Арыс тіршілігі тез-ақ қалпына келтіріледі
«Барлық күш жұмылдырылды. Арыс қаласының тұрғындары көшірілді. Өкінішке қарай, екі адам қаза тапты. Жақындары мен туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамын» деген А.Мамин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес тұрғын үйлерге, әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарға, қала тіршілігін қамтамасыз етуші нысандарға тигізілген залал бағаланатынын айтты.
«Арыс қаласының тұрғын үй қоры және инфрақұрылымы қысқа мерзім ішінде қалпына келтіріледі. Қажетті қаражат бөлініп, тиісті шешімдер қабылданады. Еліміздің барлық азаматын Арыс қаласы тұрғындарының жағдайы алаңдатуда, қолдан келген көмектерін ұсынып жатыр. Осыған орай, Арыс қаласының тұрғындарына көмек көрсету мақсатында қаражат жинау бойынша Nur Otan партиясының бастамасын қолдауға шақырамын», деді А.Мамин.
Бағдарлама халықтың әл-ауқатын арттырады
Үкімет отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Игілік баршаға! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» сайлауалды бағдарламасын және «Бірге» жалпыұлттық акциясы барысында азаматтардан алынған ұсыныстарды іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары қаралды. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Ә.Смайыловтың айтуынша, Іс-қимыл жоспарында мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға және бюджет қаражатын пайдалануға жауапкершілігі мен есеп берушілігін арттыруға ерекше назар аударылған.
«Салық түрлерін оңтайландыруды жүзеге асыру және салықтық әкімшілендіруді цифрландыру қажет. Салық кредиттерін беру тетігі енгізіледі. Мемлекеттік сатып алуды және квазимемлекеттік сектордың сатып алуы бойынша заңнаманы және құқық қолдану практикасын жетілдіру жөнінде шаралар қабылданады», деді Ә.Смайылов.
Іс-қимыл жоспары аясында Ұлттық қордан берілетін трансферттерді пайдалануды шектеу және бюджеттің шикізат секторына тәуелділігі мәселесі пысықталады, қор нарығын дамыту және ұлттық компаниялардың ІРО-сын өткізу жөніндегі жұмыс жалғасады.
Сонымен қоса, әлеуметтік көмектің ашықтығы мен атаулылығын қамтамасыз етуге, әлеуметтік қолдаудың кепілдік берілген көлемінің бірыңғай стандарттарын белгілеуге баса назар аударылады.
Білім беру саласында да оң өзгерістер күтіледі. Балаларды мектепке дейінгі сапалы біліммен толық қамтуға, орта білімді жаңартылған мазмұнға көшіруді аяқтауға, 12 жылдық білім беруге кезең-кезеңмен көшуге, үштілділікті енгізуге, ғылымның ел дамуына қосқан үлесін күшейтуге бағытталған «Білім мен ғылымды дамытудың 2025 жылға дейінгі» мемлекеттік бағдарламасы әзірленеді. Мұғалімдердің мәртебесін қолдау үшін «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы әзірленді. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасында жұмыспен қамтуға жәрдемдесу тетіктері жетілдіріледі.
Қарқынды экономика – әл-ауқат негізі
Премьер-Министрдің орынбасары Ж. Қасымбек өз кезегінде Іс-шаралар жоспарының «Өрлеу» бөлімінде экономиканы, инфрақұрылымды, қолжетімді тұрғын үйді, қоршаған ортаны динамикалық дамытуға және заманауи ауылды құруға бағытталған іс-шаралар қарастырылғанын айтты.
Жылдың соңына дейін 2020–2025 жылдарға арналған Индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы қабылданып, өңдеу өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін одан әрі жақсартуға бағытталады.
Іс-шаралар жоспарын іске асыру аясында жер қойнауын пайдаланушылар мен жүйе құрушы кәсіпорындарды, сатып алуда жергілікті қамтуды арттыру үшін жеке шаралар кешені әзірленуде.
1 қарашаға дейін Агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялаудың тиімділігі мен ашықтығын арттыру, жер ресурстарын және жайылымдарды тиімді пайдалану, жаңа суармалы ауыл шаруашылығы жерлерін кеңейту мақсатында Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаға өзгертулер енгізіледі. Сонымен қатар Ж.Қасымбек жыл соңына дейін Үкімет 2020-2025 жылдарға арналған инфрақұрылымды дамытудың «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын қабылдайтынын айтты. Орталық – Шығыс, Орталық – Оңтүстік, Орталық – Солтүстік және Орталық – Батыс дәліздерінде елдің біртұтас көлік жүйесін қалыптастыру аяқталады.
Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде республикалық маңызы бар 7 мың шақырым жолды қайта жөндеу және 11 мың шақырымға жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Барлық жұмыстардың түрлері (жөндеу, құрылыс және қайта жаңарту) 30 мың шақырым жергілікті жолдарда жүргізіледі. Бұдан өзге, елімізді газдандыру шеңберінде Үкімет «Сарыарқа» газ құбырының құрылысын уақытында аяқтауды қамтамасыз етеді. Газ құбырының іске қосылуы Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Теміртау және Жезқазған қалаларын және 171 елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ олардың экологиялық жағдайын жақсартады.
Тұрғын үй қолжетімділігін және тұрғын үй саясатының ашықтығын арттыру мақсатында ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне дейін барлық қолданыстағы тұрғын үй бағдарламалары бірыңғай тұрғын үй саясатын біріктіреді. Жыл соңына дейін Үкімет 2025 жылға дейінгі «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасын мақұлдайды.
