• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әдебиет 09 Шілде, 2019

Сағыныш

2624 рет
көрсетілді

Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, қазақ поэзиясының падишасы Фариза Оңғарсынованың есімі бүкіл қазақ жұрты үшін аяулы. Өлең деген өлкеде өзгеше сөз өрнегімен, өр мінезімен өзіндік із қалдырған алдаспан ақынның алапат жырлары жырсүйер қауымның жүрегінде жасын отындай жарқылдап, уақыт ағысымен бірге биіктеп барады.

Қара қылды қақ жарған әділдігі мен алмастай тіліп түсер өткірлігі, бет қаратпас сұрапыл өжеттігі мен тал бойын­да жасандылығы жоқ мінсіз болмысы оның тұлғасын өршіл өлеңдерімен бірге бүкілхалықтық құрметтің көгіне көтеріп кетті. Шындық үшін шырылдап, шашы ағарған, әрлі де нәрлі өлеңдерімен артында өшпес мұра қалдырған Фариза ақын шын мәнінде Алаштың ақберен ақыны еді. 

Поэзия әлемінің жарық жұлдызына айналған, қаламының қуатымен, өмір­шең өлеңдерімен адам жанын парасат пен махаббат айдынында тербеген талантты ақынның есімін елінің есінде мәңгіге қалдырып, өскелең ұрпаққа өмірі мен шығармашылық еңбегін ұлағат ету баршамыз үшін пайымды парыз деп санаймыз. Өйткені Фариза Оңғарсынова – күллі Қазақ елінің мақтанышы, мерейі. Зы­мырап өтіп бара жатқан уақыт-ай десеңізші!..

Парламент Мәжілісінің I-II шақыры­лымдарында әріптес болып, содан Фа­риза Оңғарсынқызының өмірінің соңғы күндеріне дейін ажырамай, 18 жыл бойы қарым-қатынасымыз үзілген жоқ. Екі аралықта 23 жыл өтіп кетіпті. 

Парламент Мәжілісіндегі қызметіміз аяқталуына бір жылдай уақыт қалғанда, ұдайы қасынан табылатын маған өзінің кабинетінде төтеннен бір сұрақ қойды (апай ылғи да сұрақтарды күтпеген тосыннан, төтеннен қоятын): «Сен мен туралы жазасың ба кейін?» деді. Бұл сөзді сол кездегі парламенттік тілші, бү­гінде «Астана ақшамындағы» Нәзира Байырбек қызымыз естіді. «Жазамыз ба деп жүрміз ғой», дедім. Осы сөзге де 15 жылдан асып кетіпті. Нәзира менің есіме кейіннен осыны бірнеше рет салған-ды.

Бірақ ол уәде орындалмаған еді. Жарияланған, жазып қойғандарым жоқ емес, бірақ жүрегім дауаламай жүріп қалдым. Ол кісі туралы жазылған, көзі тірісінде маған оқуға берген пікірлердің өзі үш папкаға жиналған 300-дей мақа­лалар мен хаттар еді. Мен қарап, жү­йелеп бергендей болғанмын. Енді өз жасымыз да жетпістен ауып барады. Кілтін таба алмай жүрмін деп жүргенде кеш қалатындай да көре бастадым. Сол кітапқа тәуекел еткен бетім – осы.

Ұмыту – адамның бақыты әрі сағы­нышы. Бақытты болатыны – барлық оқи­ғаның бәрін зердеде тоқу мүмкін емес, оны ұмытасың және ұмытуға тиістісің. Өйтпеген күнде ақыл алжасады. Ал сағынышы дейтініміз – ұмыта алмайтын, ұмытуға болмайтын, бір сәтке де болса есіңнен шығара алмайтын, адамның ой-жүйесін тұтастай игеріп, меңгеріп алатын адамдар, сезімдер болады. Фариза Оңғарсынова – менің тағдырымдағы сондай сағыныш.

