 6,5%-ға азайды, туберкулезден болатын өлім 30 %-ға төмендеді. Жалпы, біздің 2018 жылдағы жұмыстарымыз Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаевтың жолдау­ларында берілген тапсыр­малар негізінде және Үкімет басшысының тапсырмалары бойынша атқарылды. Оның біріншісі, Әлеуметтік медициналық сақтандыру­ды енгізу бойынша дайындық жұмыстары. Сонымен қатар біздің саладағы медицина­лық көмектің қолжетімділігі және сапасын көтеру бойынша мә­се­лелерді шешу қолға алынды. Әрине біздің алдымызға қойған тағы бір мақсат – дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді жақсарту және денсаулық сақтау саласындағы цифрландыру жұмыстары. Бұл ең үлкен стратегиялық мақсат­тар деп айтуға болады. Бірінші бағыт бойынша жалпы халық­тың денсаулығын нығайтуға бағытталған арнайы шаралар енгі­зіл­ді. Елбасының тапсырмасына сәйкес қоғамдық денсаулықты басқару бойынша шаралар жос­пары қабылданып, мектеп оқушыларының денсаулығын қорғау жөніндегі жаңа стандарттар енгізілді. Толықтай алғанда, 12 миллионнан астам адам саламатты өмір салтын қалыптастыру шараларына тартылды. Вакцинация халықтың денсаулығын нығайтудағы маңызды шаралардың бірі саналады. Елімізде вакцинация алуға тиісті халықтың 97%-ына екпе жүргізілді. Бұл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысына сай келеді», деді Е.Біртанов.

Оның айтуынша, елімізде халықтың денсаулығын нығайту мақсатында ұлттық скринингтік бағдарлама жүргізіліп жатыр. Ол ересек тұрғындар мен балаларды жедел зерттеудің 7 түрін қамтиды. Биыл 7 мил­лион­нан астам адамды қамтитын 12 миллионнан астам тексеру жүргізілді. 304 мыңға жуық ауру анықталып, шамамен 260 мың адам есепке алынған.

Сонымен қатар министр ме­дициналық-санитариялық ал­­ғаш­қы көмектің сапасын жақ­сарту бойынша бірқатар жұ­мыс­ жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті.

«Медициналық-санитария­лық алғашқы көмекті дамыту бойынша шаралар жоспары қабылданды. Еліміз бо­йынша жалпы практикалық дәрі­гердің мыңнан астам, пе­диа­т­риялық дәрігерлердің 79 жаңа учаскесі ашылды. Дәрі­герге қаралуға және дәрігерді шақы­руға онлайн жазылу енгізілді. Осы­лайша, 2018 жылы жалпы практикадағы дәрігерлерге түсетін салмақ 5%-ға азайып, емханаларда кезекке түсу екі есеге азайды», деді Е.Біртанов.

Баяндама барысында министр Қазақстанда бұрын-соңды әлем елдерінде болмаған толықтай жасанды жүрек отасы 3 адамға жасалғанын жеткізді.

«Осы ретте, өткен үш жыл­дың ішін­де жоғары техно­логия­лық қыз­мет­тердің саны, соның ішінде бірегей операциялардың үлесі артып келеді», деді министр.

Оның айтуынша, еліміздің Ұлттық кардиохирургиялық орталықта өткен жылы жүрек трансплантациясы бойынша 8 ота жасалған.

Денсаулық саласына қатыс­ты осы және өзге де маңыз­ды мәселелерді қозғаған ведомство басшысы министрліктің қоғам­мен барынша ашық ақпарат алмасуды алға қойғанын атап өтті.

«Біз байланыс үшін ашық­пыз, Сіздер бізге барлық мүм­­кін байланыс арналары, әлеу­мет­тік желі арқылы хабарласа ала­сыздар, менің немесе орынбасарларымның жеке қа­был­дауына келуге мүмкін­дік­теріңіз бар. Біздің кездесу денсаулық сақтау саласының барлық аспектілері бойынша ашық және өзара маңызды пікір алмасуға жақсы мүмкіндік беретініне сенімдімін. Осы кездесуді пайдалана отырып, баршаңыздың дендеріңізге саулық, отбастарыңызға аман­дық тілеймін», деді Е.Біртанов.

Рауан ҚАЙДАР,

«Egemen Qazaqstan»