Осындайда дәуірлеп өткен Кеңес Одағы кезіндегі “іс тетігін кадрлар шешеді” деген тіркес еске түседі. Бірақ іс тетігін кадр болғанда да жан-жақты дайындығы мол мамандар шешетінін уақыт көрсетіп отыр. Жақсы маманның түп негізі жас ұрпаққа орта білім беруде, яғни мектеп қабырғасында жатыр.
Еліміз тәуелсіздігінің келуі тұтас бір дәуірдің өтіп, Қазақстан тарихында жаңа уақыттың келгенін паш етті. Ал жаңаның басталуы қашанда кедергісіз болмайды. Кеңес Одағының ыдырауына байланысты бұрынғы сыртқы байланыстардың үзілуі шикізат отаны болып келген еліміздің экономикасын құлдыратып жіберді. Нарықтың қылбұрауынан еліміз аса қиындықты сезінген 1997 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаев халыққа “Барлық қазақстандықтардың гүлденуі, қауіпсіздігі және тұрмысының жақсаруы” атты Жолдауын жолдаған еді. Осы құжатта Елбасы мемлекетімізді дамытудың 2030 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарын саралап берген болатын. Тарихи Жолдауды Президенттің өз аузынан тыңдау бақытына ие болған маған мұндай ұзақ мерзімге арналған жұмыстар орасан зор, тым ауқымды көрінген. Бірақ алға қойған мақсат айқындылығымен әр қазақстандықтың жүрегіне сенім ұялатты. Экономиканы жүргізу формасының ауысуына, яғни жоспарлы экономиканың орнына нарықтың келуіне байланысты тұралаудан енді бауырын көтеріп келе жатқан елдің сол Жолдау рухын көтерген, алға жігерлендірген. Міне, соның он жылында-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал, көреген саясатының кемелдігіне көзіміз жетті. Қазақстан сол тарихи құжатты қабылдағаннан кейінгі бас-аяғы оншақты жылдың ішінде бұрынғы Кеңес Одағы құрамында болған мемлекеттердің арасында көш бастады. Өйткені, көрегендікпен жоспарланған істің барлығы да тегеурінділікпен жүзеге асты. Соның арқасында Қазақстанды қазір әлем таныды, мойындады.
Енді Президенттің Жарлығымен Қазақстанды одан әрі дамытудың 2020 жылға арналған стратегиясы қабылданды. Онда алдағы он жылға арналған жоспарлар мен мақсаттар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” деп аталатын кезекті Жолдауында мейлінше көрініс тапты. Алдымыздағы он жылда Қазақстан дамудың жоғары сатысында болып, көшбасшылық тізгінді қолға алуы керек. Ол, әрине, мемлекеттің жан-жақты дамуымен, экономиканың нығайып, әлеуметтік тұрмыстың жақсаруымен және оған әр қазақстандықтың үлес қосуымен мүмкін болмақ. Осындайда дәуірлеп өткен Кеңес Одағы кезіндегі “іс тетігін кадрлар шешеді” деген тіркес еске түседі. Бірақ іс тетігін кадр болғанда да жан-жақты дайындығы мол мамандар шешетінін уақыт көрсетіп отыр. Жақсы маманның түп негізі жас ұрпаққа орта білім беруде, яғни мектеп қабырғасында жатыр. Бұл салада білім берудің 12 жылдық моделіне көшу маңызды факторға айналады. Уақыт талабына сәйкес жастарға техникалық білім берудің сапасын жақсарту қажеттігі білінуде. Жолдауда айтылғандай, Астанада ашылатын жаңа университет жоғары білім саласына серпіліс әкелмек. Халықаралық стандарттарды темірқазық етіп алатын дегдар білім ордасы инфокоммуникациялық, космостық технология, компьютерлік инжиниринг сияқты болашақта елдің даму тізгінін ұстайтын салаларға басымдық беретін болады.
Кадр мәселесі мемлекеттік қызметке де тікелей қатысты. Мемлекеттік қызметтің кәсіби деңгейін көтеру Елбасы айтқан мақсаттарға жетудің бір тұғыры десек артық айтқандық емес. Біз өмір сүріп отырған ХХІ ғасыр компьютер дәуірі болғандықтан, әр маман ақпараттық технологияны жақсы меңгеруі керек. Компьютерді пайдалануды жақсы білудің арқасында бұрынғы екі адам істейтін істі бір қызметкер атқаратындай оңтайлы ойластыратын да уақыт жетті. Мұнсыз жылдамдықпен сипатталып отырған өмір ағымынан қалып қоямыз. Себебі, мемлекеттік қызмет орнын резеңкедей соза берудің өзі халықтың маңдай терімен жиналатын бюджет қоржынына түсетін артық салмақ екені аян. Мысалы, 2000 жылы еліміздегі мемлекеттік қызметкерлердің саны 64 мың болса, ол бүгін 102 мыңға жеткен.
