Не сұраса да алатынына көзі жеткен көрші елдің билеушісі үшінші кезекте екі мемлекет арасындағы мал тұяғы тимеген құнарлы жерді сұратыпты. Сонда Мөде қандай жауап береміз дегендей, би-уәзірлеріне сұраулы жүзбен қарапты деседі көне аңыз. Арғымағы мен әйелін сөзге келмей келімсектерге жетектетіп жіберген тәңірқұты бұл жолы да солай шешер деп ойлаған нөкерлері «керек жерін алсын, тәңірге тәубе, жер жетеді ғой» деп шуласыпты. Сол кезде қаһарына мінген тәңірқұты: «Көптігінен жер қайысып, дүбірінен құлақ тұнған жылқымның бірінен іші боқ, сырты түк бір арғымақ тумас деймісің! Ажарынан ай ұялап,келбетінен күн қаймыққан Көктүріктің әйелдерінен маған жар боларлық бір ару тумас деймісің! Ал қай биең, қай әйелің саған жер туып бере алады?!» деп ұран салып, жауын тас-талқан етіпті деп сыр шертеді ескі заманнан жеткен көне аңыз...
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының аяқ кезінде дүркін-дүркін әңгіме шығып жатты: «неміс халқы санымыз миллионға жетті, автономиялы ел боламыз, ол үшін Екінші дүниежүзілік соғыстан бұрын мекендеген Волга бойындағы жерімізді сұраймыз» деген. Тілектері орынды. Бірақ Мәскеу басқаша шешім қабылдады. «Жер қазақ жерінен берілсін» деген Саяси бюроның қаулысы шықты. Бұл қазақ жерінің біртұтастығының тамырына балта шауып, ел іргесін сөгу жолы екенін әр қазақ жақсы түсінді. Жоғалтқанымыздың бәрінің орны толар, ал ата-бабамыздың қанымен суарылған жерден айырылу – орны толмас қасірет.
Елінің амандығы үшін баласын аманатқа беретін, қонақты құшақ жайып қарсы алып, жалғыз малын сойып, алдына тартатын қазағымның қаулыға қарсылық білдіріп алаңға шығуы сол күндері тарихи заңдылық еді. Бұл көтеріліс 1979 жылғы, маусым айының 16-сы мен 19-ы аралығында Ақмолада өтсе, 1 шілде күні Көкшетауда ұйымдастырылды. Бұлай деуіме себеп, басқа да елім, жерім деген жерлестерімізбен бірге өзім де сол оқиғалардың ортасында болған едім. Үкіметтің көтерілісті бүркемелеп, болғанды болмағанға айналдырғаны соншалық, көрші өңір – көкшетаулықтарға тек «Ақмолада сондай жағдай болыпты» деген сыбыр сөздер ғана жетті. Көкшетауда болған жағдайды ақмолалықтардың білмеуі де осыдан. Жоғарыға «алаңға 50 шақты адам ғана шықты» деген мәлімет кетті (Көкшетау ұлттық қауіпсіздік комитетінің мұрағатынан).
Өткенге көз салсақ, егеменді ел болу жолында орыс үстемдігіне қарсы Кенесары көтерілісі, 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысы, кеңес заманында да толқулар болғаны белгілі. Ал маусым көтерілісінің күштілігі сондай, әсіресе, Ақмолада «жергілікті әкімшілік үрейленіп, Алматы мен Мәскеудің басшы, партия және кеңес органдарына хабарлауға мәжбүр болды. Алматыдан Қазақ КСР Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің төрағасы, генерал-лейтенант Шевченко мен Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары, генерал-майор Тұмарбеков, Мәскеуден одақтық Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары, генерал-полковник Бабков келіп жетті. Олар ешкімді көшеге шығармау, шыға қалса алаңға жолатпау, алаңға түйісетін көшелерді адам өтпестей етіп автобус және жүк машиналарымен бекіту, жергілікті әскери бөлімдер мен МҚҚ және ІІМ қызметкерлері жаппай қаруланып, қажеттілік туындаған жағдайда күш қолдануға дайын болу керектігін ескертті. Іріткі салушыларды тауып, іс қозғап, жауапқа тарту да назардан тыс қалмауы қажеттігін қаперге салды» (Қ.Қапышев, «Зерде» газеті, 22 наурыз 2002 жыл).
