• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
29 Маусым, 2019

Шағын футболдан дәстүрлі қайырымдылық турнирі өтті

346 рет
көрсетілді

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы, «Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесі бұқаралық спорттың насихатталуына және қайырымдылыққа бағытталған шағын футболдан дәстүрлі қалалық турнирін өткізді.
Қала тұрғындарын салауатты өмір салтын ұстануға әрі қиналғанның мұң-мұқтажын бөлісуге шақыруды мақсат еткен турнир №76 мектеп-лицейінің жасыл алаңында өтсе, оған рухани-қоғамдық сала өкілдерінен құралған 8 команда қатысты.  – Қатысушы командалардың жарнасы, оған қоса «Ел-Несібе» қайырымдылық қоры мен жекелеген азаматтардың көмегімен барлығы 154000 теңге жиналып, Арыс қаласында тұратын екі отбасыға теңдей бөліп жіберілді. Бұған дейін өткен турнирлерден түскен қаражат елордалық әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасыларға табысталса, бұл жолы баршамызды алаңдатқан Арыстағы жағдайға байланысты сол өңірдің тұрғындарына аз да болса жәрдемімізді тигізсек деген ниетпен осылай шештік. Атап айтқанда, үйіне снаряд түсіп, баспанасы түгелдей жанып кеткен Қарлығаш Байегізова мен өзі және екі ұлына снаряд тиіп, ауыр жарақаттанған Нұрлан Рахимовтың отбасына турнирден түскен қаржыны аудардық. Қайырымдылық турниріне атсалысқан азаматтарға алғысымыз шексіз, - дейді ұйымдастырушылардың бірі Қолғанат Мақатұлы.  Ал турнир қорытындысына келсек, қарсылас шақ келтірмеген «Тұран» командасы «Руханият» КММ-нің ауыспалы кубогіне ие болса, оларға финалда жол берген «Селикатный» командасы екінші орынды місе тұтты. Жартылай финалда сүрінген турнир ұйымдастырушылары «Руханият» және «Егемен Қазақстан» командалары өзара 3-орынды сарапқа салып, нәтижесінде «Егемен Қазақстан» командасы жеңіске жетті.