• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 11 Шілде, 2019

Тарихқа аты мәлім Қаратөбе

2243 рет
көрсетілді

Қаратөбеде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көзделген мақсаттарды жүзеге асыру бағытында Қаратөбе ауданы әкімдігі, аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы, «Мұxит жастары» ЖҚБ, «Ізгілік» ҚБ және аудандық «Руxани жаңғыру» кеңсесінің ұйымдастыруымен «Тарихқа аты мәлім Қаратөбе» атты республикалық экспедиция өтті.

Ауданның тарихи өлкелерін таныс­тыру, өскелең ұрпаққа туған жердің қадір-қасиетін ұғындыру мақсатында ұйым­дастырылған экспедицияға Шым­кент қаласынан және Батыс Қазақ­стан облысының барлық аудандарынан қонақтар келді.

Ең әуелі ауылдың кіреберісінде тігіл­ген киіз үйден дәм татқан қонақ­тар, аудан орталығындағы Қажым Жұма­лиевтің ескерткішіне гүл шоқ­тарын қойып, экспедицияның ашылу салтанатына қатысты.

Экспедиция өз жұмысын Аққозы ауыл­дық округінің аумағындағы Ұзақ күйші кесенесінен бастады. Жи­нал­ғ­андар ең әуелі Ұзақ бабаның ба­сы­­на құран оқыды. Аудандық тари­хи-өлкетану музейінің директоры Н.Мең­дешов күйшінің өмірі мен өнері тура­лы деректерді баяндап, кесене тари­хы­на тоқталып өтті. Халықаралық, ре­с­пуб­ликалық күй байқауларының же­ңім­пазы Қайрат Байғұтты кесене ба­сында күйден арнау арнады.

Әрі қарай жолға шыққан экспе­диция мүшелері Ақшолақ бидің мә­йі­­ті­не аялдап, одан кейін Қарақамыс ауылынан 6 шақырым жердегі Ақба­қай қорымында жерленген төре тұқы­мы Шәңгерей Бөкеев пен үш жүзге ән оздырған Мұхит Мералыұлы кесе­не­лерінің басында болып, рухына құран бағыштады. Қыз­бике қорымында жатқан барамық руынан шыққан Боғда күйшінің зиратына тағзым етілді. «Тарихқа аты мәлім Қаратөбе» атты республикалық экс­педициясына қатысушылар Сулы­көл ауылдық округіне қарасты Төлен елді мекеніндегі Шеруен ишан­ның зираты басында, Жұмыр-Қылыш бейітінде және Үшағаш ауылын­дағы Ақсуат қорымында орна­ласқан Құли ата зиратының басы­на барып, зиярат етті. Деле­гат­тар киелі жерлердің тарихымен танысып, терең мағлұмат алып отырды. Бірінші күнгі экспедиция жұмысы аудандық мәдени-демалыс орта­лығы­ның концерттік бағдарла­масы­мен қорытындыланып, шараға қатысушы меймандар марапатталды.

«Тарихқа аты мәлім Қаратөбе» атты республикалық экспеди­циясы­на қа­тысушылар екінші күні таңғы сағат 6.30-да Қалдығайты өзені жағасындағы көне қорымда орналасқан Едіге ишан баба­мыздың зиратына жолға шықты.

Емші, әулие болған Едіге Шы­мыр­ұлының зиратын 1991 жылы ағайындары мен балалары қалпына келтіріп, басына күмбез орнатқан. Зират басына түнеп тәу етушілерге арнап үй салынған. Осы кісінің атында тоғай да бар.

Әрі қарай экспедиция мүшелері Жусандыой ауылдық округіндегі Қара­тау би кесенесі, Қоске әулие ишан­дар қорымы, Жігерлен ауылындағы Дәу­қара батырға құран бағыштап өмір деректерімен танысты.

Түстен кейін Егіндікөл ауылын­дағы табиғаты тылсым сырларға толы Аққұм қорығы, Егіндікөл бұлағы, Құ­ныс­керей үңгірінде болып, тарихы­мен тан­ысып, бірқатар ұсыныс айтылды.

