Сейсенбі, 22 қаңтар 2013 7:06
Дүние дидарын жайлаған дағдарыстың созылмалы сырқатқа айналып бара жатқан түрі бар. Сырқат болғанда да, осы өткен мерзім ішінде оған қарсы ешқандай дауаның табылмауына қарағанда, оның мүлде ем қонбайтын сырқат болып шығуы да әбден мүмкін. Қазіргі таңда дүниенің төрт бұрышында болып жатқан оқиғалар дәл осындай ойларға жетелейді. Рас кейбір алдын ала жасалған болжамдар жұртшылықты болашақта жағдай жақсарады дегенге сендіргісі де келеді. Дегенмен, әлемнің әр түкпірінен жетіп жататын ақпараттарда көңіл жұбатарлық жақсылықтардан гөрі, алаңдатарлық мәліметтер басымдау.
Сейсенбі, 22 қаңтар 2013 7:06
Дүние дидарын жайлаған дағдарыстың созылмалы сырқатқа айналып бара жатқан түрі бар. Сырқат болғанда да, осы өткен мерзім ішінде оған қарсы ешқандай дауаның табылмауына қарағанда, оның мүлде ем қонбайтын сырқат болып шығуы да әбден мүмкін. Қазіргі таңда дүниенің төрт бұрышында болып жатқан оқиғалар дәл осындай ойларға жетелейді. Рас кейбір алдын ала жасалған болжамдар жұртшылықты болашақта жағдай жақсарады дегенге сендіргісі де келеді. Дегенмен, әлемнің әр түкпірінен жетіп жататын ақпараттарда көңіл жұбатарлық жақсылықтардан гөрі, алаңдатарлық мәліметтер басымдау.
Жаһандық қаржы дағдарысы басталғаннан кейін төрт жыл өткенде әлемдік экономика сол баяғы тұрақсыз күйінде қалып отыр, ал табыстарының деңгейі жоғары елдердегі өсім бұрынғысынша әлі де оншалықты айтарлықтай емес. Осындай пікірлер келтірілген Дүниежүзілік банктің таяуда жарияланған «Жаһандық экономикалық перспективалар» атты баяндамасында дамушы елдерге еуроаймаққа және АҚШ-тың салықтық-бюджеттік саясатына байланысты тәуекелдерді азайту үшін күш-жігерді буферлік механизмдерді нығайтумен қатар, өзінің экономикалық өсу әлеуетін дамытуға шоғырландыру қажет екендігі атап көрсетілген.«Экономиканың қалпына келу үдерісі ахуалды тез арада жақсарту және неғұрлым сенімді экономикалық өсімге қайта оралу перспективаларын күңгірттендіре отырып, тұрақсыз және белгісіз күйінде қалуда, – деп мәлімдеді Дүниежүзілік банк тобының президенті Джим Ен Ким. – Осы уақыттарға дейін дамушы елдер ерекше тұрақтылық танытты. Дегенмен «қол қусырып отыруға» және табыс деңгейлері жоғары елдердегі экономикалық өсімнің қайта қалпына келуін күтіп отыра беруге болмайды, сондықтан да біз дамушы елдерге инфрақұрылымға, денсаулық сақтау мен білім беруге инвестицияларды қаржыландыру тұрғысында одан әрі де ықпал ете беруіміз керек. Ол, өзіміз білетіндей, олардың болашақта қол жеткізуі мүмкін экономикалық өсімін жеделдету үшін негіз қалайды».Өткен жылы дамушы елдерде соңғы онжылдықтағы ең бір төменгі экономикалық өсу қарқыны байқалды, оның өзі белгілі бір жағдайда еуроаймақта 2012 жылдың мамыр-маусым айларындағы дүдәмалдықтың өсуіне байланысты орын алды. Содан бері әлемдік қаржы рыногындағы конъюнктура айтарлықтай жақсарды. Дамушы елдерге әлемдік капиталдың құйылуы қайта қалпына келді (2012 жылдың екінші тоқсанында оның 30 пайызға құлағанына қарамастан), ал облигациялар шамамен 282 базистік