«Go Viral – бұл АҚШ-тың Орталық Азиядағы инновацияны, кәсіпкерлікті және экономикалық мүмкіндіктерді кеңейтуді, сондай-ақ өңірдің жаһандық экономикамен байланысын жақсартуды қолдайтынының көптеген мысалының бірі», деп атап өтті АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Уильям Мозер баспасөз мәслихатында. Фестиваль шымылдығы ҚБТУ ректоры Кенжебек Ибрашев пен АҚШ-тың Алматыдағы Бас консулы Эрик Майермен және Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің Алматыдағы өкілдігінің басшысы Ерлан Ысқақовпен бірге салтанатты түрде ашылды. АҚШ-тан, Орталық Азия мен Шығыс Еуропадан келген жетекші трендсеттерлер бизнес, коммуникация саласында жаһандық аудиториямен өзара іс-қимыл жасау туралы ақпараттарымен бөлісті. Бұл салалық кеңістіктің соңғы жаңалықтарынан хабардар етіп, өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.
Кім болғыңыз келеді? Мақсатыңыз қандай? Мұратқа жету жолында не нәрсеге назар аударуыңыз тиіс? Стэнфорд университетінің өмірлік дизайн бағдарламасының лекторы Джон Армстронг алғашқылардың бірі болып осы сұрақтарға жауап берді. Көп жылдан бері студенттерге білім беру, мансаптық және жеке даму жолдарын таңдауға көмектесетін әртүрлі курстарды оқытып жүрген маманның айтуынша, кез келген өмірлік мәселелерге жауап іздеуде дизайн-ойлау әдістерін ұтымды қолдана білген дұрыс. Джон қатысушыларға «Өмір – өмір сүруге татитын шығармашылықты қызық дүние» деген ұранды ортаға тастады. Ал Ярослав Халиулин VR және AR технологиялары кемеліне жеткен күндері, әрқайсысы осы салада өз орнын таба алатынын айтады. Мысалы, жобалаушы немесе құрылысшы заманауи технологиялар бойынша оқыту арқылы жұмыс сапасын жақсартса, құрылыстың алдын ала кемшіліктерін табу алдағы жұмысты жеңілдетіп қана қоймайды, уақыт үнемделіп, сапасы жақсара түспек.
Сондай-ақ панельдік сессия отырыстары медиа, мәдениет саласы жұлдыздарының қатысуымен үздік халықаралық тәжірибе мен нарықтық жоспарлау, кейінгі жаңашылдықтар, жасанды интеллект саласындағы трендтер, XXI ғасырдағы кино миссиясы тақырыптары талқыланды. Суретші, Массачусетс штатының өнер және дизайн колледжінің профессоры Элайн Букхольц жарықтың кеңістіктік нысандармен, мүсін және архитектурамен қарым-қатынасы туралы зерттеулерімен бөлісті. «Суреттердің жылжымалы түсі өнерде жаңа тәжірибе береді. Жарық пен түс гаммасын өзгерту қабылдаудың басқа призмасы арқылы өзгеше көруге мүмкіндік береді. Әлемдік дүниетаным шекарасын кеңейтуге әсер етеді», деген Элайн Букхольц сахнада жарықты ойнату арқылы авторлық перформанс көрсетті.
Бұдан бөлек Next Notes – Қазақстан музыканттары қауымдастығы авторлық әндерді жазу мен ынтымақтастықты дамыту бойынша дәріс өткізсе, тәжікстандық жазушы Аниса Сабири Орталық Азия аймағындағы әйел жазушылардың жағдайы турасында баяндама жасады. Сондай-ақ, фестиваль аясында Қазақстан, Ресей, АҚШ және Еуропаның әдеби журналдарында жарияланып жүрген ақын, АҚШ Ұлттық өнер қорының әлемдік өнердегі жоғары жетістіктерді қолдайтын арнайы қос гранты мен Käpylä Translation Prize (UCONN) сыйлығының иегері Әйгерім Тәжінің «Бумажная кожа/Paper-Thin Skin» (Zephyr Press, АҚШ, 2019) атты өлеңдер жинағының тұсаукесері өтті. Қоғамның шығармашылық белсенділігі тұлғаның, бизнестің және тұтастай мемлекеттің маңызды жетістігі ретінде өзара бәсекелестік артықшылығын арттыруға үндейтін басқосу мәдени және әлеуметтік-экономикалық дамуды ықпалдастыруға шақырады. Осылайша, қазіргі заманғы мәдени кеңістіктің бірегей алаңына айналған GoViral халықаралық фестивалі заманауи көзқарас арқылы жаңа әлеуметтік-мәдени ортаны қалыптастырудың кезекті мәрте озық үлгісін көрсетіп берді.