Бұл жиынның әлқиссасы, яғни БНЕҚ I съезі 2017 жылы Минск қаласында (Беларусь Республикасы) басталған. Өйткені Еуразия кеңістігінде балалар денсаулығына қатысты бүгінгі озық технологияларға сүйенген, маманданған нейрохирургиялық сан түрлі күрделі манипуляцияларды жасауда тәжірибе алмасу, оқып-тоқып, білім алу, оны практикада қолдану мәселелерін бірігіп, ақылдаса отыра жөн-жобасын келтіру осы саладағы қандауырлы дәрігер қауымының ойында біраздан бері жүретін. Сол ниетпен ең алдымен балалар нейрохирургтарының Еуразиялық қауымдастығын құрудың негізгі идеясы пісіп-жетіліп, ол аталған кеңістіктегі балалар нейрохирургтарының арасында ғылыми және тәжірибелік жетістіктермен алмасу, балалар нейрохирургиясы саласындағы мамандарды оқыту, байланыстар орнату сынды кешенді мәселелерді қамтыды. Осылайша осыдан екі жыл бұрын Минскіде бастауын алып, жалғасын қазақ жерінде тапқан съезде Еуразия аймағындағы балалар нейрохирургиясының дамуы мен оның келешегін, бүгінгі таңдағы өзекті мәселелерін талқылайтын алаңға жиылған көптің ішінен саланың жілігін шағып, майын ішкен әлемге танымал мамандардың көрінуі форумның бағасы мен мәнін аша түскендей.
Алқалы жиынның салтанатты ашылу рәсімінде сөз алған Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева: «Еліміздегі балалар нейрохиругиясының жетістіктері Ұлттық нейрохирургия орталығымен байланысты. Серік Ақшолақов басқаратын осы орталықтан еліміздің әр аймағынан күрделі нейрохирургиялық операцияны қажет ететін пациенттер жоғары технологиялы, сапалы медициналық көмек алып, сауығып қайтуда» дей келе форум жұмысына табыс тіледі.
Съездің ғылыми жұмысының ауқымды екенін оның бағдарламасына қарап-ақ аңдағандайсыз. Себебі онда балалар нейрохирургиясы саласындағы аса маңызды мәселелер: гидроцефалия (қазақшасы су ми ауруы), дамудың туа біткен кемістіктері, жарақаттан болған ми-жұлын жүйесінің ақаулары, нейроонкология, функционалды нейрохирургия сынды және өзге өзекті тақырыптар бойынша пленарлық сессия өткізу, оған қоса елімізде алғаш рет балалар нейрохирургиясы бойынша халықаралық қоғамдастықпен бірлесе (ISPN) ресми мектеп өткізу жоспарланыпты. Ал бұл беделді ұйымның әлем бойынша жыл сайын бірнеше ғана мектеп өткізетінін айта кету ләзім.Мемлекет басшысының 2019 жылды Жастар жылы деп жариялағанына байланысты съезде жас мамандарға қолдау көрсету де назардан тыс қалмаған. Сол үшін форум шеңберінде жас нейрохирургтер баяндамаларының байқауы өткізіліп, оған жақын және алыс шетелдерден нейрохирургия саласындағы үздік баяндамаларымен жас дәрігер нейрохирургтер қатысатыны жоспарланған екен.
Ұлттық нейрохирургия орталығын осы саланың флагманы десе еш артық емес. Бүкіл ел аумағында ми, омыртқа жотасы, жұлын-жүйке жүйелерінде ақауы бар адамдардың қысылғанда жандарына сая, еміне шипа іздеп алаңдап, үміт арта елеңдеп келер орнына айналған осы орталықта ашылған күннен бері ересектер мен кішкентай пациенттерге 3000-нан аса операция жасалса, соның ішінде жыл сайын нерв жүйесінде аса күрделі патологиясы бар 500-дей бала орталықта жоғары білікті нейрохирургиялық көмек алып отырады. Пациенттеріне есігін айқара ашқан 11 жыл ішінде орталықта 5000-дай бала ем қабылдап, орталық нерв жүйесі дамуының ауытқуларына, функционалды нейрохирургия, ми ісіктеріне нейронавигация, интраоперациялық нейромониторинг эндоскопиялық, эндовоскулярлық құрал-жабдықты қолданумен 4000-нан аса операция жасалды. Бүгінгі таңда орталық пациенттерді диагностикалаудан бастап, ерте оңалтумен айналысатын медициналық қызметтердің толық спектрін көрсететін Қазақстандағы мамандандырылған жалғыз клиника.
Съездегі шамалы үзілісті пайдаланып «Ұлттық нейрохирургия орталығы АҚ» басқарма төрағасы, Қазақстанның Еңбек Ері Серік Ақшолақовты сөзге тарттық. «Нейрохирургия саласының аурулары бас, ми, жұлын, омыртқа, мидың қан тамырларында туа біткен және жарақат алудың салдарынан болады. Еліміз бойынша балалар нейрохирургиясы соңғы кездері сапалы медициналық көмек берудің жоғары сатысына көтерілді деп айта аламын, себебі орталығымызда 25 орындық балалар бөлімінің ашылуымен жұмыс өз ырғағын тапты. Әрине орынның аздығы сезіледі, ауыратын балалардың саны өте көп, бүкіл ел аумағы үшін 25 орын деген не? Сол себептен облыстардағы клиникалардың жанынан 5-10 балаға арналған нейрохирургиялық операция жасайтын орындар аштық. Біздің орталықта мишықтың ісіктері, ми қабыршақтарының ісіктері сынды күрделі операциялар сәтті өткізіліп жүр. Сонымен бірге назарымызда балалар эпилепсиясы тұр. Есейіп кеткен ересек адамды бұл аурудан нәтижелі емдеу қиын, ал балаларда жақсы ілгерілеуге қол жеткізіледі. Бұл ретте ізденістер мен тынбай жасалған жұмыстардың нәтижесінде жетістіктеріміз бар. Қазірдің өзінде 200-ге таман эпилепсияға операция жасалды. Ал осы операция жасау үшін шамамен 2000 баланы тексеруден өткіздік. Себебі аталған диагнозы бар балалардың 10 пайызын ғана оперативтік жолмен емдеуге болады, қалғаны операцияға жатпайды», дейді Серік Қуандықұлы.
Елімізде БНЕҚ II съезін өткізу отандық мамандардың мүмкіндігін бұрынғыдан да кеңейтеді, өйткені сан түрлі бағыттар бойынша тәжірибе алмасу, жаңа тәжірибе, технологиялар мен біліммен бөлісу, әріптестермен танысу 3 күн ішінде толассыз жүргізілмекші. Съезд жұмысына 15 мемлекеттен: Ресей, Белоруссия, Армения, Украина, Германия, Бразилия, Израиль, Қытай, АҚШ, Грузия, Өзбекстан, Молдова, Тәжікстан, Қырғызстаннан 250-ден аса маман келіп, пленарлық жиыннан басқа тақырыптық секциялық отырыстар, пленарлық дәрістер, сателлиттік симпозиумдар және постерлік сессия өтеді.