Қанатқақты жоба шеңберінде 17 маусымнан бастап елорданың Байқоңыр ауданында орналасқан ең ірі халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары қызмет алушыларға мекенжай бойынша тіркеуге тұру және тіркеуден шығу мемлекеттік қызметтерін көрсете бастады. Бұл қызметтің жүргізілуіне тікелей жауап беретін ҚР ІІМ миграциялық қызметі ХҚО мамандарына «Құжаттау және халықты тіркеу» ақпараттық жүйесін қолдануға рұқсат беріп, арнайы оқыту шараларын өткізді.
Қанатқақты жоба іске қосылған он күн ішінде аталған ХҚО-да тұрғылықты жері бойынша тіркеуге тұру қызметін алушылардың кезегі 100-150-ден 2-7 адамға дейін қысқарған.
Айта кетейік, халыққа қызмет көрсету орталықтарында «құжаттау» (жеке басты куәландыратын құжаттарды рәсімдеу, тұрғылықты жері бойынша тіркеуге қою/алу) қызметтерін миграциялық полицияның 1-3 маманы көрсетеді. Елордадағы №4 ХҚО бөлімінде орналастырылған миграциялық қызметтің 3 маманына ХҚО-ның тағы 3 операторы жүктемені азайтуға көмектеседі, сондай-ақ қызмет алушылар саны тым көбейген шақта тағы 2 ХҚО қызметкері жұмылдырылады.
Болашақта бұл қанатқақты жоба Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының барлық Халыққа қызмет көрсету орталығын қамтиды деп жоспарланған.