• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 01 Шілде, 2019

Қостанайлықтар 450 үйді қалпына келтіріп береді

271 рет
көрсетілді

«Нұр Отан» партиясының бастамасымен жария­ланған «Арыс, біз біргеміз!» жалпыреспуб­ли­ка­лық акциясына орай облыс әкімі Архимед Мұхам­бетов бұқаралық ақпарат құралдары өкіл­деріне брифинг өткізді. Онда өңір басшысы Қостанай облысы Арыс қаласындағы бүлінген 450 үйді қалпына келтіріп беретіндігін айтты.

Қазір облыс әкімінің орынбасары Сергей Карплюк бастаған топ Арыс қаласында жүр. Құрамында құрылыс, техникалық зерттеу ұйымдарының мамандары бар топ жөнделетін үйлерді көріп, тізімге алып, олардың қан­шалықты зақымданғанын, қандай жұмыстар жүр­гізілетінін, қажетті құрылыс материалдарының көле­мін анықтайды. Соған сәйкес керекті қаржы көлемі анық­талып, көп ұзатпай жұмысты бастап кету мақсаты қойылды.

– Жөндеу, қалпына келтіру жұмыстары Қостанай облысына бекітілген 450 үйдің жартысы көп қабатты, жартысы жеке сектордағы тұрғын үйлер. Олар­дың зақымдануы да әртүрлі дәрежеде екені белгілі. Үйлердің қаншалықты бүлінгенін, оларға жұмсалатын құрылыс материалдарының, атқарылар жұмыстың көлемін Арыста жүрген біздің 8 адамнан тұратын мамандар тобы жете зерттеп, анықтап келеді. Олардың жұ­мысының қорытындысы мен тұжырымына сәй­кес қаржы көлемі есептеледі. Біз оған негізінен жи­нал­ған қаржыдан жұмсайтын боламыз. Ал жетпей жат­қанда ғана бюджеттік резервтен қарастырамыз. Сондай-ақ мен бір-екі күн бұрын Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық сессиясында этномәдени бірлестіктердің төрағаларына осы жағдайды жеткіздім. Ірі, орта, шағын бизнес өкілдерімен кездесу өткіздім. Барлығы зардап шеккен отбасыларға гуманитарлық көмек көрсетуге, олардың тұрғын үйлерін қалпына келтіруге көмектесуге дайын екендерін білдірді, – деді А.Мұхамбетов.

Мамандар зерттеуінен кейін үйлерді қалпына кел­тіру жұмыстарының қалай тиімді жүргізілетіні де шешімін табады. Өңір басшысы айтқандай, мерді­гер компаниялар, құрылысшылар, жұмыс күші жер­гілікті жерден қарастырылатын болса, Қостанай об­лы­сы 450 үйдің қалпына келтіру шығынын төлеп, құ­ры­лыс­шылар мен мамандар жібермеу нұсқасы да қарас­тырылады.

Күнгейдегі бауырларымыз айтып келмеген апаттан зардап шегіп, бала-шаға шулап жатқанда Тобыл өңіріндегі ағайынның арқасын аяз қарығандай болды. Апат болған күні-ақ Арыс тұрғындарына көмек жұмыстарын орталықтандыру үшін жетекші партия облыстық филиалының төрағасы ретінде облыс әкімінің басшылығымен штаб құрылды. Оның құрамында Василий Розинов, Игорь Ким, Қайрат Маишев сияқты облысқа белгілі кәсіпкерлер мен қоғамдық пікір көшбасшылары бар. Апаттың алғашқы күні-ақ бір күндік жалақысын аудару бастамасын облыс­тағы көптеген мекеме мен мемлекеттік емес құ­ры­­лымдар қызметкерлері, кәсіподақ ұйымдары қол­да­ды. Тек мемлекеттік органдардың қызметкерлері зар­дап шеккендерге 20 млн теңгеден астам қаржы аударды.

– «Қарасу-Астық» ЖШС директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Алмат Тұрсынов және оның ұжымы 3,5 млн теңге, «БК-Строй» ЖШС директоры Игорь Кимнің ұжымы 2 млн теңге, «Милх» ЖШС бас директоры Сергей Блоктың өзі 1 млн теңге аударды, – деді өңір басшысы Архимед Мұхамбетов.

Түркістан облысына 20 тонна бірінші сұрыпты ұн, 7 тонна макарон, 3 тонна кондитер өнімдері жеткізілді. Облыстың кәсіподақ орталығы «Сәби» гуманитарлық акциясының аясында 1 жасқа дейінгі балаларға қостанайлықтардан жөргектер, балалар тағамы, гигиеналық сулықтар секілді бірінші қажетті заттарды жинауды ұйымдастырды. Алғашқы жүк апаттан кейін бір тәулікке жетпейтін уақытта жиналып, керуен жөнелтілген еді. Екінші жүк керуені де жолға шығады.

Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов журналистер үшін өткізген брифингте Тобыл-Торғай өңірінің жұрт­шылығын, кәсіпкерлерін отандастардың басына түскен қиындықты бірге көтеруге, оған салғырт қарамауға, қолдан келгенше қайырымдылық көмегін беруге шақырды.

 

ҚОСТАНАЙ