• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 05 Шілде, 2019

Күмбірле, сазды домбыра

317 рет
көрсетілді

Ақмола облысының Бурабай ауда­нындағы «Балдәурен» Республи­калық оқу-сауық­тыру орталығында «Шығармашылық мүмкіндіктер әлемі» атты республикалық фестиваль өтті.

«Шығармашылық мүмкіндіктер әлемі» атты республикалық фестива­лі­не еліміздің халықаралық, респуб­лика­лық, облыстық байқаулар мен фес­тиваль­дардың лауреаттары, дип­ломант­тары, жас әншілер, бишілер, шы­ғармашылық ұжымдар мен оқу озаттары жиналды.

Сегізінші ауысымда «балдәурендік» балалардың шығармашылық қабілеттерін жандандыру және дамыту мақсатында «Шабыт» шығармашылық байқауы, «Екі жұлдыз» жобасы және «Күмбірле, сазды домбыра» музыкалық-танымдық кеші, «CreativeFEST» competition байқауы мен көптеген қызықты іс-шаралар өткізілді.

«Балдәуренде» жыл сайын ұлттық құндылығымызды дәріптейтін, асыл мұраларымызды, салт-дәстүрімізді дамыту мақсатында әртүрлі тақырыптық ауысымдар өткізіліп отырады. Ендеше, аталған ауысымда өткізілген іс-ша­ралардың бірі ретінде Ұлттық домбыра күніне арналған «Күмбірле, сазды домбыра» музыкалық-танымдық кеші туралы айтуға болады.

Төл өнерімізді дамытуға арналған кеш ауысымға жиналған өнерлі балалардан құралған «Балдәурен» оркестрінің орындауындағы Құрманғазының күйі «Балбырауынмен» ашылды. Бұл кеш асқақ жыр, сұлу сырлы күй, қанатты шешендік сөз, ұлағатты терме сынды тұнба бұлақтай төл өнерімізді насихаттап, тілімізді, ділімізді жандандырып, өнер құдіреті – домбыраның үкісін желбіретіп, асқақтатты.

Іс-шара барысында еліміздің дарынды, шығармашыл балалары өз өнерлерін көрсетіп қана қоймай, ұлттық өнерімізге байланысты танымдық сұ­рақ-жауаптарға белсенділікпен қа­тыс­ты. Кеш соңында балалар арнайы сый­лықтармен, грамоталармен марапатталды.

 

Айнұр ЕРДЕНОВА,

«Балдәурен» РОСО баспасөз хатшысы