– Актердің бағын ашатын табиғатына дөп түскен сәтті рөл екені анық. Осы тұрғыдан келгенде, Қасым сұлтан бейнесі сізге не берді? Кейіпкеріңізбен қандай ұқсастықтарыңыз бар?
– «Жақсы актер кез келген рөлде жарқырай көрінуі керек. Шеберлік деген – сол» деп жатады. Келісуге де, келіспеуге де болады. Бірақ, қалай десек те, актердің бағы – оң жамбасына келетін сәтті рөлімен дер шағында жолығуы. Ол рас. Мен үшін Қасым сұлтан бейнесі сондай рөл болды ғой деп ойлаймын. Оқу бітіре салып, театр сахнасында түрлі кейіпкерлерді ойнап жүргеніммен, киноға біраз имене қадам бастым. Бағыма орай, үлкен экрандағы дебютім – Қасым сұлтан болды. Алғаш рөлге бекітілгенімді естігенде, қатты толқыдым. Қорқыныштың болғанын да жасырмаймын. Өйткені бұған дейін театр сахнасында Қожа, Бақыт, Жасболат сынды кілең балалардың, мектеп оқушыларының бейнесін кейіптеп жүргеннен кейін де шығар, Қасым сұлтандай тарихи кесек тұлғаға келгенде аздап жүрексінгенім рас. Бірақ, кино бала күннен бергі арманым болған соң, көп ойланбадым, өзіме өзім «нартәуекел!» дедім. «Көз қорқақ, қол батыр» деген рас екен. Бір ай өткеннен кейін-ақ, Қасым рөліне ене бастағандай болдым. Тіпті бес айдан кейін түсірілім алаңынан үйге оралғанымда қала тіршілігіне үйрене алмай біраз тосырқап жүрдім. Өйткені кең далада атқа мініп, ауылдың табиғатына әбден ет үйреніп қалыпты. Соны сағындым (жымиды). Негізі Қасым сұлтан бейнесі мен өз табиғатымда айтарлықтай ұқсастық бар деп айта алмаймын. Керісінше, Қасым хан маған өмірде сабырлы, жинақы болуды үйретті. Түсірілім барысында кейіпкерімнің табиғатына байланысты барынша салмақтылау, ұстамдырақ болуға тырыстым. Ал менің болмысымда балалық қалып басымдау. Әрине, актер ретінде өзіңнің жаныңнан да түрлі ізденістеріңді қосасың ғой, бірақ қалай десе де Қасым бейнесі кино әлеміндегі ұстазым болды.
– Режиссер Рүстем Әбдіраш пен актер Мейірғаттың арасындағы шығармашылық тандемді қалай бағалайсыз?
– Рүстем аға ерекше адам ғой. Өз басым ол кісіні адам ретінде де, кәсіби маман ретінде де қатты сыйлаймын. Түсірілім жұмыстары әлдеқашан аяқталып кеткенімен, шығармашылық байланысымыз үзілген емес. Үнемі жастарды жанына жақын тартып, ақыл-кеңесін айтудан жалықпайды. Рүстем ағамен жұмыс істеудің өзі үлкен ғанибет. Ол кісінің бір ерекшелігі – шежірені, тарихты өте жақсы біледі. Кәсіби суретшілігі де өз алдына бір төбе. Әр кадрдан сұлулық іздеп тұрады. Бізді де сол талғамға тәрбиеледі. Ең бастысы, актердің ізденісін шектеген емес. Камера алдында барынша еркін ашылуыңа мүмкіндік береді. Белгілі бір шекараға салып, өзінің режиссерлік үстемдігін жүргізу ол кісінің табиғатына жат. Сондықтан болса керек, фильмде импровизацияға көп бардық. Камерамен бірден «достасып» кеттік. Рүстем ағаның тағы бір ерекшелігі – барлығына жаны ашып, қамқор болып жүреді. Рөл сұрап келген адамның бетін қайтарған емес. Кішкентай эпизодқа енгізсе де әйтеуір алдына келген адамды риза қылмай қайтармайды. Көңілге көп қарайды. Әсіресе, түсірілім алаңындағы мына бір оқиға есімнен кетпейді. Түлкібаста өткен түсірілімнің бірінде 15-16 жастағы бала келіп: «Аға, менің де кинода ойнағым келеді. Көпшілік сахнада болса да рөл тауып беріңізші» деп қиылды. Жанары от болып жанып, көңілі өнер деп өрекпіп тұрған бозбаланың меселін қайтарғысы келмей барлығымыздың көзімізше: «Бүгін осында қал, ертең бірдеңе қыламыз», – деді. Бірақ, кейін ол оқиғаны мүлдем ұмытып кетіппін. Премьера күні әлгі баланы фильмнен негізгі планда көріп, Рүстем ағаға іштей риза болдым. Осы жағынан келгенде ол кісі өте қазақи ақынның отбасында тәрбиеленгені сөзінен де, әрекетінен де көрініп тұрады. Бүгінде көп адамның бойында кездесе бермейтін қазақы бір дархандық, кеңдік бар. Сол мінезін ерекше құрмет тұтамын.
