– Сәуле Мұханбедианқызы, отбасы институтын нығайту, оның ұрпақ тәрбиелеудегі қызметін ойдағыдай жүзеге асыруға қолайлы жағдай жасау мемлекеттік отбасылық саясаттың алғашқы кезектегі міндеті дейміз. Осы орайда еліміздегі балалардың құқын қорғау жүйесінің қалыптасуы туралы айтып берсеңіз?
– Бүкіл әлем бойынша балалар құқығын қамтамасыз ететін басты құжат – Балалар құқықтары туралы конвенция. Ол 1989 жылдың 20 қарашасында БҰҰ-ның Бас Ассамблеясында қабылданған. Бұл құжатта балалар бірінші рет құқық субъектісі ретінде аталып, солай мойындалып, олар да адам құқықтарының барлық игілігін көре алатын болды. Содан бүкіл адамзат қауымдастығының көкейінен шыққан бұл құжатты 190 мемлекет мойындады. Біздің елімізде ол тәуелсіздік алғанымыздан кейін 1994 жылдың 8 маусымында мақұлданды. Міне, осы сәттен бастап біздің мемлекетімізде балалардың құқықтарын қорғаумен оны қамтамасыз етудің тұтас бір жүйесін құрудың жарқын жолы басталды.
Кейінірек бұл ауқымды істі өмір ағымынан қалыспай ойдағыдай жүзеге асырып отыру және елімізде балалар құқығын қорғаудың ұлттық жүйесін жетілдіру үшін Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 10 арнайы Жарлығымен елімізде қоғамдық негізде жұмыс істейтін Бала құқықтары жөніндегі уәкіл институты дүниеге келді. Ол құжатта уәкілдің негізгі мақсаты балалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің кепілділігін қамтамасыз ету, сондай-ақ мемлекеттік және қоғамдық институттармен тізе қоса отырып балалардың бұзылған құқықтары мен еркіндіктерін қалпына келтіру, деп жазылған. Біздің күнделікті және алдағы барлық жұмысымыздың негізгі бағдаршамы осы қағида.
– Әрине, әр жұмысты алаңсыз атқару үшін ең алдымен оның заңдылық негізін қалыптастырып алу қажет екендігі түсінікті ғой. Дегенмен, бұл орайда қандай ауқымды істер жүзеге асырылды деп айта аламыз?
– Елімізде бүгінде балалар мен жасөспірімдердің құқықтары мен кепілдіктерін реттейтін 45 нормативтік акті қабылданып, 15 негізгі халықаралық құжат мақұлданған. Балалар мен жасөспірімдердің құқықтарын қорғайтын заңнамаларды жетілдіруге белсене араласып, оған атсалысып отыру уәкілдіктің басты міндеті. Сондықтан алғашқы мезеттен бастап осы заң жобаларында балалар құқықтарының сақталуы, олардың балалар мүдделеріне толық сәйкестігі қатаң қадағаланды. Және бұл жұмыс заң жобасының Парламент комитеттерінде қаралуы кезінде де одан әрі жалғасын табады.
Балалар мен жасөспірімдерге күш көрсету және бұл орайда қылмыстың артуын зерделей келе Парламент Сенаты мен Мәжілісінің бір топ депутаты балалар құқықтарын қорғау жөніндегі қызметті жүзеге асыруға тиісті ұйымдардың жұмыстарына қатысты мәселелер жөнінде заңнамалық актілерге өзгерістер мен қосымшалар енгізу туралы заң жобасын қабылдауға бастамашылық жасады. Біздің араласуымызбен жаза тағайындау мәселелеріне өзгерістер енгізілді.
Сондай-ақ кәмелетке толмағандардың жыныстық пәктігіне қарсы қылмыс жасаған адамдарға қатысты жаза едәуір қатаңдатылды. Осы заң жобасына сәйкес, кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық қылмыс жасағандар енді 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылатын болды. Кәмелетке толмағандарға қатысты сексуалды сипаттағы қылмыс жасағандарға жауапкершілікті күшейтуге байланысты белгілі бір лауазымнан немесе белгілі бір қызметпен айналысудан өмір бойы айыру қосымша жазасы белгіленді.
– Жаны күйзелген жандар сіздердің ұйымдарыңызға қалай хабарласа алады және олар қандай көмек күте алады?
– Ұйымымыздың діттеген қызметін ойдағыдай атқарып, қалыпты жұмыс істеуі үшін тұрғындармен, жалпы бұқарамен мүлтіксіз байланыс орнатудың маңызы аса зор. Осыған орай бізде «111 шұғыл қызмет» контакт-орталық тәулік бойы үздіксіз жұмыс істейді. Ондағы тәжірибелі мамандардан, психологтар мен заңгерлерден жаны күйзелген жандар қажетті көмек ала алады. Онда құпиялылық толық сақталған.
Контакт-орталық абоненттердің мәселелерін шешуде және оларға қажетті көмек көрсетуде орталық мемлекеттік органдармен және жергілікті атқарушы органдармен, сондай-ақ үкіметтік емес органдармен әрекеттесе жұмыс істейді. Сондай-ақ контакт-орталыққа еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің және құжат қабылдап алу кезіндегі халыққа қызмет көрсету орталықтары қызметкерлерінің іс-әрекеттеріне қатысты арыз-шағымдар көбірек түсетінін айта кеткен жөн. Олардың айтуы бойынша, жәрдемақы төлеу тәртібі толық түсіндірілмейтін көрінеді, ал Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстары сияқты жекелеген аймақтарда тіпті себебін де айтпастан құжаттарды қабылдамайтын да жағдайлар кездескен. Сайып келгенде осылардың бәрі де балалардың өміріне тікелей әсер ететін жайттар.
