Әйтсе де қазақ терминологиясын дұрыс қалыптастыру бағытында көңіл толмайтын тұстардың, орнығып қалған бірлі-жарым келеңсіздіктердің күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқанын жасыра алмаймыз. Сөзіміз жалаң болмас үшін нақты мысалдарға жүгінелік.
Мәселен, Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Мемлекеттік терминология комиссиясының 2000 жылғы 25 қаңтардағы мәжілісінде бекітілген терминдер мен бірқатар жекелеген аталымдар тізбесі сол 2000 жылғы 29 наурыздағы «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған болатын. Ондағы көптеген терминдер баламасының нақпа-нақ әрі дәлме-дәл берілгені күмән келтірмейді.
Десек те, терминдерді қалыптастыруға байланысты бір шикіліктің орыс тілінің өзіне өзге тілден енген, халықаралық деңгейде, тіпті ауызекі сөйлеу тілінің өзінде әбден қалыптасып, құлаққа сіңісті болып кеткен сөздердің өзін қайткенде қазақшалап беруге ұмтылудан туындап отырғанын баса айтуға тиіспіз. Өкінішке қарай, осы орайда жалпы ниет жақсы болғанымен, әбден қалыптасқан халықаралық деңгейдегі терминдер мен басқа да сөздердің баламасы ана тілімізде сәтімен алынбаған кезде әу бастағы ниеттің толық ақтала бермейтіні анық байқалуда.
Мәселен, халықаралық деңгейде кеңінен белгілі, орыс тілінің өзіне өзге тілден енген «дипломат» деген термин сөз жоғарыда келтірілген тізбеде «мәмілегер» деп берілген болатын. Ең алдымен жаңағы сөздің түбірі «мәміле» екенін ескеріп, оны орысшаға аударатын болсақ, «сделка» дегенді білдіреді. Сонда «мәмілегер» деген сөзді орысшаға аударатын болсақ «сдельщик» деген мүлдем басқа мағынаны білдіретін сөз болып шыға келер еді. Оның үстіне жалпы дипломатты тек мәмілеге жығыла кетуге бейім тұратын адам ретінде елестетудің өзі қиын ғой. Өйткені дипломат дегеніміз – ақылы мен айласы қатар жүретін, тіпті өз елінің мүддесі үшін небір айла-тәуекелдерге бара алатын батыл, жалпы қалыптасқан сол кездегі жағдайды ой елегінен өткізіп, бірден-бір дұрыс шешім қабылдай алатын, сөйлеп кетсе шешен, жол көрсетсе көсем дейтіндей бірегей тұлға емес пе?!
Қуаныштысы сол, уақыт өте келе бұл термин сөз бұрынғы қалпына келтіріліп, қатарға қайта қосылғандай болды. Мәселен, 2009 жылы жарыққа шыққан «Құқық саласының терминдер сөздігінде» «дипломатическая виза» деген сөздер «дипломатиялық виза» деп дұрыс берілді. Осы тақылетті басқа да сөз тіркестері «дипломатиялық» болып бір ізге түсірілді.Ал «инвентарь» деген сөздің аудармасы сол кезде «мұқаммал» деп берілген еді. Осы орайда «инвентарь» деген сөздің негізінен «құрал-жабдықтар» болып аударылып келгені белгілі-тұғын. Мәселен, «сельскохозяйственная инвентарь» – «ауылшаруашылық құрал-жабдықтары». Кеңес дәуірі кезінде жарық көрген «Ауыл шаруашылығы сөздігінде» де бұл сөздің баламасы нақ осылай аударылып берілген болатын.
Жоғарыда аталған терминдер мен аталымдар тізбесінде «каталог» деген сөз «тізімдеме» болып бекітілген. Ал енді осы түбірі «тіз» дегеннен басталып, біртектес аударылатын сөздердің өте жиі ұшырасатыны және олардың бір-біріне егіз қозыдай ұқсас болып келетіні белгілі. Мәселен, Мемтерминкомның 1972-1981 жылдар аралығында бекітілген терминдер мен аталымдарда «опись» деген сөз де нақ жаңағыдай «тізімдеме» болып бекітілген. Оны Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің сол кездегі Тілдерді дамыту департаментінің 1998 жылы жарыққа шығарылған «Терминологиялық жинағынан» байқап көруге болады. Сонда «каталог» та, «опись» те «тізімдеме» болып бір ғана сөзге телінген. Өкінішке қарай, орыс тілінен аудару кезінде бір сөзге телінген сөздердің арагідік болсын кезігіп қалатыны өкінішті-ақ. Айталық, бір ғана «нысан» деген қазақ сөзі орысша бірнеше сөзге телінген, яғни «форма» – «нысан» болса, «объект» те – «нысан».
Осы орайда айта кеткен жөн, Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 4 қарашадағы №3186 Өкімімен мақұлданған Тіл саясатының тұжырымдамасында былай делінген: «Ең алдымен қазіргі қазақ тілінің ахуалының өзі, оның дамуы мен баюына байланысты проблемалар ғалымдардың, мамандардың, оқытушылардың айрықша көңіл бөлуін қажет ететін мәселе. Бұл жерде әңгіме жаңа әлеуметтік-мәдени болмысты бейнелеуде өзге әлемдік тілдермен қарым-қатынас жасау және тілдің ішкі әлеуетін пайдалану арқылы оның мүмкіндіктерін кеңейту жөнінде болып отыр. Тілде орныққан кірме сөздер мен халықаралық терминдерден бас тарту тіл «тазалығын» қамтамасыз етуді күйттейтін күмәнді ниетке де немқұрайды қарауға болмайды».
Өкініштісі сол, қазақ терминологиясын қалыптастыру бағытында осы бір салиқалы пікір күні бүгінге дейін жете ескерілмей келе жатқанын жасыра алмаймыз. Сөзіміз жалаң болмас үшін тағы да нақты мысалдарға жүгінелік. Мәселен, халықаралық деңгейде кеңінен белгілі «монополист» деген сөздің баламасы жоғарыда көрсетілген кезде «алпауыт» деп бекітілген еді. Негізінен бұл сөз «монополист» атауының астарындағы ұғымды толығымен қамти алмайтын еді. Неге дейсіздер ғой? Өйткені монополист тек зор ғана емес, сонымен бірге ең алдымен сол зорлығының өктемдігін жүргізуші тұлға немесе тіпті тұтастай бір жүйе емес пе? Сондықтан баспасөз бетінде бұл сөз негізінен сол бұрынғы нұсқасында беріліп келді де, ақыры бірте-бірте солай дұрыс қалыптасып кетті.
Өкінішке қарай, мәтіндерді аудару кезінде қалыптасқан терминдер мен аталымдардың бекітілген нұсқаларының өзінің әуел бастағы тура мағынасынан айырылып, екіұштылау, тіпті кейде басқашалау мән-мағына білдіретіні, сондықтан да осы тақылетті терминдер мен аталымдар өзі тектес қазақ сөздерімен қатарласа келгенде олардың бұрыннан белгілі нұсқаларының пайдаланылып келе жатқаны газет-журналдарда жиі байқалады.
Мәселен, «виза» деген сөздің екі түрлі баламасы болғаны белгілі: оның бірі – «рұқсатнама» да, екіншісі – «бұрыштама». Ең алдымен нақ осы жерде «нама» «тама» деген жұрнақтардың жалғанып, өзінше жаңа ұғым білдіргенсіп көрінуі көкейге қонып тұрған жоқ. Ал «визирование» деген сөз «бұрыштама соғу» деп берілген. Біздіңше, «виза» деген сөздің өзі бірдеңені істеуге, айталық, бір елден екінші елге баруға немесе басқа да бір шаруаны атқаруға берілетін рұқсатты білдірмей ме? Бұдан шығатын қорытынды мынау: реті келсін, келмесін «нама» деген жұрнақты пайдаланып, жаңа термин жасаймын деген жадағай пиғыл өзін өзі әрдайым ақтай бермейтінін баса айтуға тиіспіз. Осы орайда терминнің тек бір ғана мағынада қолданылатынын мойындайтын болсақ, ауызекі сөйлеу тілінде де әбден қалыптасып кеткен сөздерді, әсіресе халықаралық қатынастарда жиі пайдаланылатын терминдерді жөн-жосықсыз қазақшалай берудің жаңсақтыққа ұрындырып, жарға жығатын кездерін жиі байқап келеміз. Мәселен, әу баста қазақи ұғымда болмаған «балкон» деген сөздің баламасы «қылтима» деп беріліп, қалың қауымның езуіне күлкі үйірілткені бар. Мұндайда «бояушы бояушы дегенге, сақалын бояйды» дегенді еріксіз еске аласың.
Осы орайда айта кеткен жөн, көршіміз ресейліктер халықаралық деңгейде құлаққа сіңісті болып, өздеріне өзге тілден енген, әбден қалыптасып кеткен көптеген сөздерді сол күйінде алып, өз тілдерінің грамматикасына сәйкестендіріп кіріктіріп жібергенін жақсы білеміз. Бұдан орыс тілінің ұлан-ғайыр байлығына орасан зор нұқсан келіп отыр деп айта аламыз ба? Әрине жоқ. Демек, халықаралық қатынастарда әбден қалыптасқан терминдерді қазақ тіліне аудару барысында, егер көкейге қонымды, айқын баламасы табылмаса, нақ сол күйінде алғанымыз дұрыс деп білемін. Бұдан қазақ тілінің байлығына да еш нұқсан келмейтіні анық.Сондықтан еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев 2018 жылғы 10 қаңтардағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында «Егер біз қазақ тілі ғұмырлы болсын десек, оны жөнсіз терминологиямен қиындатпай, қазіргі заманға лайықтауымыз қажет. Алайда, соңғы жылдары әлемде қалыптасқан 7 мың термин қазақ тіліне аударылған, – деп орынды атап өткен болатын. – Мұндай «жаңалықтар» кейде күлкіңді келтіреді. Мысалы, «ғаламтор» (Интернет), «қолтырауын» (крокодил), «күйсандық» (фортепиано) және тағы сол сияқтылар толып жатыр. Осындай аудармаларды негіздеу тәсілдерін қайта қарастырып, терминология тұрғысынан қазақ тілін халықаралық деңгейге жақындату керек».
Елбасының бұл айтқандарының айдай анық ақиқат екені еш күмән келтірмесе керек. Жоғарыда айтылған бірлі-жарым деректер осы пікіріміздің айқын айғағы деп білеміз. Олай болса, термин атаулының бәрін қазақшалаймыз деп қалыптан асып кетпейік, түпкілікті шешімді он ойланып, жүз толғанып барып бір-ақ қабылдайық дегім келеді.
Қапез ҚОЖАХМЕТОВ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, аудармашы