Министрдің айтуынша, еліміздегі криминогендік жағдай өткен жылдардағыдан еш өзгеріссіз – тұрақты. Е.Тұрғымбаев бұл тұрақтылықты нақты цифрлармен өлшеп берді. Жыл басынан бері қылмыс саны 9 пайызға оның ішінде, аса ауыр қылмыс – 7,7 пайызға, ауырлығы орташа қылмыс – 12,4 пайызға және ауыр емес қылмыс саны 4,7 пайызға азайған.Кісі өлтіру, қарақшылық шабуыл, тонау, ұрлық, бұзақылықтар да төмендеген. Сонымен қатар жасөспірімдер тарапынан, мас күйінде жасалған және атыс қаруын қолданған қылмыстардың саны да қысқарған.
– Биылғы жыл министрлік үшін – ерекше жыл. Елбасы мен Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біз саланы жаңғырту бағыттарында біршама жұмыс жүргізіп жатырмыз, – деді Е.Тұрғымбаев.
Министрдің пікірінше, біріншіден, саланы жаңғырту қоғаммен өзара іс-қимылды жақсартудан, полиция қызметінің ашықтығы мен айқындылығын қамтамасыз етуден, сервистік үлгіге көшуден құралады.
Сала басшысы полиция департаменттерінің басшыларына халыққа етене жақын болуды да бұйырған. Енді полицияның жоғары шенділері тұрғындармен көшелерде, алаңдарда кездесу өткізулері тиіс.
Е.Тұрғымбаев халыққа есеп беру барысында биыл ұрлықтың 12 пайызға азайғанын айтты. Алайда, басқа қылмысқа қарағанда ұрлықтың үлесі әлі де басым – 65 пайыз. Оның ішінде қалта ұрлығы, автокөліктер мен ұялы телефон ұрлығының көрсеткіші жоғары.
Есеп беру жиынының барысында министр жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жаз айларында суға кетудің алдын алу, қылмыстық атқару жүйесін цифрландыру, ІІМ органдарын оңтайландыру, ведомствоға қарасты оқу орындарын жетілдіруге байланысты жаңашылдықтарды жария етті.
– Елбасының тапсырмасы негізінде ішкі істер органдарын 2019-2021 жылдары жаңғырту бойынша Жол картасы әзірленіп, алғашқы кезеңде біршама құрылым таратылды. Оның ішінде, 105 бөлімшесі таратылып, органдар мен құрылымдық бөлімшелер саны 10 мың бірлікке қысқарды. Артық деп танылған басқарушылық бөлімдер қысқартылып, 1180 басшылық лауазым жойылды. Осы өзгерістердің артынша 100 мың халыққа есептегенде полиция қызметкерлерінің саны 471-ден 393-ке азайды. Оңтайландырудан түскен қаражат патрульдік полиция қызметкерлерінің айлығын 65 пайызға, жедел уәкілдер мен тергеушілердің айлығын 55 пайызға, учаскелік полицейлер мен ЖОО мұғалімдерінің айлығын 25 пайызға, өзге де қызметкерлердің айлығын 20 пайызға арттыруға жұмсалады, – деді Е.Тұрғымбаев.
Өткен жұма күні Ішкі істер министрі халыққа есеп беру кездесуінің қорытындысы бойынша Орталық коммуникациялар қызметі ұйымдастырған брифингте осы іс-шараның қорытындыларын жариялап, журналистердің сауалдарына жауап берді.