Фариза апаймен 1996 жылдың басында қос палаталы Парламенттің Мә­жілісіне сайланған күні таныстым десем болады. Бәрімізді бір залға жинап, кеудемізге депутаттың төсбелгісін тағып, қолдарымызға депутат мандаттарын беріп, суретке түсіріп, гүл ұсы­нып жатты. Тізім бойынша шақы­рылып, құжатымды алып келе жатып, қолымдағы гүлімді Фариза апай­ға ұсын­дым. Ол кісі күлімсіреп, мейі­рім­мен қарап, гүлімді алды. Тағы бірер күнде кабинет бөліс болды. Апайға кіріп, өзімді таныстырып, қанша дегенмен алдыңғы Жоғарғы Кеңесте депутат болып, жол біліп қалғанмын, «Сізге бір нәрсе керек болса, түсінбеген жеріңіз болса, айтарсыз...» дедім. Ол кісі, кіммін, қайдан келдім, қысқа ғана сұрастырып, аз-кем әңгімелестік. Апай­мен таныстығым осылай басталып еді. Бірте-бірте шүйіркелесіп сөйлесіп тұру дағдымызға айналды. Содан 18 жыл жанында жүрдім. Аптасына бірер рет кіріп, келіп түскен қағаздарын жүйелеп, сұрақтарына білгенімше жауап беріп тұратынмын.

Өз басым апамыз дүниеден өт­кен­де, азаматтықтың, арлылықтың, мем­лекетшілдіктің белгісіндей болған тұтас бір дәуір көшкендей сезімде болдым...

Апайдың өзімен тікелей танысқанша оның барлық кітаптарынан, жарық көрген шығармаларынан түгелдей дерлік хабардар едім. Әсіресе «Сұхбат» кітабы өте ұнайтын. «Сұхбатқа» академик-жазушы Ғабит Мүсірепов алғысөз жазғанда: «Көркем сөз майданында ақынға, жазушыға, еркек-әйелге, кәрі-жасқа… ғарышқа дейінгі биіктік те, Жер-ананың отты жүрегіне дейінгі терең­дік те ортақ. Ерлік, батылдық, адал­дық, ұяттылық, арлылық, намысқойлық сияқты адамгершілік-азаматтық қасиеттердің бәрі де ортақ. Мен Фаризаны осындай асқарлардың биігінде көремін» деп пікір білдірген-ді. Осы сөздерде аталған қасиеттердің әрбірі Фариза Оңғарсынованың бір бойына­н табылатынына көп жыл әріптес, серіктес, шәкірт бола жүріп көзім анық жеткен. 

Апайды алдымен өткен ғасырдың 80-жылдарының басында біздің ауданға келгенде көрдім. Оңтүстік Қазақстан облысының қиыр шетінде, Сырдария өзенінің өзбек елінен бізге өтетін жерінде, сол жағалауда орналасқан үш ауданның бірі Киров аудандық партия комитетінің қызметкері кезімде. Ақынның келгенін кездейсоқ естіп қалып, «Победа» орта мектебінде кездесу болып жатқанда, жүгіріп барсам, жиын басталып кеткен екен. Залға қысыла кіріп, артқы орындардың біріне жайғастым. 

Ақынның қабағы қатулау көрінді. «Сөздерін қарызға бергендей етіп сөй­лейді екен» деген ой келді алдымен. Сөйтсем, табиғаты солай екен. Әсіресе отырысқа көңілі толмаған кезде. Тек кездесу аяқталып, 5-6 оқушы кітаптарына қолтаңба алып жатқанда ептеп жадырағандай болды. Бір қыздан: – Атың кім? Нешінші класта оқисың? – деп сұрады. – Биыл бітіремін. Алматыға оқуға түсемін, журналист болғым ке­леді, – деді қыз. Сонда: «Күләш! Тек сүйген адамыңмен ғана гүл аш!» деп жазып берді. Бұл сөздері жүрегіме от құйғандай әсер етті. Аяулы ақынға жасалып жатқан жасанды, жүрдім-бардым, кедей құрмет үшін ұялдым. Жиынды тастап, жылыстап шығып кеттім. Осы орайда көпшілік түсіне бермейтін бір нәрсені баса айтқым келеді. Фариза ақында «Осыдан ұпай жинап қалайын, көзге түсіп қалайын» дейтін ой мүлдем болған емес. Турасын айтты, тік тартып отырды. Нағыз ақын болмысы солай болса керек-ау! Асау, қатал болып көрі­нетіні табиғатынан шығар, бірақ шектен шығып, намысқа тимейтұғын. Оны «асау, тарпаң» дегендер табиғатын танымағандықтан, шындықты бетке айтатын турашылдығынан, өз ұстанымынан таймайтын мінезінен тайсалатындықтан айтатын. Тарпаңдығы тәкаппарлықтан, өрлігі өркеуделіктен емес еді.

«Қазақстан» ұлттық арнасындағы Ұлбосын Есенбек деген қыз, апайдың көзі тірісінде «Жұрт мені қатал дейді» деген көлемді тележурнал жасап, экраннан бірнеше мәрте көрсетті.