Осыған орай біз өз тарапымыздан осындай олқылықтардың орнын толтыру үшін тиісті шаралар жүргізіп жатырмыз. Айталық, денсаулық сақтаудағы олқылықтар жөнінде Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан келіп түскен шағымдар бойынша айтылған кемшіліктер осы қалалардың денсаулық сақтау басқармаларымен бірлесе отырып толық шешілді.
– Бұл жобаға қаншалықты қоңырау шалынғанына тоқтала кетсеңіз.
– Мәселен, осы жылдың 5 айы ішінде бұл қызмет операторлары келіп түскен 156173 арыз-шағымды қарап шықты, бұл былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 83,8 пайыз артық. Осы қоңыраулардың 73850-і бойынша мамандар арнайы жұмыс жүргізіп, абоненттерге дер кезінде қажетті көмек көрсетті. Ал «Сапалы қоңыраулар» деп аталатын бұл көрсеткіш 2018 жылы 3169 ғана болатын. Сондай-ақ әлеуметтік қорғау саласы бойынша балалар құқықтарын қорғаудың әртүрлі мәселелері жөнінде 68723 алғашқы консультация берілді. Өмірден түңілуге итермелейтін жеке басының күйзелісі жайында қоңырау шалған 1218 абонентке психологиялық көмек көрсетілді. 3628 адамға заңдылық тұрғыдан кеңес берілді. Бұл көрсеткіш былтыр ғана небәрі 376 болған еді.
– Қазір қоғамымызды ерекше елеңдетіп отырған суицид жайы ғой. Оған қоса мүгедек жандар мәселесі де алаңдатады. Осы бағытта не істелініп жатыр?
– Бұл мәселе бойынша біздің психолог мамандар 51 суицидке соқтырар жайдың алдын алып, балалар мен әйелдерге зорлық-зомбылық көрсетудің 59 жағдайын тоқтатты. Қазіргі қоғамды дүрліктіріп, айрықша алаңдатып тұрған өзіне өзі қол жұмсау жайы екені рас. Биылғы жылдың 3 айында осындай шетін жағдайда 29 адам хабарласқан. Олардың 8-і 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер болса, 21-і ересектер. Жасалған талдауларға қарағанда бұған көбіне ішкі отбасылық кикілжіңдер, өмірде тығырыққа тірелу, құрдастар арасындағы кикілжің және сәтсіз махаббат себепкер болатын көрінеді. Мұндайда маман психологтар адамды райынан қайтаруы мүмкін. Сондықтан елімізде мұндай мамандардың көбірек болғаны дұрыс. Сонымен бірге оқу орындарында психологиялық қызмет жұмысын жандандыра түскені жөн дер едік. Мүгедек жандар жайы да аталған қызмет назарынан тыс қалған емес. Оларды әлеуметтік жағынан қорғау жөнінде 152 шағым қаралып, шара қолданылды. Ал мүгедек деп танылу туралы 126 өтініш келіп түскен. Салыстыру үшін айта кетелік, бұлардың біріншісі былтырғы жылмен салыстырғанда 80 пайыз кемісе, екіншісі 40 пайыз артқан. Сондай-ақ денсаулық сақтау ұйымдарының жұмысына келіп түскен шағымдардың 31 пайызға, білім беру саласының қызметкерлерінің келеңсіз іс-әрекеттері жөнінде келіп түскен қоңыраулардың тіпті 73,9 пайызға артқанын да айта кетпесек болмас. Ерлі-зайыптылар арасындағы кикілжің де желкілдеп өсіп келе жатқан бала психологиясына зор зардабын тигізетіні сөзсіз. Контакт-орталық операторлары мұндай оқиғаның аталған мерзім ішінде 45 фактісін тіркепті. 3 ай ішінде күтімсіз қалған балалар жөнінде 70-тен астам дабыл түскен.
– Еліміздегі балалар құқын қорғауда дамыған елдердің тәжірибелері қызығушылық туғыза ма?
– Бүгінгі әлемде бір де бір мемлекет өзін балалар құқықтарын сақтау саласында үлгі ретінде ұсына алмайды. Тіпті ең демократиялық және экономикасы дамыған деген мемлекетте де кәмелетке толмағандардың қылмысының өсуі, тұрмысы төмен отбасылардың болуы, медициналық қызмет көрсетудің нашарлығынан балалар өлімі, қараусыз қалған балалар санының өсімі байқалады. Дегенмен де балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мәселелері жөніндегі тәжірибелері бізді қызықтыратын мемлекеттер де баршылық. Соған орай біз олардың осы саладағы жұмыстарын зерделеп, тәжірибе алмасып, оларды өз еліміздің әдет-ғұрып, салт-дәстүрлеріне сай пайдаланып отыру қызметіміздің бір парасы деп түсінеміз. Балалар құқығын қорғау – күрделі іс. Ол мемлекеттің, жұртшылық пен халықаралық және отандық үкіметтік емес ұйымдардың бірлескен іс-әрекетінен құралған біртұтас жүйе. Қай мемлекетте де бұл жүйе мүлтіксіз жұмыс істеуге тиіс. Өйткені балалар тағдыры – болашақ тағдыры.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Александр ТАСБОЛАТ, «Egemen Qazaqstan»