Сейсенбі, 12 наурыз 2013 7:21
Қарапайым халыққа бермеген жерді билік өкілінің әйелі иемденіп отыр
Тұрар Рысқұлов аудандық соты судьясының әйелі мен осы ауданның орталығы – Құлан ауылының әкімі соттасып жатыр. Өзін кәсіпкермін деп таныстырған Оразкүл Мірқалықова, яғни судьяның әйелі жергілікті билік өкілін «базар алдындағы жерді кәсіпкерлік мақсатта пайдалануға бермегені үшін» сотқа берген. Бірақ ауыл әкімі Әлік Бектұрсынов болса: «Судьяның әйелі жалған құжат жасап алу арқылы жаяу жүргіншілерге арналған жол жиегінен сауда нысанын ашып алған», дейді.
Сейсенбі, 12 наурыз 2013 7:21
Қарапайым халыққа бермеген жерді билік өкілінің әйелі иемденіп отыр
Тұрар Рысқұлов аудандық соты судьясының әйелі мен осы ауданның орталығы – Құлан ауылының әкімі соттасып жатыр. Өзін кәсіпкермін деп таныстырған Оразкүл Мірқалықова, яғни судьяның әйелі жергілікті билік өкілін «базар алдындағы жерді кәсіпкерлік мақсатта пайдалануға бермегені үшін» сотқа берген. Бірақ ауыл әкімі Әлік Бектұрсынов болса: «Судьяның әйелі жалған құжат жасап алу арқылы жаяу жүргіншілерге арналған жол жиегінен сауда нысанын ашып алған», дейді. Судьяның әйелінің саудасы тиімді жерден ойып тұрып орын алып алуы, жергілікті кәсіпкер-саудагерлердің де наразылығын туғызуда.
Мәселенің мәнісін айтсақ, осыдан екі жыл бұрын жергілікті биліктің шешімімен аудандағы орталық базардың алдындағы сауда нысандары жолды кеңейту мақсатында көшірілген. Бұл, әрине, өз кезегінде сауда-саттық иелерінің қарсылығын туғызғанымен, елге ортақ тәртіпке бағынып, «құтты орындарын» тастап, кете барған. Бірақ, өкінішке қарай, аз уақыттан кейін әлгі «жолды кеңейту мақсатында» босатылған жерде сауда нүктелері қайтадан бой көтере бастайды. Оның жаңа қожайыны Тұрар Рысқұлов аудандық сотының судьясы Дүйсен Мірқалықовтың әйелі Оразкүл Мірқалықова болып шығады. Жергілікті биліктің айтқанына көніп, тып-тыныш «қоныс аударған» кәсіпкерлердің ашу-ызасын туғызып отырған да «қолыңнан келсе, қонышыңнан бас», дегенге келетін осы жағдай.
Орынгүл ҚОЖАНАЗАРОВА, саудагер:
– Судья осы Құлан ауылында тұрады. Дүйсен Мірқалықов деген кісі. Біз сауда нүктелерімізді тастап, жерді босатып кеткеннен кейін ол осы жерге тас қалап, дүкен соқты. Сонда біз сияқты қарапайым халыққа келгенде рұқсат болмайды да, судьялардың отбасына рұқсат бола бере ме?
Аудандығы орталық базардың бастығы да судьяның зайыбынан жапа шегіп отырғанын айтады.
Ерлан СҮЛЕЙМЕНОВ, «Құлан» орталық базарының бастығы:
– Судьяның әйелі менің жерімді де алып қойып отыр. Заңды, «госактісі» бар, жекеменшік телімімді «судьямын», «судьяның әйелімін» деп, тартып ала бере ме?
Дауға себеп болған дүкеннің жанынан ұзындығы – 85, ені – 12 метрлік жер тегістеліп, тағы бір жаңа нысан бой көтермек көрінеді. Оның да иесі кәсіпкер Оразкүл Мірқалықова болмақшы. Бірақ ол да айылын жияр емес. «Құжаттарым заңды», дейді.
– Менің де заңдастырған құжаттарым бар. Жұмыс істеп жатқаныма 2 жыл болды. Өзім зейнеткермін. Тірлік жасайын деген ниетім ғой, құжаттарым түгел.
Әлік БЕКТҰРСЫНОВ, Құлан ауылдық округінің әкімі:
– Бұл кісіге «сіздің жасап жатқаныңыз заңсыз» деп талай рет айттық. Бірақ өзіне «бутик» салу үшін берілген орыннан басқа жерге, яғни қалаған жеріне «ту тігіп» отыр. Қолында құжаттары болғанымен, мына салынған «бутигінің» құжаттары дұрыс емес.
Байсұлу Айнабекова, саудагер:
– Мына дүкенді аудандық соттың судьясы Дүйсен Мірқалықов деген кісі салдырды. Ал біз болсақ бұл жерге сауда-саттық жасауға болмайды деген соң сол жердегі будкаларымызды алдық та кеттік. Ендеше заңды орындауды талап ететін соттың судьясы сол заңсыз деген жерге неге дүкен салдырып отыр? Міне, сол үшін ашынып, шырылдап отырмыз.
Тұрар Рысқұлов ауданының бір топ саудагерлері қазір тиісті орындарға шағымдануда. Бірақ ауыл әкімі жеңе ме, судьяның әйелі жеңе ме, ол жағы әзірге белгісіз.
Көсемәлі Сәттібайұлы,
«Егемен Қазақстан».
Жамбыл облысы,
Тұрар Рысқұлов ауданы,
Құлан ауылы.