Астанада өтіп жатқан «Qazaqstan Barysy Grand Slam 2026» турнирінде ерекше оқиға болды. Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов ұзақ үзілістен кейін алғаш рет татамиге шығып, күтпеген жерден жеңіліс тапты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Алайда бұл кәсіби белдесу емес, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған көрсетілімді сәт болды.
Парижде алтын алып, тарихты жаңартқан Елдос Сметов сегіз жасар ұлы Омармен белдесті. Кішкентай Омар әкесіне дес бермей, татамиде айласын асырып, ақыры жеңімпаз атанды. Олимпиада чемпионы ұлының бұл жеңісіне шынайы қуанып, күліп қана жеңілісін мойындады.
Айта кетейік, Елдос Сметов Париж Олимпиадасынан кейін спорттық мансабында үзіліс алған болатын. Спортшы шетелде болып, ағылшын тілін жетілдірді. Кейінірек иығына ота жасатты. Тек 2025 жылдың соңында ғана толыққанды жаттығу процесіне қайта оралды.