Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығы мамандары Орал қаласының іргесіндегі ортағасырлық Жайық қаласы орнында сақталған көне обаны қазуды қолға алды. Бұл сарматтар кезеңіне жататын жерлеу кешені.
– Орал қаласының іргесіндегі Желтау биігінде бірнеше көне оба-қорған сақталған. Болашақта ашық аспан астындағы мұражайға айналуы жоспарланған аймақ болғандықтан, біз олардың көбіне тиіспей, сол күйінде сақтағымыз келеді. Ал қазір қазылып жатқан бұл оба – бұрын тоналған, әрі 2003-2004 жылдары Жайық қалашығы орнын қазу кезінде техникамен бүлінген ескерткіш. Біздің мамандар қазба жұмысын барлық археологиялық талаптарға сай жүргізіп жатыр. Біз обаның әр кезеңдегі топырақ қабатын, табылған бұйымдар мен сүйекті арнайы зертханаға тапсырып, нақты ғылыми талдау жасатуды жоспарлап отырмыз, – дейді орталықтың директоры Жантас Сафуллин.
Шыңғырлау ауданындағы Сегізсай алқабында екі жылдан бері қазба жұмыстарымен айналысып жүрген археолог Мұрат Қалменов өңірдегі 300-дей обаның тең жартысы 1966 жылдан бастап қазылып, зерттелгенін айтады. Бірақ күні бүгінге дейін Сегізсай алқабындағы көне обалар туралы жинақталған қорытынды ғылыми еңбек жоқ. «Бұл өңірді мың жылға жуық сармат-савромат тайпалары мекендеген, ол дәуірдің барлық кезеңіне сай обалар осы жерде сақталған. Бірақ бір орталықтың немесе ғалымның жетекшілігіндегі жүйелі зерттеу болмаған соң бұған дейін жүргізілген жұмыстардың нәтижесі жан-жақта шашылып жатыр», дейді Мұрат Дабылұлы.
Қазақстандық археологтардың тағы бір назар аударып отырған нүктесі – Батыс Қазақстан облысы Тасқала ауданы аумағындағы Ешкітау жотасы. Мұнда қазір Білім және ғылым министрлігі Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының Нұр-Сұлтан қаласындағы филиалының директоры Талғат Базарбайұлы бастаған ғалымдар «Солтүстік-Шығыс Каспий маңының тас дәуірі» гранттық жобасы аясында қазба жұмысын бастаған.
– Аталмыш институттың бас сарапшысы, жетекші ғылыми қызметкері Арман Бисембаев Тасқала ауданындағы Бірлік ауылы маңынан табылған ерте темір дәуіріне жататын шамамен VII-VI ғасырға тән қола айна мен тас құрбандықты біздің музейге тапсырды. Тарихты зерделеп, өткенді ғылыми айналымға енгізу жолында еселі еңбек етіп, аймағымыздың археологиялық тынысын кеңейтуге сеп болып отырған ғалымдарға алғыс айтамын, – дейді Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мирболат Ерсаев.
Батыс Қазақстан облысы