Қызылорда қаласының іргесіндегі «Сабалақ» саяжайының маңындағы ағысы қатты каналға суға түскен 55 жастағы азамат суға кетіп қалды. Денесін «Оңтүстік өңірлік аэроұтқыр жедел құтқару жасағы» мекемесінің мамандары тауып, жағаға шығарды.
Кешқұрым уақытта рұқсат етілмеген жерде суға түскен 15 жасар қыз бала да тілсіз жаудың құрбаны болды.
Ал Жаңақорған ауданындағы жер асты суымен толтырылған карьерге түскен 1960 жылғы азамат та жағаға қайтып шыға алмады.Жыл басынан бері облыста осындай 17 оқиға тіркелген екен. Өлімнің қай-қайсысы да аянышты дегенімен, осы адамдардың қатарында сегіз баланың болғаны өзекті өртейтін өкініш.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында «Оңтүстік өңірлік аэроұтқыр жедел құтқару жасағы» мемлекеттік мекемесінің басшысы Бақыт Ембергенов кейінгі кездері суға түсуден жиілеген қайғылы қазалар жайында айтты.
«Облыстың су айдындарында, әсіресе, Сырдария өзенінде жылда азаматтардың әртүрлі себептермен қайғылы жағдайларға ұшырауы, оның ішінде суға шомылу маусымында судағы адам қазасы өзекті мәселе болып отыр. Өткен жылы суға 22 адам кеткен. Айтар болсақ, 3 адам балық аулау кезінде, 9 адам суға түсуге арналмаған жерде, оқыс жағдайдай 2 ересек, 2 бала, белгісіз жағдайда 1 адам көз жұмды.
Суда адамдардың қаза болуына қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзу себеп болады. Атап айтсақ, өзен немесе каналдардың кез-келген, әрі зерттелмеген, ағысы жылдам, терең, жағалары тік жар жерлеріне суға түсуі, балалардың ересектердің бақылаусыз су жағасына баруы мен суға түсуі және олардың жүзе білмегендігі қайғылы оқиғаларға әкеліп соқтырып жатыр. Бұған қоса, суға түсу қауіпті аймақтарда азаматтардың рұқсат етілмеген жүзу құралдарын қолдануы және алғашқы көмек көрсету тәсілдерін білмейтіндігі де су айдындарында оқыс жағдайлардың санының көбеюіне ықпалын тигізуде. Департамент және оның бөлімшелері 2019 жылдың басынан азаматтардың суда қауіпсіздік шараларын сақтау бағытында жұмыстар жүйелі түрде жүргізіп жатқанымен, өкінішке қарай, осындай жағдайлар орын алды», деді Бақыт Ембергенов.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті қол қусырып қарап отырған жоқ. Жүйелі жұмыс жүріп жатыр.Бүгінге дейін жазғы суға түсу маусымынан бері қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында облыста 420 рейд өткізіліп, соның барысында 3093 адамға түсіндіру жұмысы жасалып, 3192 жадынама таратылыпты.
Облыс бойынша өткен жылы 225 жерге «Суға түсуге болмайды!» деген жазуы бар ескерту тақтайлары орнатылған болатын. Қазір сол тақтайшадан 157-сі ғана қалған. Өйткені тұрғындар, әсіресе, жастар осы ескерту тақтайшаларын сындырып, орнатылған жерлерінен алып тастайды. Мысалы, қала бойынша 27 тақтайша орнатылған, биыл соның 11-і ғана қалған. Тақтайшаларға назар аудармастан суға түсіп, суға бату фактілері орын алуда.
Департамент қызметкерлері мен жергілікті атқарушы орган, полиция департаменті, еріктілермен бірлесіп жүргізген рейдтерде қауіпсіздік ережесін сақтау туралы түсіндіру жұмыстарын жасағанына қарамастан, көпшіліктің оған немқұрайлы қарауы басым болып отыр. Жаратушы «сақтансаң, сақтаймын» деген тәмсіл бар. Адамдардың бақытсыздыққа ұшырауына ең алдымен өзінің жауапсыздығы себеп болып отырғандығы байқалады.