• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 05 Шілде, 2019

Сегрегацияның тоқтағанына – жарты ғасыр

900 рет
көрсетілді

Осыдан 55 жыл бұрын 1964 жылы 2 шілдеде АҚШ президенті Линдон Джонсон «Азаматтық құқық туралы» билльге қол қояды. Бұл заңға сәйкес, АҚШ-та азаматтарды нәсілге, діни сенімі, әлеуметтік жағдайы, жасы мен жынысына қатысты бөліп-жаруға, қандай да бір дискриминацияға тыйым салынған болатын. Аталған құжат тек Америкада ғана емес, әлемдегі дискриминациялық белгілерді азайтуға ықпалын тигізді.

Колониалды Америкадағы дискриминация өте қатты еді. Мыңдаған афроамерикалықтар жылдар бойы еуропалық колонистерге құл болып, ешқандай құқыққа ие болма­ды. Негізінде сегрегацияға 1863 жылы ресми түрде тыйым салынғанымен, іс жүзінде қара нәсілділерді кемсіту мен қоғамнан алыстату тоқтаған емес-тін. Бұл тек адамдар арасында қалып қой­май, ғылымға да әсерін тигізген еді. ХІХ ғасырдың зиялылары өз еңбектерінде ақтарды басқаларынан артық, оларды физикалық тұрғыдан күштірек әрі ақыл­дырақ деп сипаттаған болатын. Мұн­дай тұжырымдарды ұстанғандар қата­рында Жозеф де Гобино, Жорж Ваше де Ляпуж, Густав Лебондар бар еді. Дискриминацияны тоқтату идеясын АҚШ-та Джон Кеннеди бастаған бола­тын, өмірден өткен президенттің құр­метіне қабылданған заң сегрегацияға нүк­те қойып, қара нәсілділердің қоғам­ның толық мүшесіне айналуына үміт берді. Дискриминация белең алып тұр­ған уақытта ақтар мен қаралар қоғамдық орын­дарда, автобустарда бөлек отырып, бөлек мектептерге баратын еді. Алайда бү­гін­гі қоғамда да дискриминация әлі сақ­­та­лып келеді. Оған мектептердегі қы­­сым көрсетуден бастап, жұмысқа қа­был­дау­дағы әділетсіздіктер туралы оқиғалар дәлел.

Тарихта бұған мысалдар көп. Адольф Гитлер 1936 жылы Берлиндегі Олимпиада ойындарына еврейлер мен афроамерикалықтардың қатысуына қарсы болған. Дегенмен, Халықаралық Олимпиада комитеті Германияға Олим­пиада хартиясын бұзуға тыйым салады. Осылайша, өз принципінен бас тарт­паған Адольф Гитлер жүзден жүйрік шық­қандарды марапаттау рәсіміне мүл­де қатыспайды. Дәл осы додада спринт шебері, америкалық спортшы Джесси Оуэнс жеңіске жеткен еді. Джесси Оуэнс нәсіліне қатысты сегре­гацияның Олимпиада чемпионы атан­ғаннан кейін де тоқтамағанын айта­ды. Оған өз елі АҚШ-та жұмыс бер­мей, спорт­шы отбасын асыру үшін жылқы­лар, ит­тер, тіпті кенгурумен жарысуға ке­лі­сі­м беріп, ақша табуға мәжбүр болған.

Заманның өзгеруі дискриминацияның ауқымын да кеңейте түсті. Ендігі кезекте бір жынысты некеге қатысты дискриминация талқылана бастады. Осылайша, қоғам некенің жаңа түрін мойындауды қарастырды. Алайда бұл бастамаға қарсы топтар аз болмады.  2001 жылы Голландия бірінші болып бір жыныс­тылар некесін заңдастырды,  бүгінде оған  әлемнің 29 елінде рұқсат берілген.

Қазақстан әу бастан көп ұлтты мемлекет. Еліміздегі түрлі этностың бейбіт күн кешуінде Қазақстан халқы Ассамблеясының үлесі зор. Дегенмен еңбек нарығында, отбасы институтында жас пен жынысқа қатысты кейбір заң бұзушылықтарды жоққа шығара алмаймыз.

