• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 06 Шілде, 2019

Жасампаз қала

1059 рет
көрсетілді

Егемен еліміздің есею жылдары елордамыз Нұр-Сұлтан қаласының еңсе тіктеуімен қатар сипатталады. Еуразияның жүрегінен орын тепкен астана – Қазақстан дамуының айқын көрсеткіші, айшықты айнасы. Бүгінде халқы миллионнан асып, мегаполис атанған шырайлы шаһардың күннен-күнге келбеті өзгеріп, «ақылды» технологиялардың кеңінен қолданылуы халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға сеп болып жатыр.

Полиорталықты шаһар

Әлемде көрінісі көз тартатын, бір-бі­рімен бой жарыстырған біре­гей фу­т­уристік ғимараттары бар, тұр­ғын­дардың тұрмысына икемді инфра­құ­рылымы жасақталған ірі мегаполистер жетерлік. Олардың қатарында бір мегаполис бір мемлекет болып отырған шаһарлар да баршылық. Сондай іргелі қалалардың ізін ала Қазақстанның астанасы да аяғын алшаң басып, ілгері жылжып келеді. Қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласы дамудың үшінші кезеңіне қадам басқан. Алғашқы кезеңінде елорданы көшіру, Есілдің сол жағалауына ел қондырып, жаңа қаланы қалыптастыру сияқты ауқымды жұмыстар атқарылса, екінші кезеңі жаһан жұртының назарын аударған халықаралық ЕХРО көрмесінің тұсында бой көтерген нысандармен ерекшеленді. Ал бүгін­гі елорданы одан әрі дамыту про­цесінде полиорталықтандыруға, урбанис­ти­калық шешімдерге баса мән беріліп жатыр. Бұл – уақыт талабы.

Тұрғындардың саны артқан са­йын қаланың қолайлы әлеуметтік ин­фрақұрылымы болуы маңызды. Мега­полис болғандықтан қала бір ғана емес, бірнеше орталыққа бөлінуі керек. Яғни, адамдар өз тұрағынан алысқа ұзамай, әлеуметтік-мәдени ны­сан­дардың жаяу жететіндей жақын орна­лас­қанын қалайды. Бұған қоса, аулалар­дың аясын кеңейтіп, саябақтар мен гүл­зарларды жайнатып қою да тұр­ғын­дарға жайлылық сыйлайды. Бір сөзбен айтқанда, елорданың ен­дігі даму бағдары «Қала адамдар үшін» тұжы­рымдамасы төңірегінде атқа­ры­латын жұмыстарға негізделеді.

Астананы дамытудың Бас жоспарына сәйкес, қала аумағын 7 жоспарлы ауданға бөлу қарастырылған. Олар­дың әрқайсысы орталықтанды­рылып, ма­ңайы қажетті инфрақұрылым­­дар­ға қолжетімді болады. Бұл өз кезегін­де халықтың қала орталығына қарай сабылуын саябырсытуға септігін тигізеді. Жоспарлы аудандардың орталықтары 55-95 гектар аумаққа шақталып, м­а­гистраль­дардың түйіскен тұсында орналасады. Аталған аудандардың құрамына сауда-іскерлік, мәдени-ойын-сауық, спорттық-рекреациялық және көлік орталықтары кіреді.

Жалпы қазір қалада үш негізгі ор­талық бар. Оның біріншісі сол жаға­лау­дағы жаңа әкімшілік-іскерлік орталық, одан кейін оң жағалаудағы тарихи орталық және үшіншісі ЕХРО-2017 көрмесі өткен аумақта қалыптасқан жаңа орталық. Халықты қызмет көрсету және тіршілік ету нысандарымен қамтамасыз ету үшін шаһар шамамен әрқайсысы 10 мың адамды құрайтын 129 жоспарлы секторға бөлінген.

 

Көлік инфрақұрылымының игілігі

Елорданың дамылсыз даму динамикасы көлік инфрақұрылымын қалып­тастыру жұмыстарынан да көрі­неді. Миллион халқы бар Нұр-Сұлтан қаласында көліктер легі артқан сайын қаланың тынысы тарыла түсті. Тұрғындардың еркін қозғалысына, қолайлы өміріне баса көңіл бөлінетін бас қалада инновациялық әдістерді қол­дана отырып, қоғамдық көлік кеше­нін жаңғырту – маңызды меже. Көшедегі кептеліс түйінін тарқатудың бір жолы ретінде халықты қала ішін­де дітте­ген жеріне жетуі үшін автобус­тарға көп­теп отырғызу жағына ден қойылуда.

Жолаушыларға жайлы жағдай жасау үшін көлік инфрақұрылымындағы түбегейлі өзгерістің басы – қоғамдық көліктерді түгелдей жаңарту. 2014-2018 жылдар аралығында қаладағы автобус­тар 75% жаңартылды. Соңғы үлгідегі зама­науи автобустардың көбеюі – көп­шілікті қоғамдық көліктерге көші­ру­дің бір факторы. Екіншіден, тұр­ғындар жұмыс пен үй арасында жеке көлі­ктеріне қарағанда, қоғамдық көлік­термен тез қатынайды. Бұл үшін қала көшелерінде автобустарға жекелеп Bus lane жолақтары енгізілді. Бұл жолақтар жеке көліктердің қозғалыс кеңістігін тарылтып, автобустардың жеделдетіп жүруіне ашылған жол болды. Аталған жоба қоғамдық көліктердің орташа жылдамдығын 18%-ға арттырды. Сондай-ақ автобустарды күту уақыты да 15-20 минуттан 7-10 минутқа қысқарды.

