– Өзіңіз білетіндей, «Астана» халықаралық қаржы орталығының іске қосылуына британдық сарапшылар үлкен үлес қосты. Олардың жұмысын қалай бағалайсыз? Орталықтың әлеуеті қандай?
– «Астана» халықаралық қаржы орталығымен тығыз ынтымақтастық орнатқанбыз. «TheCityUK» британдық және қазақстандық сарапшылардың бастамасымен бірқатар жұмыс топтарын құрды. Сол арқылы халықаралық ашық ынтымақтастық қағидаты мен халықаралық реттеуші стандарттарына сәйкес құрылымдық элементтерді біріктіруге атсалысты. Орталықтың құқықтық және заңнамалық негізі ретінде ағылшын құқығына сәйкес әрекет етіп, дауларды шешу және арбитраж жүйесін соған негіздейді деген сеніміміз ақталды.
2016 жылдан бері ынтымақтастық орнатқан британдық заң сарапшылары мен компаниялардың көбі бүгінде АХҚО-ның Құқықтық консультациялық кеңесі, Соты және халықаралық төрелік орталығы арқылы жұмысын сәтті жалғастырып отыр. Ұлыбритания билігі Нұр-Сұлтандағы елшілігі арқылы біздің жұмысымызға үлкен қолдау көрсетеді.
Осындай қысқа мерзім ішінде қаржы орталығын құру арқылы Қазақстан тарапы елдегі экономикалық дамудың деңгейіне халықаралық инвесторлардың көзін жеткізді. Бұл – ел экономикасын жекешелендіру мен әртараптандырудың ауқымды процесін іске асыру үшін маңызды.
– Нұр-Сұлтан әлемдегі қаржы хабының біріне айналуды көздейді. Бұл үдерісте АХҚО-ның алар орны қандай? Нұр-Сұлтан қаржы хабына айналу үшін қандай салаларда жұмысты жандандыру қажет?
– АХҚО-ның негізгі функцияларының бірі – отандық және халықаралық деңгейдегі инвесторлар, қаржылық қызметтерді жеткізушілер және басқа да маңызды мүдделі тараптар үшін Қазақстанның жаһандық профилін және елдегі мүмкіндіктерге қол жеткізудің түсінікті әрі сенімді тәсілін құру.
Лондон мен Ұлыбританияның қаржы орталықтарының тарихы дәлелдегендей, мұндай мүмкіндіктер танымал және бизнесті жүргізуге сенімді орта арқылы ғана толық іске асады. Заңның үстемдігі бизнесте өте маңызды орын алады және АХҚО жоспарлаған мақсаттарының негізі де осы.
Осы орайда «TheCityUK» корпоративтік басқару кодексін және этикалық тәжірибе мен бизнес жүргізудің ең жоғары стандарттарын қамтамасыз ету әдістерін әзірлеу бойынша АХҚО-мен тығыз жұмыс істейді. Ұлыбританияда және басқа да ағылшын құқықтық негізіне бағынатын елдерде үздік тәжірибені қамтамасыз ету – басты міндетіміздің бірі. Сондықтан бұл жұмысты АХҚО-да да жалғастырамыз.
Орталықтың жұмысын қадағалайтындар үшін жақсы жаңалық бар. АХҚО басшылығы қандай жұмыс істеу қажеттігінен, нендей мәселелерге кезігетінімізден хабардар. Сондай-ақ Ұлыбританияны аса маңызды әріптес ретінде әрі қарай қарастыру бағытындағы жұмыс жалғаса береді. Табысты ынтымақтастықтың екі елге пайдасына қазірдің өзінде куә болып отырмыз.
– АХҚО-ның негізгі мақсаттарының бірі – инвестиция тарту. АХҚО осы тұрғыдан басқа елдерге қаншалықты қызықты болуы мүмкін? Жалпы алғанда, Орталық Азия, оның ішінде Қазақстан инвесторлар үшін қаншалықты тартымды?
– Халықаралық қаржы орталығының табысын анықтауға көмектесетін факторлардың ішіне шетелдік инвестицияларды тартудың пайдасы кіреді. Банктер, сақтандыру, қорларды басқару, бағалы қағаздар, туынды қаржы құралдары, валюта айырбастау, кәсіби қызметтер және ең бастысы, адам капиталының бір жерде орналасуы маңызға ие.