Жұрт мені қатал дейді найзағайдай мінезі шатырлаған, Біреулері айтады ақыл маған: өркөкірек, тәкаппар, менменсіген... Ұнатпайды дәл мұндай ақынды адам (одан сайын мен шіркін қатуланам), – деп басталатын өлеңі ақынның таби­ғатын аша түседі.

Қазақ поэзиясында өзіндік өрнегі­мен, нәзік лирикаға толы жырларымен қолтаңбасын қалдырған Фариза апамыздың қай өлеңін алсақ та, оның өн бойында алмас қылыштай жарқыраған өткірлік пен мөлдір судай тазалық жатыр. Апамыздың қайсар мінезі мен өр тұлғасынан, «ұйқысыз түндері мен күлкісіз күндерінің куәсі болып, аялап өткен өлеңдерінен» кешегі Махамбет пен Исатайдың екпінін сезесің. Өлеңдерінде иненің жасуындай да жасандылық жоқ, азаматтық лирикасы сыншылдығымен, қоғамдағы, адам мінезіндегі келеңсіз тұстарды дәл нысанаға алумен ерек­шеленеді. Әйел жаратылысының нәзік­тігі мен қылығын, жаны мен тәнінің сұлулығын, махаббатының мөлдірлігін тап Фаризадай жарқыратып, сүйсінте жазған ақын аз-кем. Әбділда Тәжібаев: «Фаризада халықтық рух бар, ол – елі­мен бірге, қазағынан бөлінбейтін ақын. Оның тілі жүйрік, өткірлігі мен тапқырлығы, қанағаттығы бәрімізді де қызықтыратын, қуантатын ақын. Абай бастаған ұлы ақындары бар елде қыздан шыққан Фаризасы болу да қазақ елі үшін керемет жарасым. Мен осы жарасымды көргеніме бақыттымын», деген екен.

Елорда төрінде ақынның жыр кешін өткізген күндеріміз. Екі күн қатарынан жырдан шашу шашып, «Фариза және оның сіңлілері», «Фариза, Фаризажан, Фариза қыз» атты жыр кештерінде ха­лық бір толастамай, аяғынан тік тұрып қошемет-құрмет көрсеткені кеше ғана секілді.

Жастар – жара түспеген жанына әлі түсінгендей жанымды табынады; Менің асқақ әм мұңды жырларымды іздеуі хақ солардың, сағынары... Мен кешпеген дүние жоқ екенін сезеді олар. Сезеді бәрі-бәрі, – деп жазған ақын апамызды, арамызда жүргенде сәл көрмесек, орны ойсырап, сағынатын апамызды уақыт өткен сайы­н іздеріміз, аңсарымыз хақ. Әрине, сағынамыз, жырларына табынамыз.  * * *

1999 жыл аяқталар күндері Парламент ғимаратында депутаттар мен аппарат қызметкерлеріне арнап мерейтойлық кеш өткіздік. Сонда үйде апайдың бұ­рын-соңды шыққан 14 кітабы бар екен, соларды арнайы ашық сөре жасап, көрме ұйымдастырдым. Соны алып барып, комитетіміздің сектор меңгерушісі Марина Кимге: – Жоғалып, ұрланып кетпесін, сізге тапсырдым, – дегем. Кеш біткен соң қарасам 4-ақ кітап қалыпты. Апайға кітаптардан айрылып қалғаныма өкініш білдіріп едім: «Өкінбе. Солай болуы тиіс болғаны ғой. Өкпелегеніңмен, рен­жігеніңмен, ол кітаптар қайтып келмейді. Енді жаңа иелерінің жанын жылы­тып, қолдан-қолға ауысып жүре берсін», деп басу айтты. Сол сөздің дұрыс­тығына бүгіндері көзім жете түскендей...

Ол ешуақытта ешкімді жамандамай­тын, біреулерге көңілі толмаған сәттерде: «жай адам ғой» деп қана қоя салатын, әңгімені ұзақ-сонарға созбайтын.