Ақыры көздеріне қантөгіс елестеген мәскеулік басқарушылар қазақ жерінде немістердің автономиялық облысын құрудан бас тартты. Бұл күндері «Димаш Ахметұлының еңбегі ерекше болғаны сөзсіз. Ол кісінің беделінің арқасында үлкен бір қасіреттен аман қалдық. Д.Қонаевтан ешкімді жазаламаңдар, қудаламаңдар» деген тапсырма-бұйрық түскеннен кейін бәріміз аман құтылдық (Б.Сұңқарбаев, «Зерде» газеті).
Егер сол жолы қазақ жерінде автономия құрылса, Одақ құлағанға дейінгі 12 жылда басқа да автономиялар құрылмасына кім кепіл еді? Кеңес заманында «халқы 1 миллионға жеткен халық автономиялы ел болуға құқығы бар» деген заңға сүйеніп, басқа ұлттар да бізден жер сұрауы мүмкін еді. Неміс халқына берілген жер оларға неге берілмейді деген сұрақтың туындайтыны да заңды көрінеді. Бәлкім, құрылған автономия еліміздің егемендік алу жолына ешқандай кедергі келтірмейтін еді десек те, қазір жоқ жерден жік шығарып, тәуелсіз мемлекет боламыз деп мәселе көтермеуіне кім кепіл? Әрине, ондай кепілдікті ешкім де бере алмайды. Ал бұл сұрақтың жауабын Әзербайжандағы Таулы Қарабақ, Грузиядағы Абхазия, Осетия, Молдовадағы Днестр жағалауы, Сербия жеріндегі Косово мәселелерінен табуға болады. Бір кездері Сталиннің саясатымен пана тапқан халық өзінің автономиялық тәуелсіздігін даулап жатса, қантөгістің көкесі сонда болмас па еді?!
Еліміздің біртұтастығын сақтап, сол қантөгістің жолын кескен Ақмола мен Көкшетауда өткен көтерілістің жалғасы 1986 жылы жалауын көтерді. Жалғасы дейтінім, егер 1979 жылғы көтеріліс күшпен басылып, қантөгіспен аяқталғанда, Алматыдағы көтерілістің болуы екіталай еді. 1986 жылы халық алаңға 1979 жылдың жемісіне де арқа сүйеп, осы жолы да айтқанымыз болады деген оймен барды. Қаншама әділетсіздікке ұшырап, кантөгіспен, қасіретпен аяқталған көтеріліс көп ұзамай егемен еліміздің дүниеге келуіне ықпалын тигізді. «Шығынсыз жеңіс жоқ» деген осы болар.
Иә, сол күндері неміс халқына қарсы шықты деген арандатушылар да болды. Бірақ терең ойлы неміс халқы бұл қазақтардың өз жерін қорғау жолындағы іс - әрекеті екенін жақсы түсінді. Жерді қай ұлт сұраса да қазақ халқы қарсылық танытатынына көздері жетті. Қазіргі көп ұлтты, демократиялы елімізге бұл көтеріліске баға беруге ұлт арасы ашылады деген ой кедергі болар. Дәл осы арада айтарым, өзінің жерін қорғаған халық басқа халықтың жауы деу – үлкен қате.
Биыл маусым көтерілісіне 40 жыл толды. Сол күндері алаңда болған халықтың талайы дүниеден озды, жастары алпыс-жетпіске жетіп, ақ шашты ата-әжелерге айналғаны қаншама. Демек, осы ретте, жерім, елім деп шырылдаған үлкен-кіші қандастарымды еске алып, рахметімді айтып, басымды иіп, тағзым жасамай, айыбы болмас. Бұған қоса өскелең ұрпаққа егемен ел болу жолында қазақтың басынан қандай оқиғалар өткенін жеткізіп, елі мен жеріне деген патриоттық сезімдерін ояту да бүгінгі таңда аса қажет іс.
Елімізде 130 ұлттың өкілі тұратыны рас. Олармен дәм-тұзымыз адал, құшағымыз ашық, бақытымыз бірге болып келеді. Бірақ, елдің тыныштығы үшін әрбір этнос қазақ жерінің тарихи иесі қазақ екенін естерінде ұстағаны жөн!..
Майра ТҰРСЫНБАЕВА
КӨКШЕТАУ