• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Сұхбат 26 Маусым, 2019

Теңіз астында тарихи қазына жатыр

1690 рет
көрсетілді

Каспий аймағында орналасқан елдерге тиесілі су асты мұралары әлемде құпиясын ашпаған таңғажайыптар қоймасы. Алматыда ЮНЕСКО-ның Каспий аймағындағы елдердің су асты мәдени мұраларын қорғау жөніндегі алғашқы өңірлік кездесуге қатысқан мамандар осылай деп отыр.

Жапония, Аустрия Түркия, Қытай су асты мұралары архео­логиясы жағынан көш басында тұрса, Ресейде бұл мәселе енді қолға алына бастапты. Осы жиында сөз сөйлеген Париждегі Сарбонна-1 пантеонының өкі­лі Артуро Рэй Сильва мырза ЮНЕСКО-ның Каспий айма­ғындағы елдердің су асты мә­де­ни мұраларын зерттеуге тех­ни­калық жағынан көмек көрсететін конвенциясы бар екенін, оған Қазақстанның да қол қойғанын еске түсіріп өтті. Осы бағдарлама шеңберінде зерттеу жұмыстарын жүргізген елдер бұл саланы туризм көзіне айналдырып үлгіргенін жиынға қатысқан спикерлердің сөзінен білдік.

ЮНЕСКО Су асты мәде­ни мұраларын қорғау кон­вен­циясының маманы Чи­хиро Нишикава Каспий айма­ғын­да орналасқан елдерге тие­сілі су асты мұралары әлем­де құпиясын ашпаған таңға­жа­йыптар қоймасы екенін тілге тиек етті. Қолда бар дерек­тер бойынша мұнда 80-нен ас­там кеме және соған ұқсайтын құрылғылар су түбіне шөгіп жатыр екен. «Каспий теңізін, оның жағалауын археология жағынан зерделеу дамымаған. Қолдағы деректер су асты мәде­ни мұралары туралы толық­қанды ақпарат беруге мүмкіндік бермейді», –деп атап өтті Чихи­ро Нишикава.

Су асты мәдени мұралары дегенде біздің көз алдымызға қазақтың тоғыз ханының ақырет мекені болған ортағасырлық Сарайшық қаласы еске түседі. Тарихи деректер ежелгі қаланың 40 пайызы Жайықтың астында қалғанын тілге тиек етеді.

«Сарайшықтың су астында қалған бөлігіндегі мәдени мұра­лардың құндылықтарын қалай зерделеп жүрміз, оларды зерттейтін су асты археологтары бізде бар ма?» деген сауалды біз осы жиынға қатысып көкейкесті мәселе көтерген, «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени му­зей-қорығының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбілсейіт Мұқтар мыр­заға қойдық.

Музейдегі ең басты жаңалық ежелгі қала туралы әлемнің төрт тарабына шашылып кеткен де­ректерді жинастыру қол­ға алыныпты. Қазір ол дерек­тер бойынша Сарайшық, сол арқылы қазақ тарихының әлем­дік өркениетке ықпалын зерттеу қолға алынды.

– 2017 жылы Атырау об­лыс­тық тарихи ескерт­кіш­тер­ді қор­ғау мекемесі Ресей мұ­рағат­тары­нан Сарай­шық­тың 1861 жылы орыс топо­графы П.В.Алек­сеев­тің өз қо­лымен сызған кар­тасын тап­ты. Бұл карта Са­рай­шық­тың қай ғасырдағы келбетін бейнелейді?

– Картаның бүгінге дейін бар екендігі айтылып келгенімен, ешкімнің қолына түспеген болатын. Сол картаға қарайтын болсақ, қаланың басым бөлігі сақталғандай. Мұның өзі ғылым үшін жаңалық. Ендігі мақсат – осы төңіректе зерттеу жүргізген, дерек іздеп, архивтерді сүзген ғалымдарды тоғыстырып, зерт­теулерді жалғастыру. Біз бұрын Сарайшыққа қатысты тек Ресей құжаттарымен жұмыс істеп келдік. Енді Қытай, Түркия, Иран­ның мұрағаттарына көз сала бастадық. Ираннан, Түркиядағы орта ғасырдағы челебилердің, мемлекеттік қызметшілердің жазбаларынан Сарайшық туралы деректер белгілі болып отыр. Олардың көшірмесін елге алдыру жайлы Қазақстан Респуб­ликасы Мәдениет және спорт министрлігіне жоба-ұсы­нысымызды енгіздік. Бұдан өзге қаржылай қолдау болса Жошы ұлысы – Алтын Ордаға қатысты 2019 жылы халықаралық конференция өткізуді жоспарлап отырмыз.

– Жошы ұлысы Алтайдан бастап Дунайға дейінгі жерді өзі­не қаратты. Демек, бұл фак­тор Сарайшықтың геогра­фиялық аумағы бізге бел­­гілі көлеммен шектеліп қалма­ғандығын айтып тұр..

– Жошы ұлысының үш астанасы болды: Сарай Бату – Ас­траханьда, Сарай-Берке – Вол­гоградта, Сарайшық – Қазақ­станда. Тарихи деректерге көз жүгіртер болсақ, Әбілғазы ба­һадүр өз еңбегінде Сарайшық қа­лашығын Шыңғыс ханның Жошыдан тарайтын немересі Батый хан салды дейді. Ол 1227-1255 жылдары Жошы ұлы­сы – Алтын Орданы биледі. Әбілғазы баһадүр бұл еңбегін ХVІІ ғасырдың ортасында жаз­ған. Мұнда Алтын орданың хандары мен Қазақ хандығының аталары жатыр. Біз бұл туралы Шынияз ақынның «Сарайшықта бар дейді, жеті ханның мола­сы» деген жыр жолдарынан білеміз.