Жалғандықты, жасанды көлгірсуді жаны сүймеуші еді. Жаны өте нәзік болатын. «Ақындарды салыстырып қарауға болмайды, әркімнің деңгейі бар, шамасы келгеніне қарай жазады, сондықтан: анау артық, мынау кем деу – орынсыз», дейтін. Шыншылдығы сол – өлең жазуды қойып барамын, поэзияда айтарымды айтып болдым, – деп те ашық мәлімдеді. Сөйте тұра, қаламы қолынан түскен жоқ. Алып түскен кесел жабысқанда Пушкиннің өлеңдерін аударып жүр еді. «Марк Твенге ерекше көңіл бөліп жүрмін», деді тағы бірде. Бірде залға ала барып, оқып отырған бір қолжазбамды «маған берші» деп алып оқып отырды. Сөйтті де маған: «Сен руханиятқа көңілді көбірек бөл. Тәшкенде оқығансың, өзбектер секілді тілің жұмсақ, аудармаларыңды қазақтың өзі жазған екен деп ойлап қалатындай…», деді. 

Апамен 1998 жылдың жазынан көрші тұрдық. Үйіне кіріп қалсақ, тамақ әзірлеп жатады. «Өзі дайындайтыны несі екен» деп ойлайтынмын бастапқыда. Сөйтсем, үй шаруасын да қажеттілік деп санау, менменсуден аулақ болу, әрісі зерігуден ада болу үшін жасайды екен.

Тамақ асқанда үлкен бір табақ етіп асады. Оның бестен бірі де желінбейді. Төмендегі қарауыл, вахтер балаларға беріп жібереді. Бұл – мінезден екен. 

Бірге болған кездерде мерейтойлық немесе басқа да бір кештер өткізіп тұрды. Сонда әрбір нәрсеге мұқият қарай­тын. Әншілерден бастап, кім қандай өлең оқитынына дейін бақылайтын. Ұна­маса, шығарып тастайтын. Қасында жүрген соң, біреулері маған келеді, ара түскендей болатын кездерім болды, бірде тыңдайды, бірде қайтарып тас­тайды. Өз басым апамның бітім-болмысынан көп өнеге алдым.

2005 жылы көктемде 93 жасқа келіп, анам қайтыс болды. Елге барып, арулап жерлеп, жетілігін, бейсенбілігін өткізіп келдік. Пойыздың вагонынан шықсақ – апамыз тұр күтіп. Үйдегі балалардан қашан келетінімізді қайта-қайта сұрап тұрыпты. Көрісіп көңіл айтты. 

Анамыздың аруағына бағыштап «Меруерт» мейрамханасында ас бердік. Сол асты Фариза апа бастап ашып, бағыт­т­ап отырды. Осындай жағдай Қара­тай Тұрысов ағаның ұлы қаза болып, Алматыдан келе жатқанда қайталанды. Бізді шақырып: «Әуежайда барайық, Қаратай ағам келе жатыр екен», деді. Күтіп алдық. Әскеркүл апамыз дауыс салып жылады. Әсіресе: «Қарекеңнің жағдайы, денсаулығы деп, құдайдан тілеуім бір жақты болып кетпеді ме екен, баламнан айрылып қалдым ғой, Фариза» дегеніне бәріміз егілдік.

Апамның өзіне де аты жаман ауру үш рет белгі берді. Соның бірінде: «Жаным ауырды» деп келушіге мұңданып, өмірге өкпесін айтпаған қайсарлығына тәнті болдым. Әсіресе соңғы бірер айдың ауырлығын қатты сезіндік. Сонда да, ештеңе білдіртпеді, жаймашуақ әңгімелерді айтып отырды. Әдетте, ауырған адамға барып, көңілін сұрасаң: «Ана жерім үйтіп қалды, мына жерім бүйтіп отыр», деп тәптіштеп, тек кеселін ғана айта береді емес пе? 

Фариза апам қартайған жоқ. Оның бойынан аздап шаршаңқы жүргені байқалса да, кәрілікке ұқсайтын белгі­лердің бірі де болған жоқ. Кәрі­лердің айта беретін көп сөзін де айтпады. Кәрі­лер секілді көп сөйлемеді, өкпешіл болған жоқ.

Кейде ұтымды бір әзілдерді де айтып отыратын. «Шешейдің өлгені болмаса, ауруы менен күшті емес еді» деп анам айтқан, – деп Фариза апай ауруын айта беретін адамдарға тыжырынушы еді.