Бүкіләлемдік экономикалық фору­мының 2017 жылғы статистикасы Қазақ­станның әлемдік гендерлік теңдік рей­тінгінде 52-орында екенін көрсет­ті. Ал ста­тистика комитетінің ақпара­ты­на сү­йенсек, 2017 жылы ерлер мен әйел­дерге төленетін жалақының айыр­ма­шылығы 3,3 пайыз болған. Яғни, еркектердің жалақысы әйелдерге қарағанда көп деген тұжырым расталып отыр. Біздегі жоғары лауазымдағы әйелдер саны аз, оған қоса  оларға сол қызметтегі ер азаматтарға қарағанда, азырақ жалақы төленеді. Осы орайда елімізде әйел ректорлардың саны – 14, ал ЖОО-ны басқаратын ерлер 100 екенін айтып кеткен жөн. Гендерлік дискриминация Атырау мен Маңғыстау облыстарында аса байқалады. Маңғыстауда орташа есеппен ер адам жалақысы  342 518 теңге болса, әйелдерге 146 359 теңге төленеді екен. Атырауда ер адамның жалақысы 342 518 теңгеге жетсе, әйелдер орташа есеппен 146 359 теңге табыс табады. Яғни, табыс айырмашылығы 2 еседен жоғары.  Әлем сарапшылары әйелдер қауымы мемлекеттің ІЖӨ-не 40 пайыз үлес қосатынын айтады. Ал Бүкіләлемдік экономика Форумы әйелдер мен ерлерге бірдей жалақы төлеу мемлекет экономикасының дамуына үлес қосатынын дәлелдеген. Бұл тәжірибе Норвегия, Швеция, Ислан­дия, Финляндия сынды мемлекеттерде кеңінен қолданылып келеді. Дегенмен, жынысқа байланысты дискриминация дамыған мемлекеттерде де сақталған. Оған АҚШ-тың Ұлттық ғылым қоры жасаған зерттеулері дәлел бола алады. Олардың айтуынша, АҚШ-тағы ер мен әйел ғалымдар саны шамалас болса да, әйелдердің 5-21 пайызы ғана жұмыспен қамтылған. Оған қоса,  әйел ғалымдар «қарсы жыныстағы» әріптестері алатын жалақының тек 82 пайызын ғана алады екен, физика саласындағы әйелдер болса, тіптен 60 пайызын қанағат тұтып жүрген көрінеді. 

Бірақ бүгінде қара нәсілділер құқық­тарының тапталғанын желеу етіп, ақылға қонбайтын шаралар да жасайды. Мәселен, 2017 жылы Гарвардтағы афроамерикалық студенттер университет бітіру кешін ақтардан бөлек жасау­ды ұсынған екен. Ал Нью-Йорк уни­вер­ситетіндегі білім алушылар студенттер қалашығының әкімшілігінен афроамерикалықтар үшін арнайы бөлек қабат сұраған. 

Тіпті, көрерменге жол тартқаны­на көп болмаса да, IMDB онлайн-кинобазасындағы рекордты жаңартқан, көрермен көзайымына айналған «Чер­нобыль» сериалы да сынға ұшырады. Британдық сценарийст Карла Мари Свит әлем рейтінгінде көш бастаған сериалда қара нәсілді актердің болмауына көңілі толмағаны туралы Twitter желісіндегі парақшасында жазды. Бұл әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсіп, көбі атақты сценарийсті келемеждеді.

Бүгінде халықаралық компания­лар дискриминацияға қарсы саясат жүргізіп, түрлі шараларды қолға алып жатыр. Сауд Арабиясында да әйелдер құқығы қорғалып, бұрын мүмкін болмаған көлік жүргізу сияқты басқа қоғамда қарапайым саналатын құбылыстарға рұқсат берілді.  Ғарышқа адам ұшырып, жасан­ды интеллекті игеріп жатқан әлемде тең­сіз­дік деген ұғымның болуының өзі өкі­нішті. Адамды әлеуметтік жағдайына, терісінің түсіне, жасына не жынысына қарап бөлу дұрыс еместігін бүгінгі қоғам қабылдауы тиіс. Осыдан 55 жыл бұрын қабылданған заң көп мәселенің түйінін шешпесе де қазіргі теңсіздікке қарсы жүргізіліп жатқан саясатқа бастама болғаны анық.