– «Қазақ хандығы», «Алтын тақ» фильмімен тура бір күні тұсауы кесілген «Каникулы off-line» картинасындағы бейнеңіз Қасым сұлтанға мүлдем қарама-қарсы... Шыныңызды айтыңызшы, экрандағы екі түрлі Мейірғаттың қайсысы өзіңізге көбірек ұнады?
– Қиындау сұрақ екен (күлді). Актер үшін әр жасаған жұмысы ыстық қой. Әрине, жауапкершілік тұрғысынан келгенде, Қасым сұлтанның салмағы ауыр болды. Ізденіске де жіті мән бердім. Ал «Каникулы off-line» комедиясында жағдай мүлдем басқа. Мұнда мен өзімді ойнадым. Сөзсіз, комедияның да қиындығы жетерлік. Бірақ бұл фильмдегі атмосфера балалық шаққа қайта саяхат шеккізгендей сағынышқа, қызықты естеліктерге толы болды. Оның үстіне, театрдағы ұстазым, режиссер Нұрқанат Жақыпбай: «Актер әрқашан өзінің балалығын жоғалтпауы керек», деп үнемі айтып отырады. Осы сөз жадымызға сіңіп қалғаннан болар, Жастар театрының барлық актері балалық қалпын жоғалтпауға ұмтылады. Қай рөлге де жастық жалынмен келуге жанын салады. Өйткені біздің театрдағы негізгі қағида – сол. Сондықтан болса керек мен «Каникулы off-line»-ды тіпті де жатырқаған жоқпын. Фильмнің түсірілімі тек балалар мен көрермендерге ғана емес, өзіме де қатты қызық болды. Себебі сценарий шынайылығымен ұтты деп ойлаймын. Өмірде қандай болсақ, фильмде де сол табиғатымызды өзгертпей беруге тырыстық. Бастысы – эмоцияны қолдан жасамадық, бәрі болмысымыздай шынайы болды. Он сегіз күн бойы балалармен бір үйде тұрып, бірге тамақтанып, ойнап, аз ғана уақытта бір-бірімізге бауыр басып кеттік. Әрине, бастапқыда қаланың балалары ауылға үйрене алмай тосырқап жүрді. Кейін кең далаға бой үйретіп, тіпті қайтқылары келмей қалды. Бұл – актерлерге еркіндік берген режиссердің тапқырлығы. Соның арқасында жеңіл, ойнақы, көңілді фильм өмірге келді. Туындының кинопрокаттағы жалпы табысына қарап, «жасаған жұмысымыз көпшілік көрерменнің көңілінен шықты ғой» деп ой түйдік. Қазір комедияның екінші бөлімін түсіру жоспарланып жатыр. Сәтін салса, жақын күндері отандық кинотеатрлардан көріп қалуларыңыз мүмкін.
– Сөзіңізде ерекше тоқталып өткендей, өнердегі алғашқы қадамдарыңыздың куәгері – Жастар театры. Өнер ордасының қазіргі жағдайы, деңгейін қалай бағалайсыз? Театр сізге не берді?
