Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Арыс қаласында тікелей эфирде өткен баспасөз брифингінде айтты.
«Арыста 45 мың тұрғын бар. Жарылыстардың көлемін, масштабын көрген соң, түгел қаланы эвакуациялау туралы шешім қабылдадық. Тездетіп құлақтандыру құралдары іске қосылды. Автобустар әкелініп, қаладан тұрғындарды тез арада қауіпсіз өңірге шығаруға әрекет жасалды. Қазіргі уақытта Арыста әр сағат сайын көшелерді аралап, арнайы көліктік колонналар жіберіп, тұрғындардың барлығын шығарып жатырмыз. Көпшілігі қаладан шықты деп айтуға болады. Енді полициямен және әскерилермен бірігіп, қаланың ішін патрульдеуге кірістік. Қаланың шеттерін қоршап, блок посттар орнаттық», деді әкім.
Оның айтуынша, халық желдің бағытына қарай эвакуацияланған. Оларды орналастыратын 3 нүкте белгіленді.
«Арыста ешкім қалмады деуге болады. Сағат сайын қала ішін тексеріп жүрміз. Жертөледе тығылып отырған адамдар болса, қала аумағынан шығаруға тырысамыз», деді Ө. Шөкеев.