– Ноғайлы дәуірін зертте­ген екі ғалым­ды біле­мін, оның бірі – қазақ­стан­дық Аман­­тай Исин, екін­шісі – ресей­лік В.В. Трепавлов...

– Екеуі де Мәскеудің көне архивімен жұмыс жасаған ғалымдар. Олар Сарайшықтың Қазақ хандығының астанасы болғанын дәлелдеді. В.В.Тре­павловтың еңбегінде 1471 жы­лы Бұрындық хан Са­рай­шықты бағындырып, Қа­зақ хан­дығының астанасы етті деген дерек бар. Ал Қа­сым хан Сарайшықтың аума­ғын ке­­ңейтті, осы жерде қазақ хал­қының санын бір мил­­лион­ға, әскерін 100 000-ға жет­кізді. Сарайшықты қазір Қа­зақ хандығының пантеоны деп жүрміз ғой. Бұл қа­­зақ хан­дары­ның аталары жатқан пантеон. Яғни Тәуекел хан­ның, Есім ханның, Жәңгір ханның, Тәуке ханның, Әбіл­қайыр ханның, Әбілмәмбет ханның, Абылай ханның, Кенесары ханның, Жәңгір ханның аталарының пантеоны Сарайшық. Мұнда тікелей Жошы ханның ұрпақ­тары, Қазақ хандығының аталары жатыр.

Сарайшық қазақ ханды­ғының астанасы болды де­діңіз бе? Расында бүгінге де­йін астанамыз болған қала же­терлік. Ал Сарайшықтың Қа­зақ хандығының алғашқы аста­наларының қатарында бол­­ғандығын архив деректері дә­­лелдеп отыр. Тарихи де­рек­тер­дегі «1511 жылы Қа­сым хан Сарайшықты Қазақ хан­­ды­ғының астанасы деп жария­лағандығын» білеміз. Яғни ресми түрде жарияланған. Бү­­гінгі біз ежелгі Қазақ хан­ды­ғы­ның орнында оны жеке мем­­­лекет ретінде сақтап қал­ған мұрагерміз. 1999 жылы Са­­райшық қаласының тарихына арналған «Хан ордалы Са­райшық» мұражай қорығы ашылды. Мұнда, әсіресе «Хан­дар пантеоны» ерекше көз тар­тады. Биіктігі 17 метр етіп са­­лынған 8 қабырғалы пан­теон­ның осы қабырғаларына Са­райшықта жерленген жеті ханға арнап құлпытастар қойылған. Олар неге осы жерге жерленген? Өйткені бұл – астана! Сая­си да, экономикалық та, та­рихи да, рухани да, әулиелік те тұрғыдан алғандағы Қазақ елінің ежелгі астаналарының бірегейі.

Мұнда жерленген жетінші хан, ол – Қасым хан. Әнес Сарай бұл жерде Қасым ханның бала­сы Мамаш хан өлтірілген екен деп айтты. Бұл сегізінші хан. Сондықтан бұл деректер нақ­тыланып, дәлелдену үшін зерттеу жұмыстары әлі де жүр­гізілуі керек. Біздің Қасым хан­ға ескерткіш орнату туралы ұсынысымызды Атырау облы­сының әкімдігі, зиялылары қолдады. Енді қай жерде орна­тылатыны туралы мәселе талқыланып жатыр.

– Әлемнің ірі қалаларында, мысалы Қытайда су асты му­зейлері бар. Олар бір кездері өркениет шыңына көтеріліп, кейін су астында қалған қала­лардың тарихын бүгінгі технология тілімен қалыпқа кел­тірген. Сіз жиында екі мәселе көтердіңіз. Бірі маман кадр­лар даярлау, екіншісі мате­риалдық-техникалық ба­заны жақсарту. Оның су ас­ты археологиясына қандай қа­тысы бар?

– Бірер жылдан бері Са­райшық еңсесін түзей бастады. Бірақ назар аударатын фактор – Жайық ағысы қатты өзен. Су түбіне шөгіп қалған су асты мұраларын ағыспен бізге қарасты аймақтан әлдеқашан алыстатып, бізден шалғай жат­қан теңіздерге әкетуі әбден мүмкін. Бізде су асты мәдени мұраларын зерттейтін мамандар жоқ. Олар­ды оқытып даярлау аса маңызды. Міне, сондықтан осы жиында Ресей, Түркия мамандарымен кездесіп пікір алмастық. Түркиялықтар Қазақстан жағы шәкірттердің шәкіртақысы мен жолақысын көтерсе, мамандар дайындап беруге дайын отыр. Түркия, өзіңіз білесіз, су түбінде шөгіп жатқан қара тасты да сөйлетіп, туризмнің тартылыс нүктесіне айналдырып отыр. Ал біз 30 пайызы су астында қалған Сарайшықтың мұраларын жан-жаққа шашыратып алдық. Балқаш пен Аралдың түбінде не шөгіп жатқанын білмейміз. Тіпті Алматының іргесіндегі Қапшағай су қоймасы ежелгі қаланың орнына салынған. Қазаққа су асты археология­сы маманын дайындауды кешіктіруге болмайды.

 

Әңгімелескен Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»

 АЛМАТЫ