• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 02 Шілде, 2019

Маңғыстаулық мемлекеттік қызметшілер челлендж жолдады

920 рет
көрсетілді

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен 23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күніне орай, сонымен қатар, «Маңғыстаудың 1000 жылдығы», «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өлкеміздің киелі жерлеріне облыстағы 100-ге жуық мемлекеттік қызметші және тарихшы-маман саяхатқа шықты. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Саяхат Ақтау қаласынан бастау алып, Шерқала, Ақмыш, Қызылқала, Этноауыл және Айрақты бағыттары бойынша жалғасын тапты.

Маңғыстау жері – бұл ежелгі өркениет елі, 11 мың тарихи ескерткіш мемлекеттің қорғауына алынған археологиялық қорық, ашық аспан астындағы мұражай, мыңдаған тасқа салынған сурет-дастандардың елі. Ерекше діни ғимараттар мен Бекет Ата, Шақпақ Ата, Шопан Ата, Масат Ата мешіттерінің өлкесі, оларға тек Қазақстаннан ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінен келушілер де аз емес. Осыған орай ұйымдастырылған саяхаттың да мақсаты осы мыңжылдықтың аясында, қазыналы түбектің, тарихы терең маңғаз мекен Маңғыстаудың көз тартар жерлерін таныту.

Жүзге жуық жолаушы жол бойы көтеріңкі көңіл-күймен өз өнерлерін ортаға салып, арнайы шақырылған тарихшы мамандар Құралай Ізімбергенова мен Людмила Коровинаның баяндауында өлкеміздің тарихы туралы әңгімелермен сусындап, көкейіндегі сауалдарына тұшымды жауаптар алды.

Этносаяхаттың алғашқы аялдамасы Маңғыстау ауданында орналасқан Шерқала тауы болды.

Шерқала тауының етегінде маңғыстаулық мемлекеттік қызметшілер Шығыс Қазақстан облысындағы әріптестеріне «Туған жерді тани біл» атты челлендж жолдап, этнотур эстафетасын жалғастыруға үндеді.

Бұдан соң мемлекеттік қызметшілер Ақмыш шатқалына, ортағасырлық Қызылқала қазба жұмыстары жүріп жатқан жерге табан тіреді.

Қазіргі таңда Маңғыстау облысы аймағында төрт орта ғасырлық елді мекендердің қалдықтары белгілі. Солардың бірі - Маңғыстау ауданы аумағындағы Ақмыш бұлағы жағасында орналасқан Қызылқала қалашығы, Х ғасырдың екінші жартысы - ХІІІ ғасырдың бас кезеңдеріндегі неғұрлым маңызды ескерткіш болып табылады. Мамандардың айтуынша, ерте орта ғасырларда Маңғыстау облысы аймағынан белгілі Ұлы Жібек жолы деген континентаралық сауда жолдарының солтүстік тармақтары өткен. Маңғышлақ түбегінің аймағы құрлық және теңіз сауда қатынастарының тамаша ұштасқан сауда жолдарының транзиттік бөлігінің бірі ретінде маңызды рөл атқарды. Сауданың дамуы мұнда алғашқы отырықшы елді мекендер мен қалалардың, ал Каспий теңізінің жағалау алқаптарында-портты қыстаулардың пайда болуына себебін тигізді. Теңіздегі сауда барлық Каспий маңы мемлекеттерін біріктірді.

Бұл археологиялық нысанның шағын ғана бөлігіне алдын ала жүргізілген қазба жұмыстарының қорытындысы Қызылқала - ірі сауда-қолөнер қаласының қалдықтары болып табылады деп болжауға мүмкіндік береді. Бұл жерден табылған қыш ыдыстарының сынықтары бойынша жорамалдасақ, қалашық құрылысы Х-ХІ ғғ. кезеңдерінде басталған, ал қайнаған өмір ХІІІ ғ. екінші жартысында Алтын Орданың сауда байланыстары жандануы басталғанға дейін тоқтаған.

Тарихшы мамандардың айтуынша, Қызылқала керуен сарайын UNESCO деңгейінде қорғауға алуға толық мүмкіндіктер бар.

Этносаяхаттың келесі бір аялдамасы «Көгез» этноауылы. Жоғарыда атап өткеніміздей, Маңғыстау - қазыналы түбек, тарихи ескерткіштер мен мыңдаған жол өлкесі. Осы мәдени мұраларды кеңінен насихаттау үшін аймақтатұтас бір этноауыл бой көтерген болатын. Этноауылға келген қонақтар қазақтың дәстүрімен танысып, ұлттық тағдамдардан дәм татады, арнайы туристік бағыттар бойынша өңірдің тарихи және көрікті жерлерін аралайды.

Тарихи-танымдық іс-шара Айрақты тауының етегінде аяқталды. Батыс Үстірт кемерінің (шыңының) қиыр солтүстік-батысында және Өліқолтық сорының түйіскен жерінде орналасқан. Абсолютті биіктігі 148 метр. 1931 жылға дейін өзімен аттас айлақ және елді мекен болған. Қазан төңкерісіне дейін Айрақтыдан Қоңырат қаласына дейін тұрақты сауда керуені қатынап тұрған. Қазақстандағы ірі ас тұзы және мирабилит тұздарының кен орны ретінде белгілі.