• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 09 Шілде, 2019

Қарадалаға көгілдір отын келді

433 рет
көрсетілді

Алматы облысының аума­ғында газ тарту ісі қызу жү­­­ріп жатыр. Өткен жылы обл­ыс орталығы Тал­­ды­қор­ған қаласын көгіл­­дір отын­ға қосу ісі то­лық­тай аяқ­талып, қала ма­­ңын­дағы Ес­келді, Көк­су аудандары мен Те­келі қала­сына дейін газ құ­бы­ры тар­тылған еді.

Табиғи газ тұтынуға енді ай­мақ­тың шеткері аумағының бірі  Ұйғыр ауданы тұрғындары да қол жеткізді. Жақында Шонжы ауы­лында ауданды көгілдір отын­мен қам­тамасыз ететін газ тара­ту қон­дыр­ғысының ашылуы өтті. Ор­та­лықтандырылған жаңа газ құ­бырымен алғашқы табиғи көгілдір отынды жіберу салтанатына арна­йы келген облыс әкімі Амандық Ба­талов қуанышты сәтке куә бол­­ған барша аудан тұр­ғындарын құттықтады. 

– Жетісу өңірінде, оның ішін­де Талдықорған аймағында та­биғи газ тұтыну – бұрын-соңды болмаған жағдай. Біз мемлекет­тің қолдауы арқасында қазір об­лыстағы әр үйдің көгілдір отын­ға қосылуына жұмыс істеп жатыр­мыз. Алыс аудандардан алғашқы болып Қарадалы өңірі газ желісіне қосылды. Ендігі бағыт – Кеген мен Райымбек аудандары. Осы мақсаттан айнымай, Талдықорғанға жеткен газ желісін Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарына дейін тартуды жалғастырамыз. Бұған мүмкіндік бар, – деген облыс әкімі Амандық Баталов елімізді газдандыруға қатысты Елбасы жүктеген міндеттің орындалып жатқанын айтты.

Шонжы ауылындағы газ тарату стансасының құрылысы әлі толық аяқталған жоқ. Оған «Шарын» автоматтандырылған газ тарату стансасы, Шонжы ауы­лына дейінгі 9,5 шақырымдық жо­ға­ры қысымды газ құбыры және 46 шақырымдық орташа қы­сым­ды газ тарату жүйесінің құрылысы кіреді. Қазіргі таңда ауылішілік жүйелердің құрылыс-мон­таждау жұмыстарының II ке­зе­ңі­нің құрылысы жүргі­зілуде. Жұ­­мыс­тарды 2019-2020 жыл­дар­­дың жылыту маусымының бас­­талуына дейін аяқтау жоспарлануда.

Алғашқы кезеңді іске қосу ба­ры­сында-ақ ауылдағы 42 абоно­мент көгілдір отынға бір күнде қо­сыл­ған, 150 үйдің өтініші кезек­те тұр. Бұл өңірдегі көгілдір отынға де­ген сұраныстың жоғары екенін көр­­сетеді. Жалпы, бір ғана Шонжы ауы­лы бойынша 5 абономент газ же­лі­сіне қосылуға дайын отыр екен.