• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Аймақтар 01 Шілде, 2019

Атырауда суретші Мұратбек Жоламанның көрмесі өтті

842 рет
көрсетілді

«Ол ешқашан тапсырыспен жұмыс істемеді. Жан дүниесіне не әсер етті, мына сұлу дүниеден нені аңғарды, соны ғана қағаз бетіне түсіретін. Шабытсыз қылқалам ұстаған кезі болған емес». Суретші Мұратбек Жоламан туралы жұбайы Гүлжамыш Бәкейқызы осылай еске алады. Абзал азаматының 33 жылға ғана жеткен қысқа ғұмырын қолының табы қалған әр картинасы жалғастыратындай көреді. «Тек 30 картина салып үлгерді. 100-ден астам суреті сұлба күйінде қалды»,-дейді. Кім біледі, мүмкін қолтаңбасы дара суретшінің аяқталмай қалған жұмыстарын ұрпақтары жалғастырар...

Ш.Сариев атындағы Атырау облыстық көркемсурет және қолданбалы сәндік өнер музейінде ҚР Суретшілер бірлестігінің мүшесі, белгілі суретші Мұратбек Жоламанның  «Рухпен сырласу» атты көрмесі өтті. Шараға Қазақстан және Қырғызстан Республикаларының еңбек сіңірген қайраткері, композитор, суретші Ілия Жақанов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, мемлекеттік сыйлықтың иегері Ақұштап Бақтыгереева, ҚР Суретшілер Одағының төрағасы Өмірбек Жұбаниязов пен Мұратбек Жоламанның жұбайы Гүлжәміш Бәкейқызы қатысты.

Музей қабырғасынан орын алған суретшінің картиналарынан менмұндалаған рухты, жігер мен қайсарлықты аңғармау мүмкін емес.

- Отандық бейнелеу өнерінде өзіндік із қалдырған Мұратбек Тауфиқұлы негізінен тарихи тақырыптарға басымдық берді. Қай картинасына да үлкен жауапкершілікпен, дайындықпен барғаны байқалады. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында осындай өнер иелерінің шығармашылықтарын насихаттау, эстетикалық тәрбие беру – біздің жұмысымыздың басты мақсаты, - дейді музей басшысы Төлеген Орынбасарұлы.

Суретші Мұратбек Жоламан 1966 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясын бітірген. 2000 жылы өмірден озды. Қазір суретшінің жұмыстары Англия, Польша, Корея, Түркия елдеріндегі музейлерде сақтаулы. «Құлагер», «Еділ-Жайық», «Сарын», «Тұмар», «Қорқыттың теңізге келуі», «Қызғыш құс», «Аттиланың елесі» секілді басқа да картиналары суретшінің биік өресін, жоғары талғамы мен қалам қуатын анық аңғартады. Атыраулықтар көрмені бір ай бойы тамашалай алады.