«2008 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан әлеуметтік бастамалар мен жобалар жәрмеңкесінде, әсіресе, бастамашыл топтар арнайы тіркелмей-ақ өзінің бастамаларын, жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік алады. Жәрмеңкеге қатысу жас таңдамайды, оған баладан ересектерге дейін өзінің жобасын ұсына алады. Олар жергілікті жердегі өздері көріп отырған әлеуметтік жағдайларды жақсартуға талпынады» дейді облыстағы «ГрИн» Азаматтық альянсы» ҚҚ төрайымы Динара Өтебаева. Жәрмеңкеге 7 аталым бойынша көптеген өтініштер түсті. Соның ішінде төрт жоба 500 мың теңгенің серификатына ие болды. Жәрмеңкеде бірінші рет ауылдағы үкіметтік емес ұйымдар әлеуетін арттыруға маңыз берілді. Жәрмеңке аясында салалық басқармалардың ҮЕҰ өкілдерімен кездесуі, республикалық ҮЕҰ өкілдерінің қатысуымен сұхбат алаңы ұйымдастырылды.
Үздік деп танылған бастамалар мен жобалар иесіне сертификатты облыс әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев тапсырды. Қазылар алқасы әлеуметтік бастамалар мен жобалар жәрмеңкесінің 7 жеңімпазына 200 мың теңгенің сертификатын, ал жергілікті қоғамдастықтар мәселелерін шешуге бағытталған үздік 4 әлеуметтік жобаға 500 теңгенің сертификатын тапсырды. «Ауыл ҮЕҰ әлеуетін көтеру» номинациясы бойынша 8 жобаға 500 теңгенің мини-гранты тапсырылды. Сонымен қатар екі шағын грантты бизнес-қоғамдастық тапсырды.
Сертификат алған жобалардың арасында жұмыссыздықпен күресу, ауыл спортын көтеру, ауру балаларға компьютер үйрету секілді өзекті проблемалар қамтылған.