пунктке тең ұзақ мерзімді ортадан төмен деңгейге дейін төмендеді. Маусым айымен салыстырғанда дамушы елдердің қор индексі 12,6 пайызға өсті, ал бұл уақытта табыс деңгейлері жоғары елдердегі қор рыноктарының өсуі 10,7 пайызды құрады. Дегенмен, орын алған өзгерістерге экономиканың нақты секторы тарапынан болған реакция бір қалыпты деңгейде қалды. Дамушы елдердегі өндіріс көлемі өсті, бірақ бұған инвестициялар деңгейі мен экономикалары дамыған елдердегі өнеркәсіптік белсенділіктің төмендігі тежеушілік келтіруде. Болжамдар, міне, осылай дейді.«Экономиканы U үлгісіндегі траекториямен қалпына келтіруге деген үміт W үлгісіндегі траекторияға деген үмітке ауысты, ендігі жерде әлемдік өсімнің «алфавиттік» болжамы барған сайын күрделене түсуде. Әзірге табыс деңгейлері жоғары елдер үкіметтері өздерінің фискалдық саясатының тұрақтылығын арттыруға талпынып жатқанда, олардың өздерінің фискалдық және ақша-кредит саясаты сенімді және ішкі рынокта қалыптасқан жағдайларды ескеруі үшін дамушы елдер экономикасы дамыған елдердегі әрбір тербелісті алдын ала болжауға деген ниеттен бас тартуы тиіс», деп атап өтті Дүниежүзілік банктің аға вице-президенті және бас экономисі Каушик Басу.Дүниежүзілік банктің бағалауына сәйкес, әлемдік ішкі жалпы өнімнің өсуі өткен жылдың маусым айындағы болжам бойынша 2,5 пайыз мөлшерінде болады делінгенімен, 2012 жылы 2,3 ғана пайызды құрады. 2013 жылы өсу қарқыны іс жүзінде өзгермейді, сөйтіп 2,4 пайызды құрайтын болады деп күтілуде, ал одан кейін біртіндеп ұлғайып, 2014 жылы 3,1 пайызға, ал 2015 жылы 3,3 пайызға жетеді. Есептеулер көрсетіп отырғандай, дамушы елдердегі ІЖӨ 2012 жылы 5,1 пайызға өсті және тиісінше 2013 жылы – 5,5, 2014 жылы – 5,7 және 2015 жылы 5,8 пайызға артуға тиіс. Табыс деңгейлері жоғары елдердегі өсімді бағалау осыған дейінгі болжамдармен салыстырғанда төмендеу жағына қарай қайта қаралды және ол 2012-2013 жылдары 1,3 пайызды құрап, одан кейін 2014 жылы 2 пайызға және 2015 жылы 2,3 пайызға ұлғаятын болады. Егер еуроаймақ елдеріндегі өсімге келер болсақ, ендігі жерде оң маңызға қарай өсімге оралу тек 2014 жылы ғана болады деп болжанып отыр. Ал 2013 жылы ІЖӨ 0,1 пайызға қысқарады деп күтілуде, одан кейін ол 2014 жылы 0,9 пайызға және 2015 жылы 1,4 пайызға артатын болады. Бүтіндей алғанда, 2012 жылы көлемі небәрі 3,5 пайызға ғана ұлғайған әлемдік тауарлар мен қызметтер саудасының өсу қарқыны 2013 жылы 6 пайызға және 2015 жылы 7 пайызға жетуі тиіс. Міне, өзіміз аңғарып отырғандай, жоғарыда келтірілген сандар нақа бөрікті аспанға ата қуанатындай цифрлар емес, тек көңілге демеу боларлықтай ғана көрсеткіштер.«Табыс деңгейлері жоғары елдер экономикаларының осалдығы дамушы елдер экономикаларының өсуіне тежеу жасауда. Дегенмен, бұл жағдайда ішкі сұраныс деңгейінің жоғарылығы мен «Оңтүстік-Оңтүстік» желісі бойынша экономикалық байланыстардың нығаюы дамушы елдер экономикаларының тұрақтылығына сенімді тірек қызметін атқарады, соның арқасында 2012 жылы (осымен екінші жыл қатарынан) дамушы елдердің үлесіне әлемдік өсімнің жартысынан астамы тиіп отыр», дейді Дүниежүзілік банктің Экономикалық болжамдау департаментінің директоры Ханс Тиммер.