Бейсенбі, 21 ақпан 2013 7:17
Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған ел едік. Құндылықтар құбылып, өзгеріп жатқан заман ғой. Өзекті өкініш өртегенімен, жетімдер жетерлік, жесірлер де аз емес. Енді қайтпек керек? Жетімнің басынан сипай алмасақ, елдігіміз қайда? Жылаған жесірдің көз жасын сүртуге жарамасақ, азаматтығымызға сын емес пе?
Бейсенбі, 21 ақпан 2013 7:17
Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған ел едік. Құндылықтар құбылып, өзгеріп жатқан заман ғой. Өзекті өкініш өртегенімен, жетімдер жетерлік, жесірлер де аз емес. Енді қайтпек керек? Жетімнің басынан сипай алмасақ, елдігіміз қайда? Жылаған жесірдің көз жасын сүртуге жарамасақ, азаматтығымызға сын емес пе?
Қызылордада «Сәбилер үйі» ашылды. Әсілінде, мұны жетімдер үйі деп түсінуге болмайды. Мұнда қандай балалар жатады? Әрине, алдымен жетім балалар орналастырылады. Ата-анасының қамқорлығынан тыс қалған сәбилер осында тұрмақ. Бүгінгі күні некесіз балалар да келіп жатыр өмірге. Олар да осындағы мамандардан мейірім таппақ. Сонымен бірге, қазіргі кезде өмірге енді ғана келген шарананың да денсаулығы нашар болып жатады. Айталық, ақыл-ойы дамымай қалады. Дене мүшесінің дамуында кінәрат болады. Осындай балаларға да «Сәбилер үйінде» медициналық қызмет көрсетіледі.Аталған орталық жақында ғана пайдалануға берілді. Аялы мекен 60 балаға арналған. Онда жатын орындары мен әр топқа бөлінген балалардың бөлмелері бар. Мәселен, «Балапан» тобында – 10, «Қарлығаш» тобында – 6, арнайы мамандандырылған екі «Ботақан» тобында – 8, сондай-ақ, екі бөліктен құралған «Үміт» тобында – 13 бала бар.«Сәбилер үйінде» физиотерапия кабинеті, егу бөлмесі, медициналық қалдықтар, дәрі-дәрмектер сақтайтын және қабылдау бөлмелері жұмыс істейді. Онда 2 дәрігер, 2 логопед, 1 педагог-психолог, 1 дәрігер-психолог және 26 орта буын медицина қызметкерлері, оның ішінде 4 тәрбиеші қызмет етеді.Мұнда балалар 3 жасқа дейін тәрбиеленбек. Ал психикасына зақым келмей орталық нерв жүйесі бұзылған және есту, сөйлеу қабілеттері жоқ балаларды 4 жасқа дейін тәрбиелейді. Одан бөлек, тағы бір топтағы балаларды «Сәбилер үйінің» әкімшілігі өз тарапынан 5 жасқа дейін тәрбиелей алады.Алақайлап жазатын ақпарат емес еді. Бірақ дүние есігін ашқаннан қоғамның қатыгездігін көріп, ата-ананың аялы алақанын сезінбеген сәбилерге жан жылуын беретін орталықтың ашылғанына қуанып жатқан жұртшылық көп. Ең болмағанда, балалар қарыны тоқ, киімі көк, дені сау болып жетіледі ғой.Ержан БАЙТІЛЕС,«Егемен Қазақстан».ҚЫЗЫЛОРДА.