Конференцияда ЕО-ның Орталық Азия бойынша жаңа стратегиясының ресми тұсаукесері болды. Жиын барысында Қазақстан Сыртқы істер министрі Б.Атамқұлов Стратегия мәтініне шағын және орта бизнесті, көлік-логистикалық инфрақұрылымды, энергия тиімділігін, қоршаған ортаны қорғау, климаттың өзгеруіне қарсы күрес, су ресурстарын тиімді пайдалану, білім беру, цифрландыру бойынша және т.б. қазақстандық ұсыныстарды енгізуді құптады.
Кездесуде Қазақстандық делегация өңірлік жобаларды қаржыландыру үшін ЕО Инвестициялық тетігінің (IFCA) әлеуетін және Еуропалық инвестициялық банктің (EIB) мүмкіндіктерін іске қосуды ұсынды.
Тараптар өңірлік қауіпсіздік мәселелеріне, соның ішінде Еуропалық одақпен бірлескен шекараларды басқаруға жәрдемдесу бағдарламасын (BOMCA), есірткі жөніндегі іс-қимыл бағдарламасын (CАDАP) жалғастыруға және кеңейтуге, сондай-ақ Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығы желісі бойынша ынтымақтастықты жандандыруға назар аударды. Іс-шараның соңында Сыртқы істер министрлері және ЕО Жоғарғы өкілі «ЕО және Орталық Азия: Күшті серіктестікті бірге құра отырып» атты қорытынды коммюнике қабылдады. Онда ЕО-ның Орталық Азия елдерінің ұлттық күштерін қолдауға, өңірдің әлемдік сауда жүйесіне табысты кірігуіне және өңірішілік ынтымақтастықты ілгерілету үшін өз арсеналындағы барлық құралдарды іске қосуға ниетті екені айтылған.