Көп балалы отбасылардың тұрғын үй мәселелерін шешу үшін «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 2025 жылға дейін 40 мың жалдамалы тұрғын үй құрылысы қарастырылған. Жыл соңына дейін 7 мыңнан астам отбасы қамтамасыз етіледі. Жұмыс істейтін жастардың тұрғын үй мәселелерін шешу үшін 3 жылда 3 мың пәтер салынады. Осы жылдың 1 желтоқсанына дейін, Үкімет 2025 жылға дейін өңірлерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын бекітеді. Негізгі мақсат – бақыланатын урбанизация арқылы халықтың өмір сүру сапасын арттыру, «қадамдық қолжетімділік» қағидаты бойынша халыққа қоғамдық және әлеуметтік жеңілдіктерді арттыру. Ауылдық елді мекендерді дамыту бойынша «Ауыл – ел бесігі» кешенді бағдарламасы қарастырылған. Облыс әкімдіктерімен бірлесе отырып биыл 52 ауылдық елді мекен таңдалды, 452 іс-шара жүзеге асырылады.
Сонымен қатар Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының шет аймақтарын дамытуға ерекше назар аударылады, өйткені халықтың бестен бір бөлігі қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілмеген. Алдағы үш жылда 85-тен астам жоба жүзеге асырылып, жарты миллионнан астам адамның өмір сапасы жақсарады.
Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу А.Мамин барлық мемлекеттік органдарға Президенттің сайлауалды бағдарламасының іс-қимыл жоспарының міндеттерін шешуге жауапкершілікпен қарауды тапсырды. Іс-қимыл жоспарын уақтылы әрі сапалы орындау азаматтардың әл-ауқатын қамтамасыз етіп, әлеуметтік мәселелерді шешуге мүмкіндік береді.
Үкіметтің Жоспарды орындау жөніндегі жұмысы сайлауалды науқанының қағидаларына жауап береді: Бұл – сабақтастық, әділдік, өрлеу. «Сабақтастық» қағидаты аясында Үкімет жұмысы ел дамуының жаңа кезеңінде Елбасы бағдарын тиімді жалғастыруға бағытталады, бұл: 2050 жылға дейінгі Стратегияны, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын, Елбасының әлеуметтік бастамаларын орындау, сондай-ақ қоғамдық келісімді қамтамасыз ету және жалпыұлттық бірлік тетіктерін нығайту.
«Әділдік» қағидасы сот жүйесін одан әрі жетілдіру, қоғамдық қауіпсіздікті арттыру, барлық деңгейде жемқорлықты түп-тамырымен жою арқылы қамтамасыз етіледі. Бұдан өзге, әлеуметтік қамсыздандырудың тиімді жүйесі, халыққа білім берудің заманауи стандарттары енгізіледі, медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігі артады, сапалы жұмыс орындарын құру шаралары қабылданады.
«Өрлеу» қағидаты аясында халықтың әл-ауқаты одан әрі жақсартылады, ауылдарды дамыту, бизнесті қолдау, экологиялық жағдайды жақсарту, қаржы жүйесінің тиімділігін арттыру шаралары қамтамасыз етіледі. Өрлеудің қозғаушы күшіне айналуы тиісті, елдің дамуындағы жастардың рөлін арттыруға ерекше көңіл бөлінеді.
«Біз, әсіресе әлеуметтік сипаттағы мәселелерді шешуде белсенді позицияны ұстануымыз керек. Мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелері мүлтіксіз және толық көлемде орындалуы тиіс» деген А.Мамин мемлекеттік органдарға сарапшылар қауымдастығын тарта отырып, нақты нәтижеге қол жеткізуге бағытталған шаралар жоспарын әзірлеуді, Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді халықпен бірлесе іске асыруды тапсырды.
29 млрд теңге инвестиция тартылды
Үкімет отырысында ақпараттық технологиялар саласындағы инновациялық экожүйені дамыту мәселелері туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев баяндады.
А.Жұмағалиев 2018 жылы Astana Hub халықаралық технопаркі ашылған сәттен бері АT-стартаптарға жалпы көлемі 29 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылғанын жеткізді.
Astana Hub технопаркіндегі жұмыс көлемінің артуы бағдарламалардың инвестициялық тартымдылығы мен жоғары қызығушылыққа ие екенін дәлелдейді. Бүгінде технопарк 100%-ға толық, 260-тан астам жоба, яғни 1000-нан астам адам инкубация және акселерация бағдарламаларынан өткен.
Стартаптарды әрі қарай зерттеу және білім беру жағынан қолдау көрсету үшін технопаркте CISCO, IBM, Huawei, Intellisense сияқты компаниялардың 16 R&D-орталығы ашылды. Бұл орталықтарда кеңес беру, техникалық сараптама жүргізу, арнайы жабдықтар мен бағдарламалық қамтамасыз етулер қолжетімді. Жаңашыл қызметкерлер үшін тұрақты негізде білім беру іс-шаралары өткізіліп тұрады. Ұйымдастырылған 122 кездесуге 2500-ге жуық тыңдаушы қатысқан.
Astana Hub Халықаралық технологиялық паркінің бас директоры Джозеф Циглер Astana Hub ашылған сәттен бері start-up экожүйелер салуда белгілі бір табысқа қол жеткізілгенін атап өтті. Өткен жылы Astana Hub базасында 500-ден астам іс-шара өткізілген, бұл 20 000-нан аса адам келген еліміздегі №1 АТ-орталық болды.