Жұма, 1 ақпан 2013 7:59
Мемлекет басшысының елімізді одан әрі көркейту мен халқымыздың жағдайын жақсарту жолындағы алға қойған тапсырмаларын орындау үшін құқық қорғау органдарының қызметінің сапасы мен тиімділігі ауадай қажет. Бұл орайда Президент құқық қорғау органдарының басшы құрамымен өткізген кеңесте тұрақтылық пен ұлттық қауіпсіздік – жаңа саяси бағытты іске асырудың негізгі шарты, сондықтан оның басымдығын айтып жату артық, деді.
Жұма, 1 ақпан 2013 7:59
Мемлекет басшысының елімізді одан әрі көркейту мен халқымыздың жағдайын жақсарту жолындағы алға қойған тапсырмаларын орындау үшін құқық қорғау органдарының қызметінің сапасы мен тиімділігі ауадай қажет. Бұл орайда Президент құқық қорғау органдарының басшы құрамымен өткізген кеңесте тұрақтылық пен ұлттық қауіпсіздік – жаңа саяси бағытты іске асырудың негізгі шарты, сондықтан оның басымдығын айтып жату артық, деді. Ендеше, былтыр ғана басшылығынан бастап қатардағы қызметкерлеріне дейін кезектен тыс аттестаттаудан өтіп, лайықтылар қатарынан табылған құқық қорғау қызметкерлеріне халық енді үлкен сенім артады. Құқымыз талапқа сай қорғалып, заң қатаң орындалады деп үміт артады. Міне, осы үміт ақталу үшін Елбасы құқық қорғау қызметін жетілдіру бойынша бірқатар міндеттер жүктеді. Соның ішінде қылмыстық істер бойынша сот өндірісін реформалау, кез келген ұсақ құқық бұзушылықтарды толық тіркеуге қол жеткізу, Шекара қызметі жеке құрамын кезектен тыс аттестаттаудан өткізу, кеден органдары қызметінің тиімділігін арттыру, қауіпсіздіктің заманауи озық зияткерлік жүйесін енгізу, азаматтар мен құқық қорғау органдарының ынтымақтастығын дамытуды және т.б. міндеттерді тапсырды. Осыған байланысты еліміздің барлық саласында ең алдымен адамдардың ғана басты мүддесін жақтайтын заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуды көздейтін құқық қорғау органдары алдына қойған Елбасы тапсырмаларына орай жұртшылықтың қолдау білдірген пікірлерін ұсынып отырмыз.
КАДР САЯСАТЫНА – ЖАҢА КӨЗҚАРАС
Өткен сәрсенбінің сәтті күні Ақордада өткізілген кеңесте Елбасы құқық қорғау органдарының алдына жаңа міндеттер қойды. Бұл міндеттер барынша нақты, барынша тұжырымды айтылған. Әйтсе де Мемлекет басшысы аталған міндеттерді тек құқық қорғау саласында қызмет атқаратындар қатарымен шектемей, оған жалпыхалықтық сипат беруді қажет деп санайды. Бұл үрдіс барша қазақстандықтардың ойынан шығатыны анық. Елбасы айтып өткендей, азаматтармен бірлескен жұмыстардың түрлі тәсілдері мен әдістерін дамыту – бүгінгі күннің басты талаптарының бірі.
Иә, бұған дейін де еліміздегі құқық қорғау ұйымдарының жанында қоғамдық негіздегі кеңестер құрылғаны белгілі. Алайда, аталған қоғамдық құрылымдар толық қайтарыммен жұмыс істеп келді деп айтуға да ауыз бара бермейді. Ендігі жерде оның жұмысына тың серпін мен жүйелі көзқарас қажеттігі туып отыр. Бұл тұрғыда еліміздегі құқық қорғау органдары ардагерлері мен жалпы жұртшылық мұндай қоғамдық кеңестердің қызметі мазмұнды да нәтижелі болуына өз үлестерін қоса алады деген ойдамын.
Екіншіден, бізді, Мемлекет басшысының аталған органдарда кадр саясатына қатысты жаңа тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі тың ойлары да тәнті етті. Қарап, байқап, салыстырмалы талдаулар жасап, бүгінгі күн биігінен көз жүгіртсек, инновациялық технологиялар тек өндіріске ғана емес, сонымен бірге, құқық қорғау саласына да қажет екен. Елімізде іске асырылатын жаңа кадр саясатының басты бір ерекшелігі де осында болса керек. Әрине, бұл, сайып келгенде, әлемдік үздік стандарттарға сәйкес қызмет атқару деген сөз.
Өткен жылы құқық қорғау органдары қызметкерлерін аттестаттау жүргізілгені мәлім. Кейде тұңғыш рет өмірге қадам басқан істің кейбір әттегенайлары мен әлсіз, босаң тұстары да орын алып қалатыны табиғи құбылыс. Осы орайды кеңесте аталған аттестаттау жүйесін одан әрі жетілдіру, әрі оны әр жыл сайын өткізуді дәстүрге айналдыру шаралары белгіленуі де өте орынды деп есептейміз.
Тұжырымдап айтқанда, Елбасы қойып отырған міндеттердің тактикалық қана емес, сонымен бірге, үлкен стратегиялық маңызы бар. Ендеше, оны дер уақытында бұлжытпай орындау – парыз.
Жеңіс ҚАПЕЗОВ,
Қазақстан Республикасы прокуратурасының
құрметті қызметкері.
ОРАЛ.