Елді әлемдегі мойны озық жұрттардың қатарына жеткізу үшін мемлекеттің, тәуелсіздіктің іргетасын мықтау керек. Мақсатқа жеткізер сара жолды көрсеткен маңызды құжатты халыққа түсіндіруді алдымен қолға алатын мемлекеттік қызметкерлер екені тағы белгілі. Халыққа қызметтің сапасы жақсарса, адамдардың мемлекетке деген сенімі артады. Ал халықтың өзіне деген сенімі мемлекеттің беделін күшейтеді. Негізі сенім түсінігінің астарында қалтқысыз қызмет, адалдық, қамқорлық, еңбек сияқты қоғамды гүлдендірудің кепілі боларлық тамаша ұғымдар жатыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында құқық қорғау жүйесін реформалау үшін атқарылатын жұмыстардың бағыттарын терең талдап айтып берді. Бұл реформа да мемлекеттік, яғни халыққа көрсетілер қызмет сапасын арттыру үшін қолға алынады. Жолдау халыққа жеткен күні “Нұр Отан” ХДП Саяси бюросында өткен мәжілісте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кадр туралы мәселені қадап айтты. Ондағы әңгіме желісі мемлекеттік қызметтегі кадрлардың кәсіби сапасын көтеруге, олардың әлеуетін тиімді пайдалануға, сол үшін оларды дұрыс орналастыруға келіп саяды. Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігі “Нұр Отан” партиясымен бірлесе отырып, өзінің әр қырынан біліктілігін көрсеткен қызметкерлерді лауазымды қызметке ұсынатын болады. Мемлекеттік деңгейдегі жұмыстар жергілікті жерлерден бастау алады. Кадр, маман да солай, өзінің қабілетін, білім қарымын, ішкі мәдениетін алдымен мемлекеттік қызметтің төменгі буынында жүріп көрсетеді. Еліміз өңірлерінің экономикалық, әлеуметтік, мәдени өмірін олар бес саусақтай біледі. Сондықтан білімі жетерлік, ұйымдастыру қабілеті мықты жас қызметкерлер мемлекет мүддесі шеңберіндегі талай игі істерді дөңгелентіп алып кетеді. Өздері атқарған жұмыстар арқылы олардың тәжірибесі де молая түседі.
Алдағы уақытта мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік партиямен кеңесе отырып, министрліктер мен ведомстволардағы іскер жас қызметкерлерді еліміздің әр аймағындағы аудан әкімінің орынбасарлары, әкім немесе басқа да лауазымды қызметке жіберіп, облыстардағы мемлекеттік қызметте істейтін тәжірибесі мол жігіттер мен қыздарды олардың орнына жіберуді ұйымдастырады. Мұндай ауыс-түйіс мемлекеттік қызметті дамытуға жаңа серпін берері және қызметкерлердің кәсіптік деңгейін де көтере түсері сөзсіз.
Қазір Қостанай облысында 6788 мемлекеттік қызметкер бар. Олардың арасында 5330 адам жоғары білімді, 18 қызметкердің ғылыми атағы бар. Өткен жылы біліктілікті көтеру және қайта даярлау облыстық-аймақтық орталығында 1040 адам оқып білімін жетілдірді.
Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгесін ана тіліміз мемлекеттік тіл болып жарияланды. Қызыл империя кезіндегі ұлттық саясаттың ақсауынан өгей баладай есіктен қарап қалған қазақ тілінің қолданыс аясы әлі көңілдегідей емес, әлі көп жұмысты, ізденістерді қажет етіп отыр. Мемлекеттік тіл қадамының ашылуына ықпал ететін де, тіл насихатшысы да мемлекеттік қызметкерлер болуы керек. Өйткені, мәслихаттар хатшылары, барлық деңгейдегі әкімдер, оның орынбасарлары, заң, құқық органдары, прокуратура өкілдері, қысқасы, халыққа қызмет ететін мемлекеттік мекемелердің барлығында іс қағаздары қазақ тілінде жүргізілумен қатар, қызметкерлер шынайылықпен қазақша сөйлесе, ол барлық қазақстандықтарға үлгі болар еді. Қостанай облысында іс қағаздарының қазақшаға көшкеніне екі жыл, бірақ әлі аударманың үлесі басым. Басшылар мен мамандар жазған бұйрықтарда, басқа да құжаттарда әріп қателері көп, түсініксіз, орашолақ құрылған, қойыртпақ сөйлемдер жиі кездеседі. Қазақ тіліндегі мәтінді амалсыз жаза салу, көшіре салу фактілерінен де көптеген басшылар арыла алмай отыр. Дегенмен, облыстағы тіл үйрену орталығында және аудандар мен қалаларда мемлекеттік қызметкерлер үшін қазақ тілін оқыту үздіксіз жүргізіліп келеді.
Бір қуанарлығы – соңғы жылдары мемлекеттік мекемелерге қазақ және орыс тілдерін бірдей білетін жастар келе бастады. Олардың арасында өзге ұлыстардың өкілдері де бар. Василий Смирнов қазақ тілін жақсы білуінің арқасында облыстық мәслихат аппаратына қызметке алынды. Қазір білікті мамандардың бірі. Ал Ольга Диденко қазақ тілін үйрену үшін Қостанай қаласындағы жап-жақсы жұмысын тастап, негізінен өзіміздің қазақ ағайындар тұратын Амангелді ауданындағы мектепке жасөспірімдер инспекторы болып орналасқанына екі жыл болды. Тілдік ортадан алыс кетпеу үшін Ольга былтыр жазғы каникулдың барлығын демалыс лагерінде балалармен бірге өткізді. Қазақша жүргізіп сөйлеп тұрған қыз өзінің болашағын мемлекеттік қызметпен байланыстыратынын жасырмайды. Сирек те болса кездесетін бұл жағдай қазақстандық патриотизмнің, мемлекеттік тілге деген құрметтің, сұраныстың да көрінісі деп білемін.
Ұлы бабамыз Әбу Насыр Әл-Фарабидің “Тәрбиесіз берген білім қауіпті” деген даналық сөзін мемлекеттік қызмет саласында да ұмытпауымыз керек. Қазынадан бөлінген қаржыға оқытып, білікті де білімдар еткен қызметкерлер халыққа қызмет көрсетуде адалдық танытпаса, мемлекет керуенінің жүгі ауады. Осы саладағы жұмыстардың барлығы да адалдық пен тазалыққа, адамгершілікке негізделгенде ғана еліміздегі демократиялық үрдістердің даму жолы адаспайды. Экономиканың нығаюы мен әлеуметтік мәселелердің уақтылы шешімін табуына көлденең тұратын кесапат – сыбайлас жемқорлықтың белең алуына себепкер болатын да немесе оған жол бермейтін де мемлекеттік қызметкер десе болады. Өйткені, мемлекеттік қызметкер Қазақстан Республикасының “Мемлекеттік қызмет туралы”, “Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы” заңдарын, Мемлекеттік қызметкердің ар-ождан кодексін сақтамағанда қоғамда сыбайлас жемқорлықты өршітетін қол ұшынан жалғасу, бармақбасты, көзқысты әрекеттер бас көтереді.
Өкінішке қарай, мемлекеттік қызметкерлер заң нормаларын біле тұра бұзатын жағдайлар көп. Тиісті органдар өткен жылы тексергенде Қостанай ауданында осы заңдардың 83 бұзылу фактісі тіркелген. Арқалық қаласында – 38, Алтынсарин ауданында – 53, Әулиекөл ауданында – 51, Таран ауданында 30 заң талаптарын сақтамаушылық анықталды.
Тәртіптік кеңес Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттікке берілген бес жыл ішінде шынайылық пен жариялылық қамтамасыз етілді. Тәртіптік кеңестің әр отырысында заң талаптарын бұзып, сыбайлас жемқорлыққа жағдай жасаған мемлекеттік қызметкерлердің мәселесі қаралады. Мұнда қандай, кімге қатысты мәселе қаралса да ол жергілікті, республикалық ақпарат құралдарынан бүгіп қалған кез жоқ. Жариялылық біз жүргізген жұмыстардың нәтижелі болуына ықпал етеді. Өткен жылы Тәртіптік кеңес отырысында қаралған мәселелер туралы электронды ақпарат құралдарынан 400-ге жуық материал көрермендер мен радиотыңдаушыларына жетті. Ал республикалық, облыстық, аудандық басылымдарда тәртіптік кеңес тезге салған мемлекеттік қызметкерлер мен сыбайластыққа қарсы жасалған жұмыстар туралы 165 мақала, хабарлар жарияланды. Былтыр құқық пен заңды қасақана бұзып, сонымен қатар, сыбайластыққа көпе-көрнеу жол берген жеті лауазым иесі тәртіптік кеңестің ұсынысымен қызметіне лайық емес деп танылып, орынтағын босатты. Бес лауазым иесіне қызметіне толық лайық еместігі ескертілді, 10 адамға қатаң сөгіс, 66 адамға сөгіс берілді. Тәртіптік жауапкершілікке тартылғандардың ішінде он адам саяси мемлекеттік қызметкер, біреуі аудан, тоғызы ауыл әкімі. Мұның өзі бір облыс төңірегі үшін аз сан емес. Бір ауданның тізгінін сеніп тапсырған адам мемлекет заңын да, ар заңын да аяққа таптап жатса, оның жұмысы туралы не айтуға болады? Аудан басшысының сол өңірдегі шаруашылықтың дамуы мен адамдардың әлеуметтік-мәдени хал-ахуалына жауапкершілік алуы өз алдына, әкім республика Президентінің тапсырмаларын тікелей орындауға тиісті тұлға емес пе? Ауыл әкімдерінің жауапкершілігі де мұнан кем емес.
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың алдағы он жылға стратегиялық бағыттар берген биылғы Жолдауындағы құқық қорғау жүйесіне қойылған талаптың барлығы да бір бұл сала емес, жалпы еліміздегі мемлекеттік қызметтің сапасын көтеру керектігінен туған шара деп түсінеміз. Сондықтан мемлекеттік қызметкер жауапкершілік жүгін сезінуі қажет. Бұл жауапкершіліктің артында халық сенімі бар.
Әбдімәш МӘМЕШОВ, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігі Қостанай облыстық басқармасының бастығы – тәртіптік кеңес төрағасы. Қостанай.