• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қазақстан 24 Маусым, 2019

«Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиыны аяқталды

1035 рет
көрсетілді

Қарағанды облысындағы «Спасск» оқу орталығының полигонында осымен бесінші рет жалау көтерген «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиыны өз жұмысын аяқтады.

Жиынның салтанатты жабылуына Қорғаныс министрлігі мен Қарағанды облысы әкімдігінің басшылығы, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагерлері және арнайы шақырылған қонақтар қатысты.

Еліміздің түпкір-түкпірінен 600-ден астам жас патриоттар қатысқан жиынның қорытындысында жүлделі орын иегерлері анықталды. Республикалық «Жас ұлан» және мамандандырылған лицейлер арасындағы сында Семей қаласының «Жас ұлан» мектеп-интернатының командасы үздік шықты. Екінші жүлдені астанамыздағы С.Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» мектеп-интернаты иеленсе, үшінші орынды Шымкенттен келген С.Рахымов атындағы «Жас ұлан» мектеп-интернаты қанағат етті.

Қарулы Күштердің әскери-патриоттық клубтары мен басқа да әскери құрылымдар арасындағы жарыста «Шығыс» әскери-патриоттық клубына («Шығыс» өңірлік қолбасшылығы) тең келер қарсылас табылмады. «Сағадат» әскери-патриоттық клубы (Тыл және қарулану бастығы басқармасы) екінші жүлдеге лайықты деп танылса, әскери полиция бас басқармасының «Жас ұлан» әскери-патриоттық клубы үшінші орынға ие болды.

Өңірлердегі әскери-патриоттық клубтар арасында Батыс Қазақстан облысынан қатысқан «Жігер» командасы бірінші орынды жеңіп алды. Шығысқазақстандық «Жас қыран» клубы екінші болса, Ақмола облысының «Айбын» ұжымы үшінші жүлдені місе тұтты.

Ал Семейдің «Жас ұлан» әскери-патриоттық клубы гран-при иегері атанды.

Жалпыкомандалық және жекелей сында жеңімпазпаз болған, жүлдегер атанған жас патриоттардың барлығына грамоталар мен медальдар, кубоктар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.

Еске салсақ, маусым айының 17-22 күндері аралығында Қарағанды облысындағы «Спасск» оқу орталығының полигонында «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиыны өткен болатын. Шараға Қазақстан Республикасының Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, сондай-ақ, Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев, Парламент депутаттары, Қарағанды облысы әкімдігінің басшылығы, Қарулы Күштердің ардагерлері қатысты.