– Жастар театры ең әуелі мені актер болу, үлкен сахнада өнер көрсету дейтін арманыммен қауыштырды. Сол үшін де мен осындай ғажайып әлемнің есігін айқара ашып беріп, талғампаз театр, сахна мәдениетіне тәрбиелеген ұстазым, өнердегі әкем, сүйікті ағайымыз – Нұрқанат Жақыпбайға қарыздармын. Нұрқанат ағай ұзақ жыл тыңғылықты ізденіп, бірнеше буын шәкірттеріне тәлім бере жүріп, барлығын өзі іргесін қалаған бір театрдың шаңырағы астына ұйыстыра білді. Жастар театрында қызмет ететін актерлердің арманы да, мақсат-мүддесі де ортақ, ол – заманауи жаңашыл театр өнерін тудыру. Сондықтан болса керек, біз бір-бірімізді ыммен, көзқараспен-ақ түсініп, ұғысатын деңгейге жеттік. Өзге театрлардағы әріптестеріміз: «Сендердің театрларың бәрібір басқа. Ерекшеленіп жүресіңдер», дейді. Ол ерекшелік – театр актерлерінің барлығының бір ұстаздан тәлім алып, әлі күнге дейін бір әкенің баласындай тәрбиеленіп келе жатқандығында болса керек. Оқу бітіргенімізге бірнеше жыл өтсе де, біз үшін Нұрқанат ағай – ұстаз, ал біз студент сияқтымыз. Үнемі сол кісінің пікіріне құлақ асып, ақылын азық етіп келеміз. Тіпті ағай кезекті премьерадан кейін рөліміз жайлы ештеңе демей қалса, өзімізді біртүрлі сезініп, іштей қамшылай түсеміз. Ол кісі бізді жанкештілікке, тәуекелшілдікке, ең бастысы алдымызға үлкен арман қойып, сол арманға сендіріп үйретті. Соның арқасында болар, бүгінде Жастар театрын елімізден бөлек, алыс-жақын шетелдік өнер ұжымдары мен көрермендер жақсы біледі, қуана қарсы алады. Бірнеше мемлекетке барып, фестивальдерден жүлделі оралып жүрміз. Мұның барлығы ұстазымыздың ұжымда қалыптастырып, бойымызға сіңірген ауызбіршілік пен бауырмалдық сезімдерінің арқасы екені анық.
– Театр мен кино актерінің қандай айырмашылығы бар? Қос салада қатар қызмет еткен тәжірибеңізден не түйдіңіз?
– Әдетте, театр актерлері кинода жасанды, «театральный» ойнайды деп жиі сын айтып жатады. Бұл жерде барлық мәселе әртістің шеберлігіне келіп тіреледі деп ойлаймын. Өйткені театрдың да, киноның да өз ерекшелігі, ойнау талабы болады. Мәселен, театрда әртіс әрекеті көрерменнің көз алдында. Міндет – алдыңғы қатардан бастап, соңғы қатарда отырған көрерменіңе сөзіңді де, өзіңді де жеткізу. Содан кейін әр ойнаған сайын рөлің дамып, толығып, жетіліп отырады. Театр актеріне қателесуге болмайды. Өйткені әр әрекетіңді қалт жібермей қадағалап отырған көрермен бар. Осы тұрғыдан келгенде, театр актеріне жүктелер эмоциялық, энергиялық салмақ ауырлау. Ал кинода бәрі басқаша. Мұнда байыппен сөйлеуге, қарапайым қалыпты ұстануға мүмкіндік беріледі. Сәтсіз кадрларды қайта түсіруге болады. Кинода бастысы камерамен достасып үйрену керек. Қалғаны тәжірибемен, эмоционалдық күймен келе береді. Мәселен, «Қазақ хандығы» фильмінің алғашқы бөлімі түсірілген 5 ай уақыттың ішінде мен өзімді шын мәнінде кәдімгідей сұлтан сезініп, сол кейіптен шыққым келмей, керемет бір күй кештім. Соңында кейіпкерімді аздап қимай да қалдым. Өйткені режиссерден бастап, шығармашылық топ түгелімен маған солай қарады. Тіпті түсірілім жұмыстары өткен елді мекен, ауылдардағы үлкен кісілер, әсіресе апалар жағы үстіме кіреукемді киіп, қару-жарағымды асынып қастарынан өткенімде «Қасым сұлтан келе жатыр» деп орындарынан тұрып құрмет көрсететін. Балалар да «Қасым аға» атап кетті. Сөйтіп бір сәтте мен өзімнің Мейірғат екенімді ұмытып, Қасым сұлтан болып өмір сүрдім. Міне, көрдіңіздер ме, кино актеріне түсірілім өтетін межелі уақыт аралығында осы тектес күйді сезінуі маңызды. Өз образыңа лайықты деңгейде сене алсаң, рөлің де шынайы шығады. Ал театрда олай емес. Сахнаға әр шыққан сайын кейіпкеріңнің күйін қайта-қайта сезініп, көңіл елегінен өткізуге тура келеді. Бұл, әсіресе трагедия жанрындағы қойылымдарда ауырлау. Бірақ, актер үшін де, көрермен үшін де театр сонысымен ыстық деп ойлаймын. Жалпы, театр мен киноның ерекшелігін америкалық әйгілі актер Аль Пачинодан артық бағалау мүмкін емес. Актер айтады: «...Театрда да, кинода да ойнау – арқан жіпте жүргендей. Жіп театрда жоғары ілінсе, кинода жерге қойылады. Театрда құласаң – оңбай құлайсың». Тура айтылған. Ең бастысы, жанрлар ерекшелігін сезіне білу қажет. Үнемі ізденіп, өз-өзін дамытып, жетілдіріп жүретін актерге мұндай қауіп төнбейді. Жақсы актерге шеберліктен бұрын, ең әуелі терең білім керек.
