• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 06 Шілде, 2019

Жаңа астана тұрғызған тұлға

420 рет
көрсетілді

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың елорда ата­уын Нұр-Сұлтан қаласы деп өзгерту туралы Жарлығы дұрыс деп есептеймін. Өйткені Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаев тәуелсіз ел мен оның елордасын өз қолымен құрып, оның тұтқасын берік қолда ұстай білген тарихи тұлға.

 Елбасы қай кезде де өз халқымен бірге. Тұңғыш Президенттің өз хал­қым­­нан, соның ішінде елордалық­тардан бөліп жаратын ештеңем жоқ деген жүрекжарды сөзі әрбір қа­зақ­стандықты терең ойға қалдыра алды. Тұңғыш Президентіміздің Қазақ­станның, болашағы жарқын, келешегі кемел болуы үшін тындырған істері ұшан-теңіз. Сондай-ақ елорданың еңсесі биік болып, сәні мен сәулеті келісім табуы жолында да атқарған қыз­меттеріне ешқандай баға жет­пейді.

Ол өзінің қажымас қайраты мен мол күш-жігері арқылы әлем кар­та­сындағы өзге бірде-бір қала­ның көшірмесі бола алмайтын, қайталанбас ажары мен келбеті бар Қазақ елінің елордасын өз қолымен тұрғыза білді. Бұл ретте оның аса биік, әрі түпсіз терең архитектуралық қабілет-қарымы мен талантына бас имеу, оны мо­йындамау мүмкін емес.

Тағы бір айтарым, өз басым соңғы отыз жылдың ішінде қадасы мен кірпішінен бастап тұтастай жаңа астана тұрғызған ел-жұртты есіме түсіре алмай отырмын. Мұның басты мысалы бүгінгі Нұр-Сұлтан қаласы десек қателесе қоймаспын.

Елордамыздың Нұр-Сұлтан қаласы деп аталуына алғашқылардың бірі болып үн қосып қолдау білдірген ақтөбеліктер екенін де айта кетудің артықшылығы жоқ деп білемін. Осы орайда жүздеген, мыңдаған жерлестерімнің қатарында Нұр-Сұлтан атауына қолдау білдіріп, өз ой-пікірім мен үнімді білдірген болатынмын. Бұл Елбасының өлшеусіз еңбегіне сай өте орынды жасалған қадам. Тағы бір айтарым, Нұр-Сұлтан атауы жазылуға да айтылуға да өте ыңғайлы. Ән сөзіндей әуезді естіледі.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылдың қоңыр күзінде Ақ­тө­беге келген сапарында «өсе бер, өр­кен­дей бер, құтты мекен – Ақтөбе» деп, ақ батасын беріп кеткен еді. Бұл тілек барлық ақтөбеліктерді жаңа табыстар мен жетістіктерге талпындыра түсетіні анық. Әрі Елбасы тарапынан айтылған мұндай биік бағаның салмағы мен жауапкершілігі де жоғары болмақ. Қорыта айтқанда, Нұрсұлтан Назарбаев елордамыздың әлем картасынан орын алуына әрі оның қаз басып қалыптасуына өл­шеу­сіз еңбек сіңірген қайталанбас тұл­ға деп білеміз.

 

Келдібай ЕСПАҒАМБЕТОВ,

еңбек ардагері

АҚТӨБЕ