Автобус күту дегенде, жаңадан ор­на­тылып жатқан аялдамаларға тоқ­талып өткен жөн. Соның ішінде Арқа­ның құ­был­малы күн райында пана болатын жабық үлгідегі аялдамаларға жұрт риза­шылығын білдіріп, оң баға­сын берді. Іші жылы, автобустардың қан­ша уақытта келе­тінінен хабар беретін ақпараттық таб­ло­лармен жабдықталған «аялы» аял­да­м­алардың саны қазір 102-ге жетті. Бү­гінде елордада 1280 аялдама пункті бар.

Инновациялық технологиялар кеңінен енгізілген көлік кешенінің бір жаңалығы – электронды жолақы төлемі. Түрлі тиімді тарифтері бар бұл жүйе де біртіндеп жолаушылардың көңіліне жаға бастады. Қазір электронды көлік картасын 300 мыңға жуық жолаушы пайдаланады. Бұл – жолаушылардың 93%-і. Жалпы 2014 жылдан 2019 жылға дейінгі көлік инфрақұрылымындағы оң өзгерістер халықтың қоғамдық көлікті пайдалану үлесін 33%-дан 39%-ға дейін арттырды.

 

Жасыл желек – жанға сая

«Қала адамдар үшін» тұжырымдама­сын іске асырудың бір бағыты – көгал­дан­­­дыру жұмыстары. Жасыл желекті қа­ла­ға айналуы үшін жыл сайын астана­да қаншама ағаш егіліп, саябақтар мен гүлзарлар гүлмен көмкеріледі. Нұр-Сұлтан қаласында қазіргі кезде бақ­­тар­дың, саябақтардың, гүлзарлар мен же­лек­­­жолдардың жалпы аумағы 700,26 гек­тарды құрайды. Қаланы шы­­­­ғыс­­­тан батысқа қарай Есіл өзенін бой­­­­лай су­лы-нулы белдеу қақ жарып өте­­­ді. Өзен­нің қос қапталына жағалай жай­­­ғас­­қан, ені 300 метрге дейінгі бақ­т­ар су арнасын ластанудан қорғап тұр. Мұн­­дай жа­сыл аймақтар Ақбұлақ және Сары­бұ­лақ өзендерінің айналасында да орна­лас­қан. Бас жоспарға сәйкес көгал­дан­дыруға арналған аумақ 34 770 гектарды құрамақ, бұл – қала аумағының 50%-ы.

Қала тұрғындарының еркін қыды­рып, тыныстауы үшін қоғамдық кеңіс­тік­ті барынша кеңейту көзделген. Оның бір айғағы реновация бағдарламасы бо­йын­ша тозығы жеткен ескі үйлер­дің орнына жаңадан шағын бақтар бой көтерді. Бұған қоса аулалар, субұр­қақ­тар, жүгіруге арналған алаңдар, велосипед жолдары көптеп салынып жатыр. Осының ішінде веложолдардың құрылысын бөлек атап өтуге болады. Нұр-Сұлтан қаласында веложол желілерін жобалау және салуды 4 ке­зең бойынша іске асыру жос­пар­лан­ған. Былтыр бұл жобаның алғаш­қы ке­зеңі аяқталып, елорданың 20 жыл­ды­ғ­ына тарту ретінде облыстар бірі­гіп, ұзындығы 34 км болатын веложол са­лып берді. Бұл орталық саябақтан бас­тап, қаланың шетіндегі жасыл бел­деуге дейін созылып жатыр. Ал қазір 127 км болатын веложолдың құры­лысы жоспарлануда. Екінші кезеңде Байқоңыр, Алматы және Есіл аудандары қамтылмақ.

Күн райы күрт өзгеретін елордада жылдың басым бөлігі сыртта қыды­рыс­тауға мүмкіндік бере бермейді. Сондықтан жабық үлгідегі демалыс орындарына да мән берілуде. Мұндай идеяның жарқын үлгісі – «Ханшатыр» сауда, ойын-сауық орталығы. Алдағы уақытта Ақордадан Ханшатырға дейін жалғасатын «Нұржол» желекжолының төбесін көмкеру туралы жоба қарасты­рылмақ. «Көпфункционалды жабық желекжол» жобасына «Астана» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы жауапты. Сондай-ақ ел аузында жүрген бастамалардың бірі – сол жағалаудағы ірі спорт нысандарының арасын жа­бық жолдармен жалғайтын «Спорт Сити» жобасы. Бұл «Алау», «Барыс Арена», «Астана Арена», «Сарыарқа» велот­регі, Жекпе-жек сарайы сияқты нысан­дардың жолын біріктірмек. Әрі Ботани­калық бақ пен Кіші Талдыкөл көлінің ара­­сындағы халықтың жаяу жүретін алып көпірі болмақ. Оның бір көрінісі ре­тін­де Назарбаев университетіндегі кор­­пус­тардың арасын жалғаған сақина тә­різ­дес жабық жолдарды атауға болады.

Астананы абаттандырып, айшықты қалаға айналдыру, инновациялық тәсілдерді қолданып инфрақұрылымды жаңарту, адамдардың игілігі үшін «ақылды» технологияларды көптеп енгізу дамудың бұлжымас бағдары бола бермек. Сән-салтанаты келіскен сәулетті шаһар – еліміздің басқа қалаларының өркендеуінің жетеккүші.