• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 28 Маусым, 2019

Мемлекеттік тілді меңгеру бірлігімізді нығайтады

844 рет
көрсетілді

Тәуелсіздік алған алғашқы күннен бастап Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елдің еңсесі бекіп, аяққа тік тұруына елеулі еңбек сіңірді. Елдіктің негізі бірлігімізді нығайту үшін бір шаңырақтың астында жүзден аса этнос өкілдерінің ұйысып, тірлік етуін қамтамасыз етті. Өйткені Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін түрлі жағдайлар болып, ұлтаралық қақтығыстар да тіркелді. Сондай қиын кезеңнің өзінде Қазақстан халқы ауызбіршілігінен айнымады, ішкі татулығын сақтап қалды.

Тұңғыш Президент үл­кен сеніммен іргесі берік, бірлігі бекем, көпэтносты мемлекет құратынымызды айтқан еді. Бүгінде ол да орындалды, уақыт куә. Ел­ба­сы саясатының, ел тату­лы­ғының арқасында Ота­ны­мыз Қазақстан гүл­де­ніп, өзгелермен терезесі теңе­сіп, әлем елдерінің көш­бас­­шылары санасатын ел бол­ды, аты жаһанға жайыл­ды. Жаңадан құрылған мем­лекеттің бойтұмары болып, бәйтерегімен бойын тіктеген айшықты астанамыз салынды. Осы жылдар ішінде Қазақстан дамуының бірнеше стратегия­сы қабылданды. Алғашқы «Қазақстан-2030» стратегия­сы, кейіннен қабылданған 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы – барлығында бірінші қойылған мәселелердің ба­­­сын­да ел халқының тұ­рақ­­­тылығын сақтау, ұлт­ара­лық келісімді арттыру бағыты тұрды. Дамудың даң­ғыл жолына бастаған бұдан басқа да салмақты бағдарламаларда ең алдымен осы тату-тәтті тірлігіміздің ті­регі ынтымағымыздан ажы­­ра­мауымызға баса көңіл бө­лінді.

Осы бағыттағы бастама­лардың ұйытқысы болып, Елбасының тікелей бастамасымен Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Елі­міздегі әртүрлі этнос өкіл­дерінің өңір-өңірде құрылған елу шақты этномәдени бір­лестігі бар. Нұрсұлтан Назарбаев президенттік өкі­леттігін тапсырса да, Ассам­блея Төрағалығын өзі жүр­гізіп, осы күнге дейін мемлекет қалыптастыру жылдарында жинаған бай тәжірибесі, кемеліне келген кісілік кел­беті, қиядағыны тани біле­тін даналығы, келешекті көре білетін көрегендігі Қазақ­стандағы келісімнің кетеуін кетірмей, құлашын кең сер­меуіне жол аша береді.

Ассамблеяның сайлау сайын құрамы өзгеріп, толық­тырылып отырады. Соның ішінде біздің армян, неміс, чешен, украин, тағы басқа этностардың өкілдері бар. Олардың әрқайсысының өзіндік орны бөлек. Этностар ұлтаралық мәселелерді Пар­ламент деңгейінде көтереді. Со­ған сәйкес заңға қажетті өз­герістер болса ұсыныс тастап, этностар өкілдерінің мүддесін қорғау жолында әрекеттенеді. Нәтижесінде осы жылдар ішінде ұлт­ара­лық қарым-қатынасқа сына қағатын шиеленісті түйт­кілдер болған жоқ. Осы тұста мына нәрсені айту керек: елімізде этнос өкілдеріне барлық мүмкіншілік жасал­ған, оқуға түсу, білім алу, қыз­мет істеу жағынан қол­дау көрсетіліп отырады. Сон­дай-ақ ұлттың әдебиетін, мә­дениеті мен өнерін дамы­ту жолындағы шаралар тұ­рақты ұйымдастырылады. Бала­ларына, жастарына тіл үйретіледі. Басқа мемле­кет-т­ер­ді білмедім, бізде корей ұлттық театры бар, ұйғырлар мен немістердің театры бар. Бұл да – ұлт мәдениетін арт­тыруға арналған игілікті іс. Ешбір этнос өкіліне ешқандай қысым жасалып жатқан жоқ, әрқайсысы Қазақстанның то­лыққанды азаматы, заң ор­тақ, құқық ортақ. Әрине, біз осы бағытты әрі қарай жал­ғастырып, дамыта түсуі­міз керек.

Қай елде тұрғысы келеді – әркімнің өз таңдауы бар. Бірақ қазақстандық этнос өкілдері осында тұрып, өсіп-өнгісі келеді, Қазақстанды өз Отаны санайды. Тіпті атаме­кеніне оралғандар да қа­зақ­стандықпын деп мақта­нышпен айтып жүреді. Би­ыл өткен Қазақстан хал­қы Ассамблеясының XXVII сес­сиясында этнос­тар ара­сындағы достықтың жаңа дең­гейге көтерілгенін бай­­қадық. Мәселен, тарихи Отанына көшіп барған қа­зақ­стандықтар шет мемлекеттермен Қазақстанның әріптестік байланысын кү­шей­туге септігін тигізіп жа­тыр. Олар біздің елге шет­елдік инвестицияларды тарту жұмыстарына белсенді араласып, туған жерлерінің түлеуіне зор үлесін қосуда. Осындай іс-шаралардың жұ­мысын енді жаңадан құрылатын Ассамблеяның шет­елдік достары клубы одан әрі ілгерілете түседі деп сенемін.

Бұған қоса бұл сессия­да ерекше назарымызды аудар­­ғаны – қазақ тілін же­тік меңгерген өзге ұлт өкіл­дерінің көбейгені. Отандас­тарымыздың мемлекеттік тілге деген құрметі жыл сайы­н арта түскені қуантарлық жайт. Балаларын қазақ тілді мектептерге оқуға беріп жатыр. Елінің ертеңіне үлес қосамын деген, елінің бола­шағын ойлаған жан, әрине, сөйтеді. Бұл – үлкен белес, Қазақстандағы ұлтаралық сая­саттың дұрыстығының көрсеткіші.

Осы ілкімді істерден түй­ген ойым, қазақ тілі елі­міз­дегі 130-дан аса этнос өкілінің тату-тәтті, түсіністікте өмір сүруіне, олардың басын бі­ріктіріп, бір ошақтың ба­сын­да ұйыстыруға жете­лей­тін таптырмас құрал екен­дігін айқындап тұр. Бұл – біріншіден, кезінде көп­шілігі осы елден пана тауып, қамқорлығын көрген бауыр­ларымыздың қазақ халқына деген пейілі, шынайы ықылас-сыйластығы болса, екіншіден, заңды құрметтеу, тәртіпке бағыну, мемлекет тіліне деген баға. Әрине өзіміздің кей­бір қаракөздеріміз ана тілімізді өгейсітіп жатқанда өзге этнос баласы мәртебесін арттырып, аясын кеңейтіп жатса, мерейіміз тасып қалады. Бүгінде қазақшаға судай ағып сөйлейтін этнос өкіл­дерінің қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын да егжей-тегжейлі біліп тұрса, таңғалмайтын болдық. Ала­лықтан, алауыздықтан бойын аулақ ұстап, бірауызды болуға бейілді осыншама этнос өкілінің бір шаңырақ астында берекелі, бейбіт күн кешуіне мемлекет бар жағдайды жасауда, аянып қалып жатқан жоқ. Ал қазақ тілінін қасиетін ұғынып, қадір тұтқан ағайынға біздің алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Ендігі жерде мемлекет құраушы ұлттың тілі бар халық­тың басын біріктіретін қуатты қаруға айналуы ке­рек. Бұл – біздің кемел келе­шегіміздің кепілі.

 

Оралбай ӘБДІКӘРІМОВ,

мемлекет және қоғам қайраткері