Театр балетмейстерлері Айгүл Тати мен Мукарам Авахридің «Ұлы дала мұрасы» бағдарламасында түрлі мәнердегі би өрнектері көрініс тапқан. Заманауи және ұлттық хореографияның үздік үлгілерінен өрілген билер шымкенттік көрермендерін ерекше күйге бөледі. Дивертисменттің әр нөмірі Ұлы даланың ғаламат уақиғаларын баяндады. Сонымен қатар көрермен қауым Нұр-Сұлтан қаласынан келген өнер ұжымының репертуарындағы неоклассикалық шығармаларды да тамашалады. Шақырылған хореограф Рикардо Амарантенің «Love Fear Loss» балеті француз әншісі Эдит Пиафтың ғажайып өмірінен нәр алып, оның музыкасы мен әндеріне негізделген.
Балеттегі әрбір дуэт махаббат майданындағы түрлі сезімдерді айшықтап, «A fuego lento» («Баяу жалын») – классикалық қимылдарды негізге ала отырып, бразилиялық самбо мен танго элементтерінен тамаша үйлесім шығара білді. Екі қойылым да зор қошеметпен қабылданып, бишілердің қайталанбас пластикалық әсем қимылдары зал толы жұртқа ұзақ қол соқтырды.
Шымкент