Кеңеске Жоғарғы соттың судьялары, жекелеген мемлекеттік органдар мен ұйымдардың басшылары мен өкілдері, облыстық және оған теңестірілген соттардың төрағалары, Жоғарғы сот департаменті мен оның құрылымдық бөлімшелерінің, сондай-ақ Сот төрелігі академиясының басшылығы да қатысты.
Ж.Асанов кеңес жұмысын аша келе, «Сот төрелігінің 7 түйіні» бағдарламасы аясында ондаған қанатқақты жобаларды іске асыру нәтижелері: «Түнгі» және «Отбасылық» соттар, «Татуластырушы-судья», «Судья көмекшісі», соттан тыс татуласу орталықтары, фронт-кеңселер туралы айтып берді.
– Біз бұл жобалардың адамдарға шынымен пайдалы екендігіне көз жеткіздік, осылайша ең түйткілді мәселелерді еңсердік. Сондай-ақ шектен тыс жүктеме бойынша жағдай тұрақтанды. Кешенді әрі жүйелі жұмыс атқарылуда, оның мақсаты – сот төрелігін сапалы жүзеге асыру, – деді Ж.Асанов.Кеңес барысында Жоғарғы сот төрағасы соттарға қойылатын ыңғайсыз сауалдарға жауап берді. «Судьялыққа «таныстық» немесе ақша арқылы барып жатады, судьялар құқық қорғау органдарының жетегінде жүр, соттар мемлекеттің мүддесін адамнан жоғары қояды», деген сипаттағы пікірді Ж.Асанов жөнсіз деп санайды. Ол соттардың атына жиі қойылатын жүйелі сынға жауап бере келе, оларды үш топқа бөлді: қылмыстық сот төрелігі, мемлекеттік органдармен арадағы жеке адамдар мен бизнестің даулары және судьялық кадрлар.
Жоғарғы сот төрағасы 2020 жылы сот төрелігі саласында сапалық өзгерістер орын алатынына және алдағы 2 жыл ішінде ақтау үкімдері санының 6 есеге артатынына сенім білдірді.
Ж.Асанов айыптаушылық бағыттан қалай құтылуға болатынын, Әкімшілік әділет кодексінің жобасы, судьялық кадрларды іріктеудің жаңа жүйесін құру, сондай-ақ судьялар корпусын кәсіби емес, сыбайлас жемқорлыққа ұшыраған судьялардан тазартудың жаңа әдістемесін енгізу туралы айтып берді.
– Жалпы, сот жүйесінің ең басты бір ғана проблемасы бар деп айтатын болсақ, ол – судьялық кадрлар. Биылға дейін судьялыққа мықты заңгерлер ұмтылмайтын. Неге? Өйткені біздің бар қиыншылығымызды, жалақымыз төмен екендігін, жүктеме көп екендігін біледі. Тіпті прокурорлар да, адвокаттар да, басқа заңгерлер де сот қызметіне келгісі жоқ. Сонда «судья боламын деп конкурсқа қатысып жатқандар кімдер?» деген сұрақ туады. Олардың басым көпшілігі соттағы техникалық қызметкерлер – сот хатшылары. Жоғары Сот Кеңесінің отырысында азаматтарды өз еркімен жұмыстан шығару мәселесі қаралады. Біз сонда одан «себебі қандай?» деп сұраймыз. Негізінен екі себеп айтады: «Алдымен жалақы аз, одан кейін жеке өмірге уақыт жоқ». Өйткені күніне әрбір судья 10 шешім қабылдайды. Бұлардан бөлек үшінші себеп те бар. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларына, облыс орталықтарына ауысу, басшылық қызметке тағайындалу бойынша сот жүйесінің ішінде әділдік болмағанын алға тартады, – деді Жоғарғы сот төрағасы.
Жиын барысында Жоғарғы соттың Азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Мейрамбек Таймерденов, Жоғарғы соттың мамандандырылған алқасының төрайымы Айгүл Қыдырбаева сөз сөйледі.
Облыстық және оған теңестірілген соттардың бірқатар төрағалары да есеп берді.
Кеңес соңында Ж.Асанов судьялар корпусына бірқатар міндеттер жүктеді. Әріптестерін сот төрелігін жаңа жағдайда атқаруға дайын болу қажеттігін ескерте отырып, ол судьяларды сот төрелігін жүзеге асыруда жоғары сенімді ақтауға шақырды.
Жоғарғы сот төрағасы еліміздің жоғарғы сот органының әділ сот төрелігіне, құқық үстемдігі мен қоғамдағы тұрақтылыққа қол жеткізуге бағытталғанын атап өтті.