Төтенше жағдайлардан зардап шеккен 150 бала сауықтыру шараларынан өтуге және уақытын жақсы өткізуге мүмкіндік алып отыр. Жас қонақтардың алғашқы тобын алматылықтар перронда қарсы алды. Парламент Сенатының депутаты Динар Нөкетаева да жас меймандарды қарсы алушылардың арасында болды. Сенатор жеткіншектермен әңгімелесіп, олардың бәріне демалыстарының жақсы өтуіне тілектестігін білдірді.
- Бүгінгі күні арыстық балаларға барлық жағдай жасалған. Балаларға арналған тамақтану және демалыс шаралары толық қарастырылды. Әр күнге әр түрлі ойын-сауық жоспарланған. Балалар денсаулықтарын түзейді, оларға медициналық және психологиялық көмек көрсетіледі. Сондықтан олар жақсы демалады деп ойлаймын, деді Динар Нөкетаева.