АХҚО осы факторларды ескереді. Әлемдегі бүкіл халықаралық қаржы орталықтары Лондон, Нью-Йорк немесе Сингапурдағы секілді жаһандық хабқа айналмайтыны белгілі. Ендеше, жергілікті немесе өңірлік деңгейге көңіл бөлген, мақсатты мамандандырылған қызмет ұсынатын, белгілі бір тауар түрлеріне басымдық берген қаржы орталықтарының болашағы зор. Бірақ әділ және ашық заңнамалық орта – ең маңызды фактор. Қалған факторлардың табысы осыған тікелей байланысты.
– АХҚО даулы жағдай туындағанда ағылшын құқық қағидаттары жүйесіне жүгінетіні белгілі. Жалпы, ағылшынның құқықтық принциптері қалай жұмыс істейді?
– Ағылшын құқық қағидаттары Ұлыбританиядан басқа әлемнің көптеген бөліктерінде, оның ішінде Аустралия, Канада, Гонконг, Үндістан және Жаңа Зеландияда қолданылады. Оның принциптері – соттардың үлгілі істеріне негізделген жазылмаған заңдардың жиынтығы. Ағылшын құқығы сот органдары мен жария алқабилердің пікірлері мен түсіндірмелеріне негізделеді. Оның мақсаты – тиісті істерге түсіндірмелердің бірыңғай стандарттарын қолдану арқылы дәйекті нәтижелерге қол жеткізу.
Ұлыбританияның бірқатар соттары мен заңгерлерін тарту арқылы азаматтық және коммерциялық дауларды шешуді халықаралық стандарт бойынша жүргізуге мүмкіндік бар. АХКО-ға Лорд Вульф (АХҚО Сотының төрағасы), Барбара Доманн (АХҚО Халықаралық төрелік орталығының төрағасы) және Майкл Блэр (АХҚО Құқықтық консультациялық кеңесінің төрағасы) сияқты Біріккен Корольдіктің бірқатар сыйлы халықаралық бас соттары, судьялары және заңгерлері кіреді.
Бұл сот Қазақстан Республикасының сот жүйесіне тәуелсіз. Оның апелляциялық соты, іс жүргізу нормалары, ұсақ талаптар үшін арнайы жеделдетілген процедурасы бар. Ең бастысы, АХҚО сотының судьялары, рәсімдері, тәжірибелері және стандарттары қазіргі уақытта Ұлыбританияда және бүкіл әлем бойынша басқа да ірі қаржы орталықтарында жұмыс істейтін кәсіпкерлерге таныс.
– Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасы бүгін әлемде және өңірде өте өзекті. Осы үдерісте АХҚО-ның рөлі қандай?
– АХҚО-да «Белдеу және жол» шеңберіндегі кез келген ұлттық инфрақұрылымдық жобаны дамыту үшін аса маңызды құқықтық кепілдіктер бар. Бұл «Белдеу және жол» шеңберіндегі бастамаларды ілгерілетуге қажетті өте күрделі қатынастар мен бағдарламаларға тірек болатыны анық.
Аталған бастама аясында көзделген ауқымды жобаларға атсалысуға қызығатындар көп. Халықаралық қаржы орталығының құндылығы осындай кезде анықталады. Қатысушылар мен ұйымдарды біріктіру, ынтымақтастық пен келісімшарттар үшін негіздер ұсыну, кез келген дау немесе кідіріс бойынша әділ шешім қабылдау немесе шешу үшін сенімді процесті ұсыну секілді қызметтер маңызға ие.
Ұлыбритания тұрғысынан біз «Белдеу және жолдың» маңызын көріп отырмыз. Қазақстанмен және АХҚО-мен қарым-қатынасымыз Ұлыбритания қатысатын жобалардың құндылығы мен коммерциялық императивін арттырады. АХҚО Қазақстанның Қытаймен қарым-қатынасында маңызды әріптесі бола отырып, ұлттық жобаларды анықтап, дамытады, бірлескен инвестицияларға жәрдемдеседі, жүзеге асырылатын жобалар үшін заңнамалық және нормативтік ортаны қамтамасыз етеді. Ұлыбритания халықаралық заң және инвестициялық жобалар саласындағы сараптамалық білімді ұсына алады. Сондай-ақ қосымша қаржыландыру және инвестициялар көздерімен көмектесуіне мүмкіндік бар. Осындай жобалар барысында кездесетін трансшекаралық келісімшарттарға қатысты дауларды шешуге оң ықпал етеді.
Қаржы орталықтары жақсы ынтымақтастықтың арқасында өсіп келеді. Мұндай өсу қаржы орталықтары орналасқан елдердің экономикасына пайда әкеледі. Қазір Ұлыбритания мен Қазақстанның қаржы орталықтары арасында осындай әлеует пайда болып жатқанын көру қуантатын жайт.
Әңгімелескен Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»