– Ертеде қазақ пен қалмақ со­ғыс­қан­да қазақтар соғыс тәсілі үшін үңгір қазғандығы айтылып жүр. Құ­ныс­­керей негізі Атырау облысы Қызыл­­қоға ауданында дүниеге кел­ген. Сонау қиын-қыстау заманда қу­­да­лауға ұшыраған атамыз біз тама­ша­лап тұрған үңгірді ме­кендеген екен. Солақай саясаттың кесі­рінен қу­­ғын­­шылардан қашып үңгірге бой таса­лап, жасырынып жүрген деседі. Сол уақытта Құныскерей үңгірге ат үс­тін­де отырып еркін кіре алатын бол­­ған. Қазіргі кезде үңгірге кел­ген адам ең­кейіп қана кіре алады. Үңгірдің же­рі дымқыл, түпкі жақ­тары суық ыз­ғар есіп­ тұрғандай әсер қал­дырады, – дей­ді Нұр­тас Нәбиоллаұлы қысқаша шолу жасап.

Аққұм қорықшасының бұйрат құм­дарын аралап, ондағы өсетін шөп­тер және мекендейтін аң-құстар, жануарлар туралы мол мағлұматқа қанықты. Ауыл іргесіндегі сылдырап ағып жатқан бұлақ басына барып шипалы судан дәм татқан жастар саяхаттан ерекше әсер алды.

Аталмыш шара Қоскөл ауылдық округінде қорытындыланды.

Айта кетейік, мұндай келелі бас­қосудың қасиетті Қаратөбе өңірінде өткізіліп отырғаны жайдан-жай емес. Тарихқа аты мәлім Қаратөбе топы­рағында көптеген тарихи орындар мен кешендер, ғасырлар мен дәуір­лерден бүгінге дейін жеткен ескерткіштер, есте жоқ ескі замандардан қалған құнды жәдігерлер көптеп шоғырланған.

Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары кітабына енген тоғыз киелі жерлеріміз бар: «Қоске әулие», «Аққұм кешені», «Дәуқара батыр», «Жарман хазірет», «Құныскерей үңгірі», «Ұзақ күйші», «Шәңгерей Бөкеев жерленген жер», «Қаратау би Өмір­зақұлы», «Мұхит» кесенесі тари­хи-мәдени мұра нысандары.

 Сондай-ақ  «Едіге ишан», «Жұмыр-Сасық», «Шеруен ишан», «Түрке­байұлы Сейіл» қорымы өткеннен сыр шертіп, бүгінгі ұрпаққа өз дәуірінің ұлағаты мен тәлімін, ғибраты мен өнегесін бейнелеп, әсерлі жеткізіп тұрғандай. Әлбетте, біз өзіміздің өлкеде мұндай тарихи мұралар мен нысандарды жете біле бермейтініміз анық. Осы жолы «Едіге ишан» басына табан тірегенімізде оның қай­талан­бас ғажайыптығына сүйсініп, мән-ма­ңызына қайран қалып, таңдай қағыс­тық. Жалпақ жұртшылыққа ғана емес, тіпті күллі әлемге жария етіп жар салсаң да артық етпес. Себебі ол кие­лі мекен мақтауға да, мақтануға да тұрар­лық. Экспедиция мүшелері атал­мыш аймақты туристік мекенге айнал­дыру керектігін сөз етіп, аудан бас­шы­лығына ұсыныс-пікірлерін жеткізді.

Туризм айтуға ғана оңай болғаны­мен, күрделі әрі кешенді сала екеніне көз жеткіздік. Елбасының «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» атты мақа­ла­сы аясында атамекенге, ондағы тари­хи кешендерге, ескерткіштерге, кесе­нелерге және т.б. киелі жерлерге ерек­ше назар аударылып жатқанына қуан­дық. Әрине мұндай жұмыстар ал­дағы уақытта да өз жалғасын таба беруі керек. Өйткені біз өзіміздің тари­хи жерлерімізді тану арқылы – тари­хы­мызды, елдігімізді де танимыз. Өкінішке қарай, осынау ұлан-ға­йыр жерімізде, байтақ мекенімізде орна­лас­қан көптеген тарихи орындарды әр­қайсымыз біле бермейміз. Осы олқылықтың орнын толтыру мақ­сатында республикалық деңгейде ар­найы шаралар ұйымдастыру кезек күттір­мейтін мәселе. «Отан – отбасынан басталады» деген жақсы сөз бар. Бұған қоса айтарымыз, Отанды білу, еліңді, жеріңді тану – оның киелі де, қасиетті жерлерін білуден басталады. Осыған жеткілікті түрде көңіл бөлсек, ілгері қарай дамып, өркениетті елдер қатарына қосыларымыз анық.

 

Маралбек АМАНТАЕВ,

Қаратөбе аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының маманы

 Батыс Қазақстан облысы