Экономикада қомақты үлесі бар
Жалпы, көмір қоры бойынша әлемде үздік ондыққа кіретін еліміздегі 49 кен орнында шамамен 33,9 млрд тонна көмір қоры бар. Оның 90 пайызы елдің солтүстік-шығысы мен орталық өңірлерінде.
1991 жылдан бері Қазақстанда 2,6 млрд тонна көмір өндірілсе, соның шамамен 0,8 млрд тоннасы шетелге экспортталған. Тек 2018 жылдың өзінде өндіруші компаниялар көмір концентратын есептемегенде 113,7 млн тонна көмір өндірген, бұл 2017 жылмен салыстырғанда 5,4%-ға артық.
Жуырда Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің қолдауымен Республикалық тау-кен өндіруші және тау-кен металлургия кәсіпорындары қауымдастығы (ТМКҚ) ұйымдастырған «Технологиялық жаңғырту жағдайындағы көмір өнеркәсібінің жаңа мүмкіндіктері» атты форум өтіп, отандық және шетелдік сарапшылар, кәсіпкер мен мемлекеттік орган өкілдері Қазақстанның көмір саласының болашағы туралы пікір алмасты. Осы форумда сөйлеген Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Склярдың айтуынша, Тау-кен өндіру, металлургия және көмір кәсіпорындарының қызметі елдің ІЖӨ-нің
7 пайыздан астамын құрайды. Яғни, отандық экономиканың алдыңғы қатарлы саласы «Үкімет алдында шикізат индустриясын, табиғи ресурстарды басқару тәсілдерін, өндірістерді жаңғыртуды жүргізу, оның ішінде үздік технологиялар трансферті және заңнаманы өзектендіру есебінен қайта қарастыру және ұйымдастыру міндеті тұр. Бүгінде Қазақстанның жаһандық мақсаттарға қол жеткізуі үшін қажетті шарттар мен ресурстар бар кезде алдымызда бар әлеуетті іске асыру міндеті тұр», деді министр.
Р.Скляр Қазақстанның көмір өнеркәсібінің жағдайы мен даму перспективалары туралы әңгімелей келе, әлемдік трендтерді ескере отырып көмір химиясы мен көмірді кешенді терең өңдеуді дамыту қажеттігін атап өтті. «Бұл бағыт өнімнің тұтынушылық қасиеттерінің сапалы өзгеруін қамтамасыз ете алады және тиісінше оның нарықтық бағасын арттыра алады, ал ең бастысы – энергетикалық көмір нарығынан басқа бағыттарды бағындыруға мүмкіндік береді», деді ол.
Министрдің айтуынша, өткен жылыту маусымында көмір өндіруші компаниялар республикалық сұранысты 101,3%-ға асыра орындаған. Әрине бұл бірінші кезекте Үкіметтің тікелей бақылауымен жасалғаны белгілі. Өйткені бірер жыл бұрын көмір тапшылығы туындағанда әлеуметтік толқу болып, Үкіметтің аузы күйген еді. Содан бастап жылыту маусымы сайын Үкімет басшысының өзі мәселені тікелей қарауына алатын болған.
Министрлік қазіргі кезде көмір тапшылығы біржола шешілгеніне, енді мәселенің қайта туындамайтынына сенімді. Осы орайда Үкімет енді көмірдің сапасына көңіл бөле бастады. Сонымен қатар нарықтағы алыпсатарларды да жойып, бағаның қымбаттауының алдын алмақшы. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың коммуналды қызмет ақысын төмендету туралы тапсырмасында да айтылғаны есімізде.
«Жасыл» саясат кедергі ме?Сарапшылар Қазақстан қазіргі таңда әлем бойынша көмір саласын дамытуда кенже қалғанын айтады. Яғни, көмір шикілей сатылып немесе тұтынылады. Оны ешкімнің өңдегісі, байытқысы жоқ. Мәселен, Аустралия, Германия, ОАР секілді елдерде көмірдің 80-100 пайызы байытылады екен. Дегенмен кей сарапшылардың айтуынша, Қазақстан Үкіметі экономикалық тиімді болмағандықтанда көмірді байытпай отырған көрінеді.
«Жасыл экономика» саясатына орай көмір саласын әртараптандыру жағы да қолға алынуы керек еді. 2030 жылға дейін көмірді энергетикадағы басты сектор ретінде сақтау жоспарланғанымен, одан кейін біртіндеп «лас энергияны» нарықтан ығыстыруға Қазақстан қазірден дайындалуы тиіс. Бірақ әзірге бұл бағытта белсенді жұмыс байқалмайды.
Оның үстіне Батыс Еуропа елдері біртіндеп байытылмаған көмірді импорттауды тоқтатуы мүмкін. Осы орайда Қазақстан әлемдік нарықта басты экспорттаушы ретінде өз орнын сақтап қалғысы келсе, ең алдымен көмірді өңдеу және байытуды қолға алуы тиіс.
Өз кезегінде SAP, Hatch, FLSMIDTH, FreeportMcMoRan сияқты ірі компаниялар отандық кәсіпорындарға цифрландыру жобаларын енгізудің табысты кейстері туралы баяндады. Киберфизикалық және роботталған жүйелерді енгізу, үлкен деректерді және индустрияның басқа да 4.0 технологияларын талдау арқылы өндірістік және көліктік шығындарды төмендету, бизнес-процестерді оңтайландыру, жаңа бизнес-модельдерді енгізу, өнеркәсіптік кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігін айтарлықтай арттыру мүмкін екендігін атап өту қажет.
Бүгінгі таңда саланың ірі отандық компаниялары цифрландыруды дамытудың стратегиясын қалыптастырды және қазірдің өзінде жағымды өзгерістер бар. Мәселен, Еуразиялық Топ, Қазмырыш, АрселорМиттал Теміртау, Алтыналмас, Қазақмыс корпорациясы, Қазминералс, Өскемен титан-магний комбинаты 2022 жылға дейін жалпы сомасы 200 млрд теңгеден асатын 20 ірі жобаны жүзеге асырмақ.Өндірістегі апаттар – өткір мәселе
Көмір өндірісі экономика салаларының ішінде ең қауіпті сала екені белгілі. Осы орайда министрдің айтуынша, соңғы бес жылдағы жұмысшылардың жарақаттану көрсеткіші республика бойынша жалпы өндірістік жарақаттың 49 пайызын құрап отыр екен.
Қазір «Өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері туралы кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы дайындалған. Онда өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселесін және өнеркәсіптік бақылау қызметінің лауазымды тұлғаларының қызметін реттеу мен олардың дәрежесін көтеру қарастырылған. Осы заң жобасы қабылданған жағдайда елде өнеркәсіптік жарақаттану деңгейі төмендеуі мүмкін.
Бауыржан МҰҚАН,
«Egemen Qazaqstan»