• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
15 Наурыз, 2013

Ұйыққа батқан ұры

302 рет
көрсетілді

Ұйыққа батқан ұры

Жұма, 15 наурыз 2013 1:15

Қазақстанның құқық қорғау органдары елімізде басшылық қызмет тізгінін ұстап тұрған кездерінде сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстар жасаған атышулы Виктор Храпунов пен басқа да осындай тұлғаларға қатысты  қылмыстық істерді тергеуді одан әрі жалғастырып жатыр. Мұны кеше Бас прокуратураның баспасөз қызметі тағы да мәлім етті. 

 

Жұма, 15 наурыз 2013 1:15

Қазақстанның құқық қорғау органдары елімізде басшылық қызмет тізгінін ұстап тұрған кездерінде сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстар жасаған атышулы Виктор Храпунов пен басқа да осындай тұлғаларға қатысты  қылмыстық істерді тергеуді одан әрі жалғастырып жатыр. Мұны кеше Бас прокуратураның баспасөз қызметі тағы да мәлім етті. 

Бұқаралық ақпарат құрал­дарының өкілдерімен өткізілген бұл брифингте айтылып отырған айыпталушылардың заңсыз алған шетелдік активтерін анықтау және иелік етуге тыйым салу мақсатында Бас прокуратураның Швейцарияның құзырлы органдарына халықаралық тергеу тапсырмасын жібергені тілге тиек етілді. Жиында осының негізінде қазіргі таңда Женева кантоны прокуратурасының тиісті тергеуді жүргізіп жатқаны айтылды. Міне, осы шараның шеңберінде В. Храпуновтың швейцариялық банктердегі шоттарына 2012 жылғы 22 қарашада иелік етуге тыйым да салынды.

Швейцария прокурорлары кезінде Алматы қаласын билеп тұрған шағында «үріп ішіп, шайқап төккенімен» қоймай, елдің қыруар байлығын ұрлық жолымен шетелге асырып үлгерген «миллионердің» ісін ақырына дейін апаруға мүдделі болып отырған қалып танытады. Олар ерлі-зайыпты Виктор және Ләйла Храпуновтардың шоттарын жауып қана қоя салмай, олардың ақша жымқырғаны жөніндегі деректерін де мұқият тексеріп жатыр. Әлбетте, Храпунов мырза болса, өзіне тағылған айыптың бәрін әлі күнге дейін қолынан келгенінше жоққа шығаруға тырысып бағуда. Айталық, өз сөзіне қарағанда, оның байлығы тым асыра көрсетілген көрінеді. Алматының бұрынғы әкімі осы жерде өзінде зауыт та, кеме де жоқ дегенді айтып, қарғанып қояды. Ол сонымен қатар, қызының атындағы вилланың да несиеге (!) алынғанын айтып, әлдекімдерді иландырғысы-ақ келеді. Бірақ оған сене қоятын ақымақ әзірге көрінбейді.

Бүгінде өтірік айтудан ертедегі Тазша баланың өзін жарты жолда қалдырып кететіні белгілі бол­ған Храпуновтың мұндай мә­ні қашқан «әләулайларына» қа­зір Швейцарияның мерзімді басы­лымдары да сенбей отыр. Аль­пі тауының теріскей бетін алып жатқан елдің бұқаралық ақпарат құралдары бүгіндері онсыз шық­пайтын болыпты. Мұндағы газет­тердің барлығы дерлік Виктор Вячеславович туралы күніне бір рет ләм айтып өтуді өздерінің парызы санап алған сияқты. Оларда оңды-солды сұхбат беруге де төсе­ліп қалған оның сөздеріне газет тілшілері де, оқырман қауым да миығынан күліп қарайтын күн­ге жеткен. Себебі, «өтірікшінің құй­­рығы бір-ақ тұтам» екенін мұн­­да­ғылар да сезіп жүр. Айтқан уә­жі мен істеген тірлігі үйлесе қой­май­тын экс-әкімнің сөздері кіл жал­ғандықтың жылғасынан су ұрттап шыққанын тек бұл елдегілер ғана емес, бүгінде күллі әлем біліп қалған сыңайы бар.

Өтірікті шындай, шынды құ­дай ұрғандай етіп айтатын Вик­тор Храпуновтың «тым таза емес» екенін осындағы француз тіл­ді «Лягэфи» басылымы өткен күз­ден бері бір емес, бірнеше рет әшке­ре­леп үлгерді. Мұны іле-шала Женеваның РТС деп аталатын телеарнасы қағып алып кетті. Ондағы журналистердің мәліметі бойынша, Храпунов әйелімен екеуі Қазақстаннан лас жолмен алынған ақшаларды жымқырып кеткендері үшін айыпталуда. Швейцария телешолушыларының қолдарына сондай-ақ Қазақстан билігінің тапсырысы да түскенге ұқсайды. Онда бір кездерде Хра­пу­новтардың ортақ отбасы ретінде орасан зор көлемдегі байлықты қолдарына жиып алғандары айтылады. Телеарна сюжетінде Вик­тор Вячеславовичтің әкім ретін­де әйелінің Алматыдан 336 мың франкке балалар бақшасы үйін сатып алуына, сосын оны 13 мил­лион франкке қайта сатуына жәрдем бергені сөз болады. Әлбет­те, біздің кейіпкеріміз мұны да жоқ­қа шығаруға тырысып бақты. Сол кезде тілшілер қызы Эльвира Хра­пунованың 32 миллион франкке сатып алынған керемет вилласын алға шығара қойды. Егер әулетте 300 млн. франк көлемінде байлық болмаса, мұндай ғажайып жайды сатып алуға олардың қалай шамасы жеткен?  Журналистің бұл сұрағы да нақты жауапсыз қалған.

Қазақта осындай кезде айтылатын «Жеңілген адамның сөзі құрысын», деген сөз бар. Сол гәп қазір Виктор Храпуновтың басына келіп отыр. Ол Қазақстан құқық қорғау органдарынан да, Швейцария әділет жүйесінен де жеңіліп болды. Оның ендігі күні «суға кеткен тал қармайдының» кері. Ал өзі түскен сол судың иірімінен оның шыға қоюы енді екіталай. Жарты әлемді шулатқан Храпуновтың кескіні қазір ұйыққа батқан ұрының кейпін келтіреді.  Демек, оның заң жүзінде жаза алатын шағына да тым қашық қалған жоқ.

Руслан ИГІЛІК.