Мәжіліс Төрағасының орынбасары Жәнібек Кәрібжанов Біріккен Ұлттар Ұйымының Орталық Азиядағы босқындар мәселесі бойынша Бас комиссары басқармасы өкілдігінің басшысы Сабер Азаммен кездесті, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Мәжіліс Төрағасының орынбасары мәртебелі мейманды жаңа қызметке тағайындалуымен құттықтап, босқындар мәселесі Қазақстан саясатының басым бағыттарының бірі екендігін атап көрсетті. Өткен жылдың аяғында қабылданған “Босқындар туралы” заңның жобасын жасау кезінде Біріккен Ұлттар Ұйымының босқындар комиссиясының өкілдері араласып, олардың біраз ұсыныстары қабылданған. Трансшекаралық аймақта отырған мемлекеттер шекарашылармен жұмысты жандандырып, анықтау бағытында үлкен жұмыстар атқарылғанын, бұл салада қол жеткізілген жетістіктер баршылық екенін айтқан вице-спикер Біріккен Ұлттар Ұйымының Орталық Азиядағы босқындар мәселесі бойынша Бас комиссары басқармасы өкілдігі басшысының біздің аймақта басталған жұмысына сәттілік тіледі.
Мейман өз кездесуінің халықтық демократияның көзі мен құлағы болып табылатын Мәжілістен басталғанына ризашылық білдіріп, алдағы уақытта Парламентпен тығыз байланыста болатындығына сендірді. Алдағы қазан айында Бішкек қаласында аралас босқындар мәселесіне қатысты конференция өткізетіндіктерін хабарлады. “Біздің стратегиямыз қашанда Үкіметпен бірге болуда, Парламенттен моральдық қолдау күтеміз”, – деді ол.