Осымен 28 мәрте ұйымдастырылғалы отырған дәстүрлі жарысы арқылы көптеген сақа спортшылардың тәрбиеленіп шыққаны баршаға мәлім. Солардың қатарында Виталий Савин, Ольга Шишигина, Ольга Рыпакова, Григорий Егоров, Дмитрий Карпов, Игорь Потапович және тағы басқа даңқты жерлестеріміз бар. Биылғы додада 2020 жылғы Токио Олимпиадасының және 2019 жылғы әлем чемпионатының лицензиялары сарапқа салынады. Сол себепті де Алатау бөктеріне бірқатар мемлекеттерден белді жеңіл атлеттер келіп, айтулы жарыстардың жолдамалары үшін таласуды құп көріп отыр. Біздің елдің де ең үздік өрендері Ғұсман Қосановтың мемориалында өнер көрсетеді.
Жеңіл атлеттерге қатысты тағы бір жағымды жаңалығымыз бар. Күні кеше Алматыда аяқталған Қазақстан кубогында үш қарғып секіру жаттығуында бақ сынаған Ольга Рыпакова 14 метр 37 сантиметрлік көрсеткішпен бас жүлдені олжалады. Осы нәтижесінің арқасында ол Олимпиа ойындарының лицензиясына иелік етті. Осылайша, қазақстандық жеңіл атлет өзінің төртінші Олимпиадасына қатысқалы отыр. Осыған дейін Рыпакова 2008 жылы Бейжіңде – күміс, 2012 жылы Лондонда – алтын және 2016 жылы Рио-де-Жанейрода – қола медальді иеленген болатын.