• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Аймақтар 15 Шілде, 2019

МӘМС елордалық филиалы медицина ұйымдарына 50,4 млрд теңге төледі

485 рет
көрсетілді

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалы 2019 жылдың І жартыжылдығында мемлекеттік тапсырыс бойынша көрсетілген қызметтер үшін елордалық медицина ұйымдарына 50,4 млрд теңге төледі. Қаржы тегін медициналық кепілдендірілген көмек көлемінде (ТМККК) бөлінді.

«2019 жылдың І жартыжылдығының қорытындысы бойынша, Қормен келісімшарт жасаған қаладағы медициналық қызмет көрсетуші ұйымдарға 50,4 млрд теңге төленді. Бұл жалпы кепілдендірілген медициналық көмек пакеті шеңберінде бекітілген келісімшарт сомасының 52,5 пайызын құрайды», - дейді МСҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров.

2019 жылы МСҚ кепілдендірілген көмек түрлерін көрсетуге ұсыныс берген медицина ұйымдарымен жасалған келісімшарттардың жалпы сомасы 96 млрд теңгені құрайды.

Филиал басшысының айтуынша, жұмыс кестеге сай жүріп жатыр, бөлінген қаражат медицина мекемелерінің операциялық шығындарын өтеуге жеткілікті.

Биылғы жылы мемлекеттік тапсырыс аясында елордалықтарға 95 медициналық ұйым қызмет көрсетуде. Олардың ішінде 60 жекеменшік клиника да бар. 2018 жылмен салыстырғанда, биыл жекеменшік клиникалар саны 12-ге артып отыр.   

Естеріңізге сала кетсек, Медициналық сақтандыру қоры 2018 жылдан бастап тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакеттері бойынша  үкімет белгілеген шеңберде тұрғындар үшін қызметтерді сатып алушы қаржы операторы болып табылады. Яғни, халыққа көрсетілетін медициналық қызмет сапасы – Қор бақылауында.