Ең соңғы ауырғаны бес айға созылды. 25 тамыз күні ауруханаға түсті. Күніге дерлік барып, хабар алып тұрдық. Біздің дәрігерлер, неміс елінің дәрігерлері ұзақ ақылдасып, ота жасамай, химиялық екпе арқылы емдеуді жөн санады. Хи­миялық екпе арасына 15-20 күн салып үш рет жасалды. Соңғысынан кейін тіпті тәуірленіп кеткендей болып еді. Сөйтсек алдамшы екен. Химиялық екпе жүрегіне ауыр салмақ түсіріпті. Нәзік, сезімтал, Асанбай Асқаров айтқан «жігер-жүрек», Оңайгүл Тұржанова айтқан «өлең-жүрек» шыдай-шыдай шаршапты. Мыңдаған адамдарды жырымен, сөзімен, қамқорлығымен емдеген асыл апамыздың жүрегі сол сал­мақтарды көтере-көтере шаршапты...

Ауруханада жатып та, бірде-бір рет тағдырға налып, уайым-қайғыға салынбады. Тіпті күрсінбеді де. Бір сөзімен, я бір қимылымен өкінішін сездір­меді. Өліммен бетпе-бет келіп қалғанда да, қайтпады, еңсесін түсірмеді. Күрескерлігінде, қайсарлығында шек жоқ екен. 

Осының өзі артында қалып жатқан, осы қасірет сәтін ұғынған әрбір саналы азаматты мұңға орантып, қайғыға түсір­ген Фаризаның мінезінен үлгі алуға тиіс екендігімізді көрсетеді.

Өзі жазғандай:

Өзің маған ой бердің, сана бердің, Нар жігіттің арқалар жүгін бердің, Сана бердің сергектеу сезінуге Қайғысы мен күлкісін жұмыр жер­дің, – дегені тағдырына, халқына ризалығындай еді. Апамыз өмірінің соңына таман «Алматы ақшамы» газетінде болғанда былай деген екен: «Қазіргі қоғамда өсек-аяң көп. Өкінішке қарай біздің жур­налистеріміз де сол тақырыпқа бейімделіп, жалған сенсация қуып, отқа май құйып жазғанға машықтанып бара жатқан тәрізді. Жақсы адамдар, жақсылық туралы айтпаймыз. Жақсылықты көрмейміз. Жақсылық жасайтын адамдар жайлы жиі жазсақ, жанымыз жамандықтан аулақ болар еді. Ол адамның бай болуы міндетті емес, өз ісімен айналысып, қоғамға, айналасына пайда келтіріп, айғайламай-ақ еңбек етіп жатқан жақсы адамдар бар ғой өмірде. Солар туралы жиі жазыңдар».

Евгений Евтушенконың: «Неважно есть ли у тебя исследователи, А важно, есть ли у тебя последователи?!» дегені өте дұрыс. Ақын апамызда осының екеуі де бар, зерттеушілері де, ұстаз тұт­ып, жолын ұстанушылары да қаулап өсіп келеді, екеуі де қатар бағыттасып, ақынның тұтас галареясын құрайды. Ақын осы ғұмырында өз мектебін, өз жолын өзі салып кетті. Ол салған соқпақ үлкен жолға, әрі қарай даңғылға айналатыны кәміл. Олжас Сүлейменовтің: «Кто видел Бога? – Тот, кто видел Пушкина» дегеніндей, өз басым Фариза апаймен замандас, тұстас, әріптес, іні болғаныма шүкіршілік етемін. Қайтыс болғанында күнделігіме апай туралы былай деп жазыппын:

«Өлім ғана ақиқат, басқасы – жалған» деген ғой. Бүгін біз сол ақиқатпен бетпе-бет келдік... Фариза апаның жайы жаннатта болып, нұры пейіште шалқығай! Жанашыр апам, рухани анамнан айырылып, құлазып қалдым!»

Фариза ақын: Сендер барда жырым бар,  қаным да бар,  желбірейтін туым бар, тағым да бар. Жүдеп жүрсем, жігер бер,  жалынға мал! Арқа тірер, жалғанда сендер барда 

өзім кетсем мұңлылау әнім қалар... – деп жазғанындай қазақ халқы барда, жыр қадірін бағамдайтын қауым барда Фариза ақынның есімі елімен бірге мәңгі жасай бермекші. Алайда, ақынға деген сағыныштың орны бөлек.

Дана Абай: «Қарашы, өз бойыңда түгел ме екен, Ыстық жүрек, оң шырай, қуат пен күш» дейді. Ақын, Азамат, Қайраткер Фариза Оңғарсынова мәң­гілікке беттегеннен бері, біздің халқы­мыз үшін, әрбіріміз үшін оның кісілік тұлғасы уақыт өткен сайын биіктеп барады. 

Мырзагелді КЕМЕЛ,  экономика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі