Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев агроөнеркәсіп кешенін табысты дамыту мақсатындағы өткен жылы тапсырмасына орай «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасы әзірленген болатын. Бағдарлама бойынша 2022 жылға қарай еңбек өнімділігі мен өңделген өнім экспортының көлемін 2,5 есеге арттыру міндеті қойылды. Еліміздің ауыл шаруашылығы министрлігі «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасы аясында бірінші кезекте таңдалған ауылдық елді мекендерді олардың саласына және қолда бар ресурстарына, егістіктері мен жайылымдарына, инфрақұрылымдарына қарай дамытуды жоспарлап отыр.
Ұлттық экономика министрлігі аймақтармен бірлесе отырып ауылдық аумақтарды жаңғырту бойынша жұмыстарды қолға алған болатын. Ауылдық елді мекендердің әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын дамытуға, қабылданған өңірлік стандарттарға сәйкес ауыл тұрғындарының әлеуметтік игіліктер мен қызметтерге қол жеткізуін қамтамасыз етуге қаржы бөлінетін болады.
«Ауыл – Ел бесігі» жобасын іске асыру аясындағы шараларға алдағы үш жылда республикалық бюджеттен 90,0 млрд теңге, оның ішінде 2019 жылы 30,0 млрд теңге бөлінді.
Комитет мүшелері тарапынан «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасын министрліктердің басқа мемлекеттік бағдарламалары мен жобаларымен үйлестіру, жобаға қатысушы елді мекендерді таңдау талаптарын жетілдіру, аймақтық ерекшеліктерді есепке алу қажеттілігі туралы ұсыныстар айтылды.