Қазақстан Президенті өз сөзінде заң үстемдігін сақтау қағидаты орнықты экономикалық дамуға және инвесторларға деген сенімге ықпал ететінін айтты.
– Біз заманауи, кәсіби және дербес сот жүйесін қалыптастыруға ерекше көңіл бөлеміз. «Астана» халықаралық қаржы орталығының Соты мен Халықаралық арбитраждық орталығын ағылшын құқығы қағидаты негізінде құру арқылы біз «Астана» халықаралық қаржы орталығының институционалдық құрылымын жасауды аяқтаймыз. Сонымен қатар, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың негізгі бастамаларының бірін жүзеге асырамыз, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, «Астана» халықаралық қаржы орталығының құрылуы Қазақстанның әлемнің дамыған отыз елінің қатарына қосылу үшін жасаған қадамдарының бірі саналады.
– Біз бұл міндеттің өте өршілдік екенін түсінеміз. Ол тұрақты әрі сапалы экономикалық өсімді, әртараптандыруды, жаңа инвестиция мен технологияны тартуды талап етеді. Біз реформалардан қорықпаймыз. Сондықтан, бұрынғы КСРО аумағында алғаш рет ағылшын құқығы сот төрелігінің жалпы жүйесі аясында елімізде табысты қолданылып отыр, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы «Астана» халықаралық қаржы орталығында исламдық қаржыландыру, адам капиталын, инновация мен цифрландыруды дамыту, стартап-жобаларды қолдау салалары бойынша жүзеге асырылып жатқан жобалардың мамандандырылған көрмесін аралап көрді. Сонымен бірге, Қасым-Жомарт Тоқаев «Астана» халықаралық қаржы орталығы биржасының жұмысымен танысты.