– Іштей жақсы көріп, үнемі сағынып, ойнағыңыз келіп жүретін кейіпкерлеріңіз бар ма?
– Әрине, ондай рөлдер театрда өте көп. Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» шығармасы бойынша режиссер Нұрқанат Жақыпбай қойған «Көзіме бір көрінсең, бала ғашық...» спектакліндегі – Қожа, Сәкен Жүнісовтің «Тырау-тырау, тырналарындағы» – Бақыт, Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібегіндегі» – Төлеген, Қанат Жүнісовтің «Алғашқы махаббатындағы» – Жасболат бейнелері әсіресе жаныма жақын. Балаларға арналған ертегілерде ойнаған да ұнайды. Өйткені ондай қойылымдарда тазалық бар. Көрермендерің де дәл сондай тап-таза. Жалпы, балалардың қуанышын, эмоциясын сезіну ерекше қызық қой. Сондықтан театрдағы рөлдерімнің ешқайсысын бірін екіншісінен бөліп-жарып қарай алмаймын. Барлығы өз алдына қызық, қымбат. Әйтсе де болашақта ойнасам, шығармашылық өмірбаянымды толықтырсам деген кейіпкерлер де жоқ емес. Ол, әсіресе, кино саласына қатысты. Алда жақсы, сапалы сценарийлер келіп, ұсыныс түсіп жатса, мелодрама жанрында және спортқа, оның ішінде күреске қатысты фильм, сериалдарға түсуге қуана келіскен болар едім. Бүгінде мені спорт туралы картиналар қатты қызықтырып жүр.
– Ал болашақта қандай режиссерлермен бірлесе жұмыс істегіңіз келеді?
– Актер үшін әр режиссер өзінше бір тәжірибе мектебі ғой. Әсіресе, ресейлік режиссерлердің шеберханасын көріп, танысқым келеді. Отандық режиссерлерден Ақан Сатаевпен жұмыс істеу мен үшін өте қызық.
– Актер Мейірғат Амангелдинге не тілейсіз?
– Өзіме айтар тілек те, талап та өте көп (күлді). Әсіресе, «ерінбе, көп оқы» дегім келеді. Өйткені менің ең осал тұсым – жалқаулығым, барға қанағат жасап қалатындығым. Мұны театрда ұстазымыз да үнемі айтып, қамшылап отырады. «Актер ізденісін тоқтатқан күні өледі» дейді режиссер. Сондықтан да адам өзінен жақсы актер жасағысы келсе, ең әуелі көп оқып, ізденуі керек. Менің бір жаман әдетім – қызығы кетіп қалса, кез келген істі соңына жеткізбей, тастап жүре беремін. Мені үнемі қызықтырып, таңғалдырып отыру қажет. Осы әдетімді жеңгім келеді. Қалғанын кәсіби һәм өмірлік тәжірибе өзі-ақ қалыптастырады деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Назерке ЖҰМАБАЙ, «Egemen Qazaqstan» Айна АЛПЫСБАЙ, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті