Форумға қатысқан Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің жауапты хатшысы Сәбит Нұрлыбай қалдықтарды қайта өңдеуді дамыту арқылы елдегі балама энергетиканы ілгерілетуге жол ашылатынын жеткізді.
– Қалдықтарды өңдеу саласы айналымды экономиканың өркендеуіне, парник газының көлемін қысқартуға, сондай-ақ балама қуат өндірісін арттыруға септеседі. Кеңейтілген міндеттердің арқасында шағын және орта бизнесте қалдықтарды өңдеп, сұрыптайтын өндіріс орындары көбейді. Мәселен, 2016 жылы олардың саны 115 болса, 2018 жылы 150-ге жетті, – деген Сәбит Нұрлыбай бұл бағыттағы ілкімді істерді министрлік әрдайым қолдауға әзір екенін байқатты.
«KazWaste» қазақстандық қалдықтарды басқару қауымдастығы, тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату мен қайта өңдеуді негізгі үрдіске айналдыру үшін ел тұрғындарының қатты қоқысты жинау мәдениетін жолға қою қажет деп есептейді. Сол секілді аталған саладағы өңдеу процесін жетілдіріп, жаңа технологияларды енгізу кезек күттірмейтін мәселенің бірі екенін айтады.
– Келешекте қалдықты басқару ісі әлемдік қауымдастық жариялаған жаңа қағида – 3D моделіне сәйкес болуы тиіс. Яғни, басқару үрдісін қайта қарастыруға тура келеді. Соған сәйкес, қалдықты жинауда әр үйді, әр тұрғынды қамту қажет. Нарықтық реттеу ісін қарастырған абзал. Парник газын шығаруды азайтудың амалын ойластырған жөн. Оның ішінде органикалық қалдықтан метанның көлемін қысқартып, төмен көміртекті технологияларға басымдық беру керек. Цифрлы технологияны енгізу бойынша арнайы көліктерге GPS жүйесін және контейнерлерге чип орнату, өндірісті автономды режімге көшіру, ақылды логистика (Smart logistic), қалдықтардың интерактивті карта жүйесі мен тұрғындарға арналған ұялы қосымшаларды әзірлеу міндеті тұр, – дейді қауымдастықтың атқарушы директоры Вера Мустафина.
Форум барысында халықаралық әрі қазақстандық сарапшылар жаһандық экологияға қатысты өзекті мәселелерді талқылап, «жасыл» энергетикаға инвестиция тартудың жолдарын пысықтады.
Жақсылық МҰРАТҚАЛИ, «Egemen Qazaqstan»