• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Саясат 27 Маусым, 2019

Мемлекет 500 мың қазақстандықтың қаржылық жағдайын жақсартады

296 рет
көрсетілді

Бүгін Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифинг аясында Премьер-Министрдің Бірінші орынбасары – қаржы министрі Ә. Смайылов Президенттің «Қазақстан азаматтарының борыш жүктемесін азайту шаралары туралы» Жарлығын іске асыру бойынша жоспарланған шаралар туралы айтып берді. Бұл туралы Премьер-Министрдің баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстан Президентіне азаматтар тарапынан тұтынушылық кепілсіз несиелерді төлеуге көмектесу туралы көптеген өтініштер келіп түседі.

«Әлеуметтік жағынан әлжуаз азаматтар, бұл – көп балалы отбасылар, мүгедек балалары бар отбасылар, жалғыз асыраушысынан айырылған отбасылар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, жетім балалар түрлі себептерге байланысты өмірлік қиын жағдайларға тап болып, өздеріне алған несиелік міндеттемелерді өтей алмай жүрген жағдайлар бар», деді Ә. Смайылов.

Аталған мәселе 500 мыңға жуық адамының проблемасы. Сондықтан да, Президент теңдессіз әлеуметтік қолдау көрсетуге шешім қабылдады, кеше тиісті Жарлыққа қол қойылды. Жарлықтың мақсаты — өмірлік қиын жағдайларға тап болған қазақстандықтарға жәрдемдесу, өз отбасыларының қаржылық жағдайын жақсартуға мүмкіндік беру.  

Жарлықта Үкімет пен Ұлттық банкке бір жолғы акция ретінде келесі шараларды қабылдау тапсырылды. Тікелей атаулы қаржылай көмек ретінде жоғарыда аталған санаттың әрбір қарыз алушысына мемлекет екінші деңгейлі банктер мен шағын қаржы ұйымдарында негізгі борышы мен оған есептелген сыйақының жалпы 300 мың тг дейін қарызын жабады. Сонымен қатар, қарыз бойынша жалпы берешегі 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 3 млн теңгеден аспайтын болуы керек. 

Банктер мен шағын қаржы ұйымдарында кепілсіз тұтынушылық несиелері бар барлық азаматтар үшін 2019 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша жинақталған айыппұлдар мен өсімақылар алынып тасталады. Бұл есептен шығару екінші деңгейлі банктер мен шағын қаржы ұйымдары есебінен жүзеге асырылады. 

Бұған қоса, мерзімі өткен берешегі 90 күннен асып кеткен жеке тұлғалардың барлық кепілсіз тұтынушылық қарыздары бойынша кредитті берумен және оған қызмет көрсетумен байланысты тұрақсыздық айыбын, комиссиялар мен өзге де төлемдерді есептеуге тыйым салынады.

«Президенттің позициясы — тұтынушылық несиелерге қатысты орын алған жағдай қайталанбауы тиіс», Ә. Смайылов.  

Ұлттық банк реттеу сипатындағы және қаржы ұйымдарының өздеріне шамадан тыс тәуекел алу бойынша жауапкершіліктерін күшейтуге қатысты қажетті шараларды қабылдайды. Қаржылық жағдайды одан әрі ушықтырмау үшін ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен табысы бар азаматтарға қарыз беруге тыйым салынады. Ұлттық банк кепілсіз тұтынушылық қарыздар беру кезінде қосымша реттеу шараларын қабылдайды.