Бірлескен отырысқа Сенаттың 49 депутатынан 41 депутат, Мәжілістің 107 депутатынан 99 депутат және Премьер-Министр, Мемлекеттік хатшы, сонымен қатар Конституциялық Кеңестің, Жоғарғы соттың, Орталық сайлау комиссиясының төрағалары, Үкімет мүшелері, республика Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың басшылары, Президент Әкімшілігінің, Премьер-Министр кеңсесінің, Парламент палаталары аппараттарының жауапты қызметкерлері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Бірлескен отырыс барысында Мәжіліс Төрағасы сессия жұмысын қорытындылай келе, Парламент Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төртінші сессияның ашылуында берген тапсырмалары мен Қазақстан халқына Жолдауы басшылыққа алынғанын айтты.
Н.Нығматулин атап өткен мәліметтерге тоқталсақ, сессия барысында қос Палатаның 5 бірлескен отырысы, Мәжілістің 41 және Сенаттың 26 жалпы отырысы өткен. Онда 319 маңызды мәселе қаралған. Жалпы төртінші сессия басталған кезден 83 заң жобасы қабылданған. Оның ішінде 82 заң жобасына Мемлекет басшысы қол қойып, олар өз күшіне енген.
– Осы қабылданған әрбір заң, ең алдымен, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың стратегиялық және әлеуметтік бастамаларын орындауға бағытталды. Әрбір заң, сонымен бірге еліміздің дамуына, халқымыздың өмір сапасын күшейтуге жаңа серпін берді. Ал ең бастысы, қабылданған барлық құжаттар азаматтарды қолдауға және қорғауға арналды. Осының барлығы екі палата депутаттарының бірлескен жұмыстарының нәтижесі деп санаймыз. Осы орайда Сенат та, Мәжіліс те заң шығару жұмысына белсенді араласып, алға қойған басым бағыттар нәтижелі жүзеге асырылды, – деді Мәжіліс Төрағасы.
Мәжіліс Төрағасы атап өткен маңызды заң жобаларының қатарында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Астана қаласының атауын Нұр-Сұлтан деп өзгерту жөнінде бастамасына орай депутаттар қабылдаған «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер енгізу туралы» Заң бар. Сонымен бірге Елбасының бастамасымен Түркістан облысы және Шымкент қаласының алдағы даму жоспары Конституциялық заңмен бекітілді. Сондай-ақ Парламенттің әрбір сессиясында негізгі орын алатын еліміздің бас қаржы құжаты республикалық бюджетті қабылдап, үш күн бұрын ғана 2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджетке тағы да түзетулер енгізілді. Ол тікелей Елбасымыздың стратегиялық міндеттерін жалғастыру мақсатындағы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың нақты әлеуметтік тапсырмаларын жүзеге асыруға арналған.
Осы қатарда «Денсаулық сақтау мәселелері бойынша», «Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы мәселелері бойынша» және «Кинематография туралы», «Стандарт туралы», «Көлік мәселелері бойынша» бірқатар заңдар қабылданды.
– «Денсаулық сақтау мәселелері бойынша» Заңды қабылдау кезінде депутаттар тегін медициналық көмектің мемлекеттік көлемінің жаңа моделін енгізу сияқты басқа да денсаулық сақтау саласының жекелеген мәселелерін реттеді. Ал «Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы мәселелері бойынша» қабылданған Заң дәрілердің қолжетімді және бағасының тұрақты болуына жаңа серпін берді. Гуманитарлық бағытты айтатын болсақ, алғаш рет «Кинематография туралы» Заң қабылданғанын ерекше атап өту керек. Бұған дейін елімізде бұл салаға қатысты құжат болмаған. Сондықтан жаңа құжатта кино өндірісін қолдауға, отандық фильмдердің сапасы мен бәсекеге қабілеттігін арттыру үшін жағдай жасалды, – деді Н.Нығматулин.
Мәжіліс Төрағасының айтуынша, Парламент кәсіпкерлікті қолдауға жағдай жасау үшін бизнес-ортаны дамыту және сауда қызметін реттеуге қатысты заңнамаға өзгерістер енгізді. Ол бизнес саласын және сауда қызметін нығайтуға ерекше ықпал етеді. Парламент «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыруды жалғастырып, «Қазақстан Республикасы орталық және жергілікті атқарушы органдардың функцияларын бәсекелес ортаға беру мәселелері бойынша» маңызды Заң қабылдады. Сенат және Мәжіліс депутаттары еліміздің сыртқы саясатын жүзеге асыру жолында белсенді жұмыстар атқарды.
– Сессия барысында депутаттар 12 халықаралық парламенттік ұйым шеңберінде белсенді жұмыс істеді, 327 халықаралық іс-шараға қатысты және 80-нен астам шетел парламенттерімен ынтымақтастықты арттыруға үлестерін қосты. Сессия барысында депутаттық корпус Үкімет енгізген заң жобаларымен табысты жұмыс істеп қана қоймай, өзінің заң шығару бастамасын да жемісті орындады. Соның ішінде, Елбасының Nur Otan партиясының XVIII съезінде берген тапсырмасына сәйкес депутаттар «Тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша» Заңға бастамашы болды. Ол көп балалы отбасылар мен жұмыс істейтін жастарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге жол ашты, – деп атап өтті Мәжіліс Төрағасы.
Парламент өткен сессияда Үкіметпен, басқа да мемлекеттік органдармен, қоғамдық ұйымдармен және халықпен өзара жұмыстарды одан әрі табысты жалғастырды. Осыған орай, Парламентте 20 Үкімет сағаты, 3 Парламенттік тыңдау, 24 дөңгелек үстел, комитеттердің 29 көшпелі отырысы және 4 халықаралық конференция ұйымдастырылған. Парламент жұмысында 319 депутаттық сауал жолданған. Сонымен қатар осы сессияда Парламент депутаттарына азаматтардан 7 мыңға жуық хат келіп түсіп, олардың барлығы заңға сәйкес қаралды. Жалпы айтқанда, Парламент депутаттары 2 мыңнан астам қалалар мен ауылдарды аралап, 4 мыңдай кездесу өткізген.
Отырыс барысында Мәжіліс Төрағасы Парламент пен Үкімет өзара тиімді қызмет атқарғанмен, орын алған кемшіліктердің кездескенін де атап өтті. Осыған сәйкес, Үкіметтің заң жобалау жұмысына баса назар аудару қажеттігін айтты.
– Осы орайда, алдағы бесінші сессия жұмысын айта кетсек, Парламент Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жолдауы мен Әлеуметтік қамқорлық бастамаларын іске асыруға арналған жұмыстарды одан әрі жалғастырады, – деді Н.Нығматулин.
Сонымен бірге депутаттар өз жұмыстарында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған 10 негізгі бағытын басшылыққа алады. Қазіргі уақытта Парламент қоржынында 34 заң жобасы бар. Атап айтқанда, «2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы», «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс, «Экологиялық кодекс» пен «Педагог мәртебесі туралы» және мәдениет мәселелеріне арналған заңдар бар.
Сондай-ақ алдағы сессияда Парламентте тарихи маңызы зор ірі халықаралық шара өтетін болады. Ол – биылғы 23-24 қыркүйекте елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында өтетін Еуразия елдері Парламенттері спикерлерінің төртінші форумы. «Үлкен Еуразия: Диалог. Сенім. Серіктестік» деп аталатын осы маңызды жиынға 60-тан астам елдің парламент өкілдері қатысады Оның ішінде 43 мемлекеттің Парламент төрағалары, 16 халықаралық және парламенттік ұйым басшылары келмек. Бұл шара – Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразиялық интеграция идеясының 25 жылдығына арналады.
Сөзін қорытындылай келе, Мәжіліс Төрағасы Н.Нығматулин VI сайланған Парламенттің төртінші сессиясы өз жұмысын аяқтағанын жариялап, сессия жұмысының нәтижесі Сенат пен Мәжілістің, Үкіметтің, екі Палата аппаратының қызметкерлері мен ақпарат құралдары өкілдерінің бірлесіп атқарған елеулі еңбектерінің жемісі екенін айтып, алғысын жеткізді.
Айта кетейік, сессия аяқталғанымен, депутаттардың халықпен кездесуі үшін аймақтарға сапары басталады.