Еуроаймақтағы дағдарысты реттеуде алға басушылықтың болмауы, АҚШ-тағы борыштық және фискалдық проблемалар, Қытай экономикасына инвестициялардың күрт қысқару мүмкіндігі, сондай-ақ әлемдік рынокқа мұнай жеткізудегі іркілістер жаһандық экономиканың дамуын баяулатуы мүмкін тәуекелдер қатарына жатады. Дегенмен, бірқатар болжамдарға қарағанда, осынау тәуекелдердің іске асу ықтималдығы мен әлеуетті теріс ықпалдары азайды, ал табыс деңгейлері жоғары елдер экономикаларының тез қалпына келу мүмкіндігі күткендегіден көрі арта түсті.Дамушы елдердің басым көпшілігінде фискалдық тұрақтылық проблемасының болмауы жағдайында бұл елдердегі мемлекеттік бюджет тапшылығы мен мемлекеттік борыш 2007 жылға қарағанда анағұрлым көп.«Өз экономикасының, оның өсуін баяулататын тәуекелдердің теріс ықпалына тұрақтылығын арттыру үшін дамушы елдер жұқарған бюджеттік және валюталық резервтерін біртіндеп қалпына келтіріп, халықты әлеуметтік қорғау жүйесін нығайтып және азық-түлік қауіпсіздігін арттыруы тиіс», деп атап көрсетті Әлемдік макроэкономика мәселелері жөніндегі басқарушы және баяндаманың жетекші авторы Эндрю Бернс.Белгілі болған бағалаулар бойынша, 2012 жылы Шығыс Азия және Тынық мұхиты өңірінде экономикалық өсім баяулап, 7,5 пайызды құрады. Ол 2011 жылы 8,3 пайыз болған еді. Мұның өзі сыртқы сұраныстың төмен деңгейіне және Қытайда инфляцияны тежеуге бағытталып қолға алынған экономикалық шараларға байланысты орын алып отыр. Ішкі сұраныстың тұрақты болуына байланысты Қытайды ескермегенде өңірдегі төмендеу онша елеулі бола қойған жоқ. Жыл соңына қарай қаржы рыноктарын тұрақтандыру шараларына және Қытайдың экономикалық саясатты жұмсартуына байланысты бүкіл өңір аумағында экономикалық белсенділік арта түсті. Болжам көрсетіп отырғандай, өңірлік ІЖӨ-нің өсуі 2013 жылы 7,9 пайызға өсіп, 2015 жылға қарай шамамен 7,5 пайыз деңгейінде тұрақталатын болады. Бұл жағдайда Қытай экономикасының өсімі 2013 жылы 8,4 пайызды құрап, 2015 жылға қарай 7,9 пайызға дейін қысқаратын болады.Болжамдарға сәйкес, Еуропа мен Орталық Азия өңірінде ІЖӨ-нің өсу қарқыны 2012 жылы 2011 жылғы 5,6 пайыздан 3 пайызға дейін күрт қысқарды. Оған негізінен өңірдің сыртқы сұраныс деңгейінің төмендігі, еуропалық банктер тарапынан борыштық қаржыландыруды қысқарту, өткен жаздағы құрғақшылық, сол сияқты шикізат бағалары туындатқан инфляциялық қысым сияқты проблемалар себепкер болды. Әсіресе, еуроаймақпен тығыз экономикалық байланыс орнатқан елдердегі өсім айтарлықтай дәрежеде көбірек баяулады. Оның есесіне табиғи байлықтары мол мемлекеттер шикізат бағасының өсуінен ұтысқа шығып, соның арқасында өсім айтарлықтай тұрақты күйінде қалды. Болжамдарға сәйкес 2013 жылы өңірлік ішкі жалпы өнімнің өсу қарқыны 3,6 пайызға, ал 2015 жылы 4,4 пайызға жетпек.2012 жылы Латын Америкасы мен Кариб бассейні елдері өңіріндегі ІЖӨ-нің өсуі 3 пайызға дейін қысқарды. Ол 2011 жылы 4,3 пайызды құраған болатын. Бұған бірқатар ірі елдердегі ішкі сұраныстың құлдырауы және сыртқы конъюнктурадағы қолайсыздық себепкер болды. Өңірдегі ең ірі экономика – Бразилияда есепті өсу қарқыны 2012 жылы небәрі 0,9 пайызға ғана жетті. Осыған байланысты бірқатар ірі елдер қазірдің өзінде инфрақұрылымдық инвестициялар көлемін ұлғайту шараларымен қатар, еңбек қатынастары және салық салу салаларында реформалар жүргізуде. Мұның өзі өңірдегі өсімді тежеп отырған кейбір құрылымдық проблемаларды шешуге жағдай жасауы тиіс.Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка өңіріндегі өсім қарқынына бұрынғысынша саяси белгісіздік пен кейбір елдердегі ішкі толқулар кері әсер етуде. Бағалаулар бойынша өңірлік ІЖӨ 2012 жылы 3,8 пайызға өскен. Ол 2011 жылы 2,4 пайызға қысқарған болатын. Өсімге біраз уақыт соғыс өрті құрсауында болған Ливия мұнайын өндірудің қайта қалпына келтірілуі мен Ирак экономикасының одан әрі сенімді түрде өсуі түрткі болды. Сонымен бірге, осы өңірдегі мұнай импорттаушы елдердегі экономикалық өсім сылбыр күйінде қалуда. Бағалаулар бойынша, ол 2012 жылы 2,5 пайызды құрады. Болжам көрсетіп отырғандай, 2013 жылы өңірлік ІЖӨ-нің өсу қарқыны 3,4 пайызға дейін төмендеп, тек 2015 жылы ғана 4,3 пайызға ұлғаймақ. Мұндай болжамдар қазіргі орын алған белгісіздік азайып, ішкі толқулар тынышталады, соның арқасында туристер ағымы артып, өңірлік экспорт көлемі қайтадан ұлғаятын болады деген көзқарастарға арқа сүйеп отыр.Оңтүстік Азия өңірінде ІЖӨ-нің есепті өсу қарқыны 2012 жылы 5,4 пайызға дейін құлдырады. Оған негізінен Үндістандағы экономикалық өсімнің күрт қысқаруы салқынын тигізді. Болжамдар бойынша үстіміздегі қаржы жылында ІЖӨ өсімі 5,4 пайызды құрайтын болады. Сыртқы әлемдік сұраныстың төмендігі өңірге тән ерекше факторларға деген ықпалды бұрынғыдан да бетер күшейте түскен, дейді осы мәселеге қатысты пікір білдірушілер. Олардың қатарында экономикалық саясаттың беймәлімдігі, сонымен бірге, муссонды жаңбырлар маусымында жылдағыдай нөсер жауындардың болмауы сияқты факторлар бар.Сахараның оңтүстігіндегі Африка елдерінде 2012 жылы 4,6 пайыз мөлшеріндегі сенімді өсім сақталды. Осы өңірдегі ең ірі экономика саналатын Оңтүстік Африканы қоспағанда өңірлік ІЖӨ көлемі 2012 жылы 5,8 пайызға артты. Сонымен бірге, өңірдегі елдердің 3,1-і кем дегенде 6 пайыз өсімді көрсетіп отыр. Мұндай өсімге ішкі сұраныстың тұрақты болуы, шикізатқа жоғары бағалардың сақталуы және экспорт көлемінің артуы мен еңбек мигранттарынан ақшалай аударымдар ағынының тұрақты болуы жағдай жасады. Болжамдарға сәйкес 2013-2015 жылдары аталған өңірде өсім 5 пайыз шамасына тең дағдарысқа дейінгі орта жағдайда сақталатын болады.Өткен жылдың кейбір қорытындылары мен алдағы жылдарға қатысты Дүниежүзілік банк жариялаған баяндамада келтірілген мәліметтер негізінен алғанда, міне, осындай. Жоғарыда айтып кеткеніміздей, жағдай жақсарып келеді деуге әлі ертерек. Ал, алдағының қалай боларын, әрине, уақыт көрсетеді.
Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ,«Егемен Қазақстан».