Алқалы жиынға Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары, облыстар әкімдіктерінің, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдар, ІТ-компаниялар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Алдымен Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев сөз алып, бұл семинар-кеңес мемлекеттік органдардың ашықтығына және билік пен қоғам арасындағы диалогты нығайтуға арналғанын айтты. Министр жақында өткен Азаматтық форумда еліміздің Тұңғыш Президенті халықпен кері байланыс орнатудың жаңа форматтарын іздестіруді тапсырғанын еске салып, бұл бағытта тиімді жұмыс істеу үшін білікті сарапшыларды, азаматтық қоғам мен БАҚ өкілдерін барынша жұмылдыру керектігін атап өтті.
– Кері байланысты күшейтуде біз бағдарлайтын үш постулат – барынша қамту, ашықтық және жедел әрекет ету. Бүгінде еліміздің өңірлерінде осы бағытта нәтижелі жұмыстар атқарылып, оң тәжірибелер жинақталды. Бұл ретте open akimat, Ikomek, «Халықтық бақылау» және тағы бірқатар жобаны атауға болады. Бұларды іске асыруға халықтың жаппай гаджет қолдануы, интернет аясының кеңеюі, барлық салалардың цифрлануы септігін тигізді. Қазір әрбір облыс әкімдігінің әлеуметтік желілерде парақшалары бар, онда адамдар өздерінің талап-тілектерін қалдырады. Әрине, ашықтық пен жеделдіктің әр аймақта көрсеткіші әртүрлі, дегенмен барлық өңір осы жұмыстың маңыздылығын түсініп, оның тиімділігін арттыруды көздейді. Жалпы, мұндай тәжірибе әлеуметтік шиеленісті өршітпеуге әжептәуір ықпал ететінін мойындамасқа лажың жоқ. Сондықтан бұл жиынның сессияларының бірін ІТ-технологияларды қолдану тақырыбына арнадық, – деді Д.Абаев.
Бұған қоса министр ақпаратқа қолжетімділік туралы заңды іске асыру туралы сөз қозғады. Оның айтуынша, бұл тек мемлекеттік органдар мен компанияларды ғана емес, бюджет қаражатын алатын барлық квазимемлекеттік сектор мен жеке ұйымдарды қамтиды. Сондай-ақ БАҚ туралы заңда алғаш рет баспасөз хатшыларының мәртебесі көрсетіліпті және олардың деңгейін департамент директорына дейін көтеру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр екен.
Республикалық семинар-кеңес 4 бағыт бойынша панельдік сессияларға бөлінді. Оның алғашқысы «БАҚ халықтан кері байланыс алу арнасы ретінде» деп аталды. Бұл бөлімнің модераторы «Internews Kazahstan» ұйымының заңгері Ольга Диденко болды. Ол сөз бостандығы жайында жан-жақты пікірін білдіріп, ақпарат еркіндігі туралы заң қабылдаған елдердің қатары жыл сайын артқанын нақты деректермен көрсетті. Заңгер бүгінде әлем халқының тең жартысы интернет пайдаланатынына тоқталып, соған сәйкес медиа-контентке қолжетімділік те кеңейгенін айтты.
Ал Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчиди еліміздегі ең үлкен құқық қорғау органында үлкен реформа жүріп жатқанын, соның ішінде қоғаммен, БАҚ-пен байланысты нығайтатын жаңа форматтар қарастырылып жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, бұрын өзара қарым-қатынас тек баспасөз хатшыларының мәлімдемесімен шектелсе, бүгінде басшылардың өздері кабинеттерінен шығып, халықпен бетпе-бет кездесіп жатыр. Соның бір көрінісі – «Жолда қабылдау» акциясы. Осы іс-шара арқылы азаматтар айыппұлдарға, жүргізуші құқына, көші-қон заңнамасына қатысты сұрақтарын қойып, оған тұшымды жауап ала алған. Жалпы жылына 17 млн мемлекеттік қызмет көрсетіліпті. Сондай-ақ министрліктің аккаунтына 650 мың адам жазылған екен.
Сонымен қатар «Оңтүстік астана» ТРК» АҚ бас директоры Болат Қальянбеков күніне интернетке халықтың 67%-ы кірсе, 72%-ы теледидар қарайтынын атап, мұнымен әлеуметтік желілермен салыстырғанда БАҚ әлі де әлеуетті екенін мәлімдеді. Сөйтіп өздері қолға алған «Әкіммен ашық әңгіме» жобасы сәтті болғанын, халықпен байланысты күшейткенін айтып берді. Мәселен, осы жобаға жергілікті жұрт ерекше ықылас танытып, телеарна сайты және WhatsApp желісі арқылы әкімге мазалаған сұрақтарын тікелей жолдаған. Нәтижесінде телеарнаның рейтингі жоғарылап, сайтына кірген адамдардың саны да күрт өсіпті.
Сондай-ақ бұл келелі кеңестің екінші сессиясы ЖАО-ның азаматтармен өзара іс-қимыл құралдарын қалыптастыру кезінде ерекше қажеттілігі бар адамдардың мұқтаждықтарын ескеруге арналды. Ал үшінші бөлімінде кері байланыста заманауи ақпараттық технологияларды қолдану жөні талқыланса, соңынан мемлекеттік қызмет көрсетулерді жетілдіру тетіктері егжей